Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әдебиет 8436 0 пікір 1 Наурыз, 2017 сағат 12:23

Т.ШАПАЙ ӨТІРІК ПЕН ШЫНДЫ НЕГЕ ДОС ҚЫЛДЫ?

«Жығылған – күреске тоймайды». Тұрсынжан Шапай шығармашылығын қаузауға («талдау» деуге ауыз бармай тұр) арналған тағы бір мақаламызды бастадық.

«Тұрсынжан – құбылыс» деген едік өткен бір жолғы мақаласымағымызда. Артынан «Соны бекер айттық па» деген өкініш оянып, біраз мазалады. Тұрсынжан құбылыс болмағандықтан емес, әрине. «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген бар емес пе, «шама келмес жұмысқа бекер киліктік-ау» деп.

Бірақ… бір түсініксіз жағдай… шарты пісіп-жетіліп тұрған шаруаға шамасы келетіндер (қасақана, әлде басқа себептен) араласпай қойса, адамға… тағы қиын екен. Ауыр екен. Шыны керек, осы «үнсіздік» кейде көкейге «осы бадырайып тұрған нәрсені (әлгі құбылысты ғой баяғы) тек мен ғана байқап қалдым ба?» деген «шайтани ой» жүгіртеді екен. Содан барып… қарап тұрып «бүлінеді» екенсің. «Бармаймын» деген жерге тағы «барады екенсің». Өткен жолы да солай болған – «естиміз-ау» деген  бұрын-соңды болмаған сұрапыл сөздерді «ести алмаған соң» барып едік. Шамасы, осы жолы да…

Иә, осы жолы да солай болайын деп тұр. Тек бір өзгешелігі, алдыңғы мақаласымағымызды оқыған кісілер «Шапайдың құбылыс екенін дәлелдей алмапты» депті. Намысты жанитын осы бір сындарлы сөз де қамшы болды, әлгі «жеңімпаз қарсыласпен» тағы бір рет айқасып көруге дәт еттік. «Жығылған – күреске тоймайды».

Пендесің ғой, кейде отырып ойлайсың: жаңағы айтқан белгілі «үнсіздіктің» өзі Шапайдың құбылыс екеніне дәлел ме деп. Құбылыс болмаса – дәлелдеу қиын болмаса, жұрт неге тыныш? Қатардағы қаламгерлер туралы жазғанда жоқ жерден «Америка аша» қоятын «білгіштер» неге аузына су толтырып алды? Нар қайысар салмағы мойнымызға түсіп отырған соң, қапысыз сезінудеміз: жаңа нәрсе туралы жазудан асқан қиын жоқ. Өйткені, ол шыт жаңа дүние ғой… жазып кетудің үлгісі жоқ! Қанша жерден сезіп, танып тұрсаң да, қайдан бастап, қай жерден тоқтатарыңды білмейсің. Қысқасы, тақыр жерден «мұнара тұрғызуыңа» тура келеді. Міне, осы «әуреден» қашады, айнала әлі «жым-жырт». Әйтпесе, мен көргенді басқа жұрт көрмеді дегенге кім сенеді! Көрді, байқады, күмән жоқ… бар болғаны, жаңа нәрсе туралы жазудың машақатынан «қашады». Әлде… санасындағы соңғы тұжырымның әбден «пісіп-жетілуін» күтуде ме екен? Білмедік. Бір анығы, жұрттың бәрі біз секілді ұрыншақ емес, әліптің артын бағады. «Дәлелдей алмапты» деген сөз – ауыр.

Біз бұл жолы, шамамызға қарамай, Шапай шығармашылығын үлкен аяда қарастырып көрсек деп отырмыз. Өйткені, кей жағдайда, қолдағы дүниені өзгемен салыстырып қарағанда ғана «бары» мен «жоғы» бадырайып көрінеді. Сол тәсілге үміт арттық.

Өздеріңізге белгілі, біздің өткен ғасырдың басында ғана қалыптасқан көркем прозамыз өзінің соншама жастығына қарамай өте кең тақырыптық-мазмұндық аяны қамтыды. Жеткен сапалық биіктігі – басқа әңгіме, құлашын тым еркін сермеді. Санамалап айтар болсақ, өткен-кеткен тарихымыздың талай кезеңі құлаш-құлаш «ұлы әңгімелерге» арқау болды. Ұңғыл-шұңғылы терең тексерілді. Кейде, тіпті, қызды-қыздымен өз аумағымыздан асып, өзгенің өткен күнін тінткілеп кеткен кезіміз де болды. Мейлі ғой, шама келіп жатса, несі айып! Соның арқасында, тарихи-шежірелік прозамыз құрыштан құйғандай болып, қапысыз қалыптасты. Бұл жай ғана тақырып мәселесі емес, үздіксіз үдеріс тудырған көркемдік-тәжірибелік мектеп болғандықтан, мұны қарасөз өнеріндегі бір үлкен бағыт ретінде қарастыруға әбден болады. Бір деп қойыңыз. Екінші, осы әлдеқашан ғайыпқа сіңген өткен өмірді тірілпек болған жанкешті шығармашылық еңбек төңерегінде көшпелі өмірдің сан тарау сырларын қаузайтын мықты әдеби дәстүр орнықты. Бұған кейінгі ұлттық өмірді, мұндаға дейін жалғасып келген, сарқыншағы әлі де сақтаулы, бөгенайы бөлек қазақы тіршілікті көрсететін көркемдік ізденісті қоссақ, сөз жоқ, тағы бір бағыт – көшпенді өмір шежіресі сұлбаланады. Үшінші, әрине, Бейімбеттен  басталып, дәл бүгінге дейін шынжырын бір үзіп көрмеген, отырықтанған, ірге бекітіп, егіншілікпен айналысқан  қазақтар тұрмысын суреттейтін ауылдық бағыт. Бұған жақындық сипатында қарай, аз да болса шеті бұзылған, тиіп-қашып болса да жазылған, қала тақырыбындағы прозаны қосуға болады. Төртіншісі, дау жоқ, Аймауытовтан басталатын, Тахауи  Ахтанов, тағы басқалар ары жалғаған, ал Әбіш Кекілбаев тұсына келгенде ұшар биікке көтерілген қазақтың психологиялық прозасы. Аманхан ағам Асқар Сүлейменов прозасын «интеллектуал проза» деп атап, жеке отау тігіп бергісі келеді. Мен ол кісіні де, соған қоса, Әбдіжәмил Нұрпейісовтің кейінгі прозасын осы, соңғы бағытқа жатқызар едім. Ал, енді бір тоқтап, ойланып көріңіз, осы… оңай кеңістік пе?

Сөз жоқ, оңай ауқым емес. Оңай кеңдік емес. Бірақ, соған қарамай… енді біліп отырмыз, бұл ая тағы кеңейеді екен… және далияды екен. Міне, парасат! Сірә, жаңалық деп, құбылыс деп осындай төтен ерлікті айтатын болса керек!

Бесінші бағыт, тіпті, алтыншысы десеңіз тағы өзіңіз білесіз, маңызды емес, біздің ұлттық қарасөз өнерімізде жаңа көркемдік көкжиек ашылыпты, бұрын-соңды қазақ қанды қаламгер барып көрмеген соныға түрен салынып, тың тақырып игеріліпті, соның арқасында қазақ прозасында жаңа бір эстетикалық-көркемдік деңгей бағындырылған! Жалпы адамзаттық, қала берді туған халқымыздың басып өткен ұзақ тарихында түйінделген, содан барып түпкілікті құндылықтар қатарына қосылған өмірлік-дүниетанымдық, моральдық-этикалық тұжырымдарға өз тұрғысынан, өз уақыттының биігінде тұрып тағы бір қарап, талабы өзгерген жаңа заман таразысына қайта бір тартып көруге тырысқан бұл туындыларға, алғашқы адымда, әлеуметтік-психологиялық, қоғамдық-философиялық деген сипаттама беріп, ары қарай хал-қадірімізше қазбалай түссек, бойындағы басқа да қасиеттер мен ерекшеліктер, әңгіме барысында, ретіне қарай, су бетіне шығар деген үміттеміз. Олай болса, сөзді көп созбай, сол шаруамызға кірісейік.

Мәселен, автордың, яғни, Тұрсынжан Шапайдың «Айна сарай» әңгімесі. Адам жайындағы, кісі баласының өзге емес, өзі жайындағы, оның әрекеті туралы емес, болмысы, табиғаты хақындағы басалқы баян.

Білесіз, адам баласы – мәңгілік тақырып. Бірақ, әр ғылым саласында әр қырынан қаралады. Көркем әдебиетте көбінеки қаһарманның (адам) тіршілік мақсатынан туындайтын іс-әрекетінің барысы қаузалады. Ал, экономика ғылымыда өндіргіш күш ретіндегі еңбек күштің (адамның) қатысқан еңбегі және оның жаратқан құны таразыланады. Даналық ілімі саналатын пәласапада пенденің жеке бастық қасиеттері қарастырылады. Мысалы, Абай атамыз «Адам – бір боқ көтерген, боқтың қабы» деп тұжырған. Олай емес деп көріңіз! Ал, баяғының ойшылы Аристотель «Адам – саяси хайуан» депті. Гете «Адам – тәрбиенің жемісі» деген. Енді кеше ғана дүбірі жер жарған Мартин Хайдеггер «Адам өзінің кім екенін біледі, бірақ, мойындамайды» деді. Тұрсынжан ағам да осы көзқарасқа бейім. Шығармасының сіргежиярында, күллі адам баласына арнап айтқан «Өзіңді өзің таны…» деген (адам туралы бұл да бір тұжырым) Сократтың сөзін келтіргенімен, сарайдағы өзін түрлі қырынан көрсететін барша айналарды аралап келіп, соңғы есепте, өзінің дәл бейнесін көрсететін ақырғы айнаға қарағысы келмей, бір қойып, быт-шытын шығарып тынады. Өз қолымен. Демек, «Мен» өзінің кім екенін, айнадан нені көретінін біледі. Білмесе, өйтпес еді – жақсы сипатта көрініп қалам ба деген тағы бір үміт ондайға барғызбас еді. Саналы оқырман тегіс оқыды деген оймен әңгіменің толық барысын бұл арада қайталауды артық санадық.

Енді «Өтірік пен шынға» келейік. Бір қарағанда, өте ескі, әбден сілікпесі шыққан тақырып. Оқып шыққанда, басқа тұжырымға тап боласыз да, шұғыл жиналып аласыз. Иә, бұл да әдебиетте адамның қасиетіне айналып, бір мінезі ретінде көзге түскен талайғы «таныс» болғанымен, негізі, философияның, соның ішінде психологияның «еншісі». Бірақ Тұрсынжанның жазуында басқа қырынан сұлбаланады. Тіпті, шығармадағы бас кейіпкерлер ретінде бірден көзге түседі. Өтірік пен шын – екеуі де. Жаңа туған жанр мүмкіндігінің кеңдігі сонша, автор тым еркін қимылдайды. «Тариxтан бірер сөз» деп аталатын бірінші бөлім, ертегілік тәсілмен, «Есте жоқ ерте заман еді. Өтірікке де, шынға да мұқтажы жоқ бейбіт елге дүниенің екі қиырынан Екеу келді» деп авторлық баяндаумен басталатын әңгіме, «Менің достарым» деп маңдайшаланған екінші бөлімде «Жұрт қатарлы мен де осы екеуімен жақын араластым….» деп бірінші жаққа секіріп өтіп алады да, сөзді ары жалғап әкете береді. Бір қарағанда «ойын ережесі» бұзылғандай көрінгенімен, оқып отырғанда ешбір селкеу білінбейді. Сезік қалмай, табиғи жымдасады. Оны айтасыз, кейіпкерлердің қасиетін аша түсуге сондай бір епті қолайлылық туған. «Менің достарым» болғандықтан сырлары белгілі ғой, соны қаз-қалпында айтып шығады. «Өтірік» пен «шынды»  онсыз да жақсы білетін біз еш күмәнсіз нанамыз. Алда не болар екен деп ентелей түсеміз. Дағдылы түсінік бойынша, ешқашан отаспайтын екеуі екі айырылып кетуі керек еді. Бірақ, шешім басқа болып шығады. Мүмкін емес жағдай – екеуі татуласып тынады. Себеп, талқыны таусылуға тақаған шындыққа ары қарай өмір сүру керек болады. Өтірікке еріп, жалған айтпай-ақ қойсын, тек қасында қалып, жанында жүрсе… жетіп жатыр. Кейін не боларын, әрине, уақыт көрсетеді.

Осы әңгімеден білдік, осындай да таңдау болады екен. Тұйықтан шығуға қалған жалқы жол. Ал өзінің жолын жауып алғандар – кім болса, ол болсын, ақылдылар емес.

Рас, қазақта «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген сөз бар. Бірақ, өтіріктің қасында жүрген әнеу бір қисын деген жылмағайдың бетін майлап алған «шын» екенін мен осы әңгімені оқыған соң білдім. Ал, сіз бұрыннан білетін едім десеңіз, өзіңіз білесіз.

«Дауыстар мен жаңғырықтар». Бұл баяғы диалектикалық матреализмде көп айтылатын «Ақиқат пен өсек» мәселесі. Ақиқат жолы – бұралаң, ал, өсектің өмірі – ұзын. Мынау соның әдебиетте көрініс тапқан өзгеше формасы. Әңгімедегі дауыс – ақиқат – керанау (пассив), ал, жаңғырық – өсек – өте белсенді, әрекетшең және өміршең. Мың жылдардан бері жасап келе жатқан қақсалдары да бар екен арасында. Автормен бірге аралап, солардың ішінде жүресің. Әңгімені оқып отырғанда, екеуінің де дыбысын естігендей боласың. Бірақ, өмірде бұл оншалықты оңай нәрсе емес. Адасқан ағымдардың ортасында жүрген кісінің ешқашан өзін адастым деп ойламайтыны – содан. Бұл арада «меннің» үлкен бір қасиетін атап өтуіміз керек: ол дауыс пен жаңғырықты парықтауға қабілетті. Бәлкім, ілгері адасып жүріп, осы деңгейге әрең жеткен шығар, ол жағы белгісіз, «Дауысты іздеп, жолға шықтым» дейді. «Дауыс па екен деп, жаңылып, қаңғырған әр жаңғырыққа бір ұрынып, әбден шаршадым» дейді… «О бастағы ойым – егер табылмаса, жаңғырыққа жаңғырық жалғап шуласқан мына мезі дүниедегі бар жаңғырықтың басын қосып, дауыс жасаймын ба деп едім… Қолымнан келер емес… » дейді. «Меніңше, Дауыс – қайталанбауы керек. Біз сияқты Дауыс іздегендер Жаңғырыққа алданып, ғұмырын тауыспауы керек… Бірақ дауыстар жаңғырық таратуға құмар… Олар бір-біріне үн қатпайды, дауыс та қоспайды… Бір-бірін мүлде естімейді де. Олар – жаңғырыққа сенеді» дейді. Міне, мәселе қайда жатыр? Менің білуімде, дауыстарда шара жоқ. Алдына келгенге үн қатады, «дәріс» өтеді. Оны (алдына келгенді) өзі секілді дауыс екен деп ойлайды. Бірақ, дауыс болу қиын. Бөгет көп. Объективтісі бар, субъективтісі бар, біраз санды құрайды. Солардың бәріне басын соғып жүріп, ақыры өзі де жаңғырыққа айналып кетуі әбден мүмкін. Жалпы, әлсіз жаратылған пенде баласы қашанда пенделігін істемей тұра алмайды. Сондықтан да дауыс – аз, жаңғырық – тола. Сіз «Мен» деген данышпанға қосшы болып, оған жаңғырық іздескендіктен, қиналған жоқсыз, әйтпесе, сіз де солардың біріне ілесіп, мәңгілікке қаңғып кетер едіңіз. Сондықтан, аз да болса, дауыстардың болғанына шүкіршілік етейік. Тіпті болмаса, «мен» айтқандай, жүректің үніне құлақ түрейік. Абай атам айтпай ма, «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме!» деп. Бірақ, жүрекке сүңгу үшін де жүрек керек-ау. Сол жағы қиын, құрғырдың!

Жалпы, пенде үшін бүкіл өмір – қиыншылық. Сондықтан да, Абай атам «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген. Басқа қиыншылықты айтпағанда, жұмыр басты жаратылыстың жаңғырықтың өзіне алданып, жапан далаға қаңғырып кететінін білгендіктен сөйдеген ғой, жарықтық! Біліп қойыңыз, пәләсапаға әдеби формада араласу дегеніңіз осы болады. Ғылыми-академиалық формада жазса, мәселе дәл осы деңгейде ұғынықты болмас еді. Оқыдық қой кезінде, бірақ, сол диалектикалық материализміңіз құлаққа кірді ме? Қайда қалды өзі? Маркстің жаңғырығы болып басымызды әбден қатырып-қатырып алып, ақыры, түкке жарамай, осыдан біраз жыл бұрын далада қалды!

Автордың тағы бір тамаша әңгімесі – «Құлан құдыққа құласа…». «Құлағында құрбақа ойнайды» дегенді жалғай салу – оңайдың оңайы, әрине. Бірақ, соңғы көркемдік шешім біз күткендей болмай шығады. Құдыққа құлаған құланның құлағына көтерілген бақа онда ойнақ салмайды, өмір-бақи күткен осы қолайлы сәтті пайдаланып, сыртқа қарай секіреді. Далаға шығады. Оқырманның ішіндегі дайын «жауап» тас-талқан болады. Өйткені, құрбақа құлақ ұшында ойнамады ғой, керісінше, қарғып, түзге шықты. Оқушыны енді мүлде күтпеген «енді қайтер екен» деген үрейлі ой бүрмендейді. Ескі мәтіннен жаңа мән тудыру деп, сірә, осыны айтады.

Сыртқа шыққан құрбақа не күйге түсті? Ендігі мағына осында.

Жарық дүниеге шығып, мұратына жеткен бақа жан-жағына таңдана қарайды. Мұндай кеңдікті бұрын-соңды көрмеген ғой өйткені! Әлден уақытта есіне өзінің сыртқа шығуына себеп болған құлан түседі. Барып, сөйлеседі. Құланның айтқанынан «Бақаның ұққаны – жаңа ғана өзі тұтас дидарын алғаш көріп, көзі қарыққан жарық дүние соншалық кең де емес сияқты… Бұл бер жағын ғана көріпті. Ар жағы – Бақа әлі білмейтін, тіршілік үшін жан беріп, жан алысқан толассыз қиян-кескі… »

«Сөйтіп, сол арада, Құланның демі үзіліп, кете барды. Бірақ оның аянышты өліміне Бақа ұзақ қайғырып отыра алмады. Ту сыртынан ысылдаған зәрлі дыбысты естіп, төніп келген қатерді бар түйсігімен сезіне, қарбаңдай бұрылған. Таяқ тастам жерде айыр тілі сумаңдап, басын қақшита көтеріп, оқтаудай шұбар жылан жатыр екен». Міне, кең дүниенің бақаның алдына тартқан «табағы».

Бұл арада мәтіннің екі мәтелден құралғанын айта кеткен жөн. Бірі «Құдықта жатқан бақа аспанның кеңдігін құдықтың аузындай-ақ деп ойлайды» болса, екіншісі, әрине, әлгінде ғана айтқан, «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды». Әңгімеде екеуінің мазмұны бірігіп, тұтас бір денеге айналған. Сөз жоқ, шеберлік. Негізі, халықтық әдебиетте бұл жанр, яғни, мағынаны хайуанат не жәндіктердің ұқсас сипаттарына жүктеп, теліп айтатын мысал не тәмсіл жанры ежелден бар. Кейбір шығыс халықтарының әдебиетінде, тіпті, керемет дамыған. Ұмытылып бара жатқан осы тәсілді автор бүгінгі күнге лайықтап жаңғыртқан екен, құп алғаннан басқа айтар жоқ.

Айтпақшы, жыланның арбауында қалған «Бақамыз  – дін аман». Оған дәлел – оның басынан өткен осы оқиғаның бізге жетуі. Ол тірі болмаса, бергіге кім айтып берер еді осыншама мағыналы әңгімені?!

Енді «Шырмауық». Ежелден ел білетін шырмауық туралы әңгімені еске салғанымен, басқа. Онда шырмауықтың өзі жеке-дара өмір сүре алмай, ылғи басқалардың есебінен күн көретіні, өзгеге жармасып, өркен жаятыны тәмсіл етілетін. Ал, мынада автор ескі мәтіннен жаңа мазмұн тудырған, мағынаны тереңдете түскен. Жапондардың (өзіміздікі болуы да мүмкін) ара туралы, олардың өз патшасын қалай жақсы көріп, сол махаббатымен қалай қысып, күн көрсетпей, ауа жеткізбей, арам өлтіретіні жайындағы мысалының айтпағын айтқызады. Халық тәмсіліндегі шырмауықтан бір өзгешелігі: ондағы шырмауық өзі шырмалып, биіктеген өсімдікке, тірек болғаны үшін, рахмет айтып, ризашылық білдірмегенімен, қас қылып, жаулық жасамайтын; ал, мынада жаңа заманның азғындаған шырмауықтары қатегездікке барады, сондай жауыз: жер бетінде енді қылтиған жас шыбықтың, соншама төзімділікпен, бәйтерек болатын ұзақ болашағын күтеді, тек ұлы дараққа айналғанда барып іске кіріседі және түбі алып соғады. Әлгінде сөз қылып өткен, «Құлан құдыққа құласа»-дағы жеңілген құланға тиіспейтін ежелгі заңды бұзып, еш қатысы болмаса да, өзі өлмелі күйге түскен сорлы құланды «азғындаған ұрықтан пайда болған аямас ұландар, жаңа заманның жас құландары тапап-жеп қоя жаздап, құдыққа құлатып», жоқтауын асыратынын қайта бір еске салады. Демек, ұрпақ жаңарса, оған ілесе жазылмаған «заңдар» да жаңарады. «Ойыншылар» жаны қатая түседі. Бәлкім, тіпті де қатыгез болып тынар. Қырағы автор ойшыл ретінде соны байқаған және оны шығармасының өн бойына сыздықтатын енгізіп отырады. Идея тереңдей түссе, шығарма да ширап, кемелдене түседі екен.

Міне, сөйтіп, бесінші деңіз, алтыншы деңіз (шартты нәрсе ғой), өзіңіз білесіз, қадірі артық қазақ прозасында жаңа бір бағыттың бағдары сұлбаланыпты. Қоғамдық-психологиялық, әлеуметтік-философиялық терең мазмұндарды қаузайтын, заманға бейімделіп, жаңғырып, түрлене түскен бұл ежелгі мысал-тәмсіл мектебін ары жалғаймын, тіпті де орнықтыра түсем десеңіз, тағы еркіңіз, ойлы оқырман. Мұның көзге көрініп тұрған бір артықшылығы – нысана еткен қарауылға, бұрынғыдай алыстан орағытпай, атқан жерден дәл тигізіп, бірден ішке еніп, сол арада төңіректі тереңдей қазып, үңгіп кетуге (әрине, шама келсе) қолайлы-ақ екен. Байқамаса, тағы, публицистикамен оп-оңай шатастырып алуға болатындай. Бірақ, қолданылған форма әдебиеттікі. Тіке авторлық баяндау жоқ, есесіне, нақты, тірі кейіпкерлер «ойын» ойнайды. Айтар ойы соның ізімен ілбіп, бірте-бірте зорайып, күжірейе бой көтереді. Содан соң көз алдыңыздан мәңгілікке кетпестей болып қалшияды да қалады. Мұның мысалын жоғарыда аз келтіргеміз жоқ. Ендігісі артық.

Осыған қосып айтар тағы бір жай, Тұрсынжан шығармалары о баста, көбінеки, бүгінгі күн – осы заманды қараға алатын. Соңғы уақытта бағыты, мүлде демесек те, ептеп өзгерген сыңайлы. Бәлкім, өзін-өзі қайталаудан (сондай бір сезік білінген) қашты, әлде, жаза келе, тәжірибесі толыса келе, өсті, биік кеңістікке қол созыпты. Бізге ғана тән емес, күллі адамзатқа тиесілі, жалпыға ортақ түйткілдерді өз тұрғысынан тексеріп көруге талпыныпты. Дұрыс әрекет. Негізі, өз халқына не керек екенін білген адамға, әлем деген түк емес.

Сірә, осы айтқан… бағыттағы өзгерістің әсері болар, жазушының жазу стиліне де өзгеріс енген. Алғашқы «Қазақтың жаны» жинағына кірген шығармаларында сатиралық, сарказмдік сипат басым еді, ал, мына, кейінгілерде ол жоқ. Есесіне, терең толғаған ой-толғамдар кезек алған.

Осы екі ерекшелікті қосақтай келгенде, жазушы өскен, шығармашылық ізденісте жаңа бір деңгейге көретілген деген қорытынды шығаруға болатындай. Ал бұл ізденістің алда да жалғаса беретініне біз кәміл сенеміз.

Ұмытып барады екенбіз, енді жанр жайында бірер сөз. Жанры не, немесе, бұл жанрды не деп атауға болады? Біз, өзімізше, сөз арасына сыналап, жеке ойымызды жұрт алдына тарттық. Есіңізде болса, бір жерде «заманға бейімделіп, жаңғырып, түрлене түскен ежелгі мысал-тәмсіл» жайында айттық. Сонымен тоқтап қалмай, ол «кейбір шығыс халықтары әдебиетінде, тіпті, керемет дамыған» дегенді де үстедік. Осы сөзімізде, рас, шындық бар. Мысалы, кейде үнді халқынікі деп те айтылатын, одан әлдеқайда терең мәндік айырмашылығы бар бір тәмсіл Жалаладдин Румида кездеседі… соны келтірейік.

Аспан асты, жер үстінде ондай хайуанат барын білмейтін бір елге біреу пілді алып барады. Оны үңгірге қамап қойып, тұрғындарға көрсетеді. Ішке кірген әркім бейтаныс мақұлықтың әр жеріне кездесіп, қолымен сипап, өзінше тұжырым жасап шығады. Соңында «Піл қандай айуан?» деген сұраққа өз тұрғыларынан жауап береді. Бірақ, ешқайсынікі дұрыс болмай шығады. Пілді сыртқа алып шыққанда, тұрғандар «затты толық көрмей тұрып ол туралы ешқандай байлам жасауға болмайды екен ғой» деген тоқтамға келеді. Шығарманы кейінгі талдаушылардың айтуынша, осы тәмсілмен Руми: «Жарық – ақиқат, ол түспеген жердің бәрі қараңғы» дегенді жеткізбек болған. Мұндай туындылар шығыстың басқа ғұламаларында да кездеседі. Содан жұғысты болған десек, аса қателесе қоймаспыз, бұл біздің халықтық әдебиетімізде де бар. Ештеңе жоқ жерден пайда болмайды ғой, Тұрсынжан туындылары осы терең қайнарлардан тамыр тартып, нәр алған дегенді, біз, осы тұста, тағы қайталағымыз келеді. Әрине, дәл өзі емес, көркемдігі жетілген, тартымдылығы артқан, түрленген жаңа формада.  Қайталап айтамыз, біздікі тек ой, ұсынысқа жақын уәж. Ал жаңа жанрдың нақты не екенін білу үшін, сөз жоқ,  Бекен ағам (Ыбырайым) айтпақшы, автордың өзінен сұрауға тура келеді. Ең дұрысы – осы.

Серік НҰҒЫМАН

«Ақ желкен» журналы, №2

Ақпан, 2017 жыл

0 пікір