Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
7151 0 пікір 28 Ақпан, 2017 сағат 11:11

ПУТИН НАЗАРБАЕВҚА НЕ ҮШІН АЛҒЫС АЙТТЫ?

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин Алматыда кездесті. Әуелде бұл кездесуге БАҚ өкілдері қатысуы керек-тін. Бірақ, кездесу «жабық есік» жағдайында өтті.

Сонымен, Солтүстіктегі көрші елдің басшысы ОА-ға сапарын неге Алматыдан бастады? Айналасы екі күннің ішінде Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстанға сапарлайтындай Путинге аяқастынан не көрінді? Алматыдағы кездесу сыртындағы саяси жайттар турасында  сөз тарқатып көрелік.

Путин Назарбаевқа не үшін алғыс айтты?

Араға  11 жыл салып Алматыға келген Владимир Путиннің бұл келісі көп жағдайды аңғартты. Ол сөзінің «піссімілләсін» Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтудан бастады. Иә, бұл әдеттегі протоколға сәйкес дерсіз, десе де Кремль қожайыны Назарбаевқа тектен текке алғыс айтқан жоқ. Сирияның мәселесін шешуге бағытталған екі бірдей кездесу Астанада өтті. Бұған бастамашы болып, «Астанада өткізейік» деген Путин. Оған Асад жақтастары мен Ресей армиясы төпелеп жатқан Сирия оппозициясы, Түркия мен Иран және Ресей қатысты. Тіпті соңғы кездесуге келген оппозиция өкілдері РФ бомбасы қос аяғын жұлып кеткен кішкене қыздың қансырап жатқан суретін әкеліп көрсетті. Соғыстан келген сәлем еді бұл. Сөйтіп, Кремль автоматының қанын Астанада жуып бергендей болды. Сол үшін де алғыс айтуы тиіс-тін.

«В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздерді Астанада ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді», - делінген Ақорда таратқан ақпаратта. Сөзіміз рас.  Әуелде үшеу болып бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың іргесі сөгіліп, Белоруссия (Президенті Александр Лукашенко) Батысқа бет бұра бастаған соң, ТМД аумағындағы сенім артар жалғаз адам – Назарбаев еді. Енді мына жәйтқа назар аударыңыз, Путин ақпанның 27-сі күні Алматыға келіп, сол күні кештетіп Тәжікстанға аттанады дедік. Ал Бішкекке 28 күні жеке келді. Қазір ЕАЭО-ға мүше 5 ел бар. Қырғызстан мен Белоруссия бунт жасаған соң, Атамбаев та онша сенімді емес. Тек ала дорбасын қолтығына қысып алып құлшынып отырған жалғыз ел – Тәжікстан. Сондықтан, Қазақстан мен Тәжікстан сапары бір күнге жоспарланып, қиқар мінезді қырғыздарға үшінші күні ғана бару жоспарланса керек.         

КСРО-ны қайта құруды көксеген Путин

Алматы – Орталық Азияға кірер қақпа. Сондықтан да Путин сапарын символикалық түрде Алматыдан бастады. Дегенмен, Ресей Президенттері Алматыға аяқ басудан әлі күнге сескенетіні жасырын емес. Алматы – КСРО-ның талқанын шығарған батыр қала. Жә, кешегі кездесуге қайта оралайық. Биыл Қазақстан мен Ресейдің ресми түрде көршілес ел болып, қоян-қолтық арласып отырғанына 25 жыл. Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақ аясында екі елдің шекарасы реттеліп, сауда-саттық күшейуі керек еді. Олай болмады. Тек бір ғана мүддеге қызмет ететін ЕАЭО-ға мүше елдер іргесін алыстата бастады. Саясаткерлер ЕАЭО-ны Путин айтқандай ЕО-ның баламасы емес, КСРО-ны қайта құруға талпыныс ретінде таныды.

Дума ортақ азаматтықты қайта қозғады

Жоғарыда айтқандай, Путин Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтып жатқанда, Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулин ЕАЭО аумағында тұратын барлық адамға ортақ азаматтық берілуі керек деп көкіді.  Еуроодақты мысалға келтірген Затулин ЕАЭО тұрғындарына да екінші азаматтықты беру керек дегенді бекер айтқан жоқ.

«Может быть, имеет смысл говорить о втором гражданстве для жителей Евразийского экономического союза. Так же, как есть гражданство Евросоюза. Но этому препятствуют не только наши внутренние споры, но и позиция государств-членов ЕАЭС. Если одни, вроде Армении, к этому, в общем-то, склонны, то другие, например Белоруссия и Казахстан, этого не хотят», - деді сөзбе-сөз. Иә, бұл Ресейдің түпкі ойы ескі одақты қайта құру екенін аңғартады. Ортақ азаматтық деген – Тәуелсіздікті тәрк ету деген сөз.  Қазақстанда заң жүзінде қос азаматтыққа тыйым салынған.

Путин Гаага сотында жауап беретін болды

Бұл арада тағы бір мәселеге назар аударған жөн. Алматыда Астанада өткен Сирия келіссөздері туралы сөз болды. Қазақстан Президенті әлемдік саясат сахнасында бітімгерлік миссиясымен танылып жүрген тұлға. Тіпті, ядролық қарудан бас тартты. Астана дауласқандар мен жауласқандарды татуластыру алаңына айналды. Нұрсұлтан Назарбаев осыған дейін алты мәрте Нобель сыйлығына ұсынылған. Осы жолы тағы бір мәрте бақ сынап көрмек. Путиннің алғыс айтты,  Швейцария Нобельге ұсынды. Енді ақырын күтеміз.

Ал бұл арада Гаага Путинге қатысты алғашқы сот отырысын 8 наурызға белгіледі. Украинаға қатысты басқыншылық жасады деген күдікке ілінген Ресей «Халықаралық конвенцияны бұзды, терроризмді қаржыландырды және нәсілдік дискриминацияға жол берді» деген айыптаулардың астында қалған Кремль және оның қожайыны Гаага сотында жауап беретін болды.

Ақорда мен Кремль таратқан ресми ақпараттарға назар аударсақ, Ресей Президенті өз елінің жаһандық мәселелерді шешуде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қолдауынан үмітті екенін жеткізді. Кездесу соңында тараптар Еуразиялық интеграция аспектілерін және экономика саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір