Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3870 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:37

Бөдене баққан қазақ

 

 

Қызылорда қаласының тап іргесіндегі Тасбөгет кентінде тұратын Жұмабек Игембаев ағамыздың ел арасындағы сирек кәсіптің түрі – бөдене бағумен айналысып жүргеніне біршама жылдың жүзі болды.
Сол кездерде облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған А.Смирнов кейіннен Солтүстік Қазақстан облысына басшылыққа барғанда, Жұмекеңе сол жақта қызмет атқаруға қолқа салады. Досының ұсынысын қабыл алып, досымен бірге Солтүстік Қазақстан облысында қызмет атқарады. Денсаулығы сыр беріп, кезекті еңбек демалысында туған жерге келгенде, дәрігерлер әртүрлі болжам айтқанмен, нақты диагноз қоя алмайды. Инфаркт алып, аурухана төсегіне де таңылады. Бұл хабарды естіген солтүстіктегі достары «дертке дауа» деп, бөдененің жұмыртқасын Омбыдан арнайы алдырып, Қызылордаға жөнелтеді. Бөдене жұмыртқасын ішіп, Жұмекең тәуір болады. Осыдан кейін дертіне шипа болған бөдене жұмыртқасын ел игілігіне жарату үшін осы кәсіппен айналысуға көңілі ауады. Осылайша тың тірлікті меңгеруге ұмтылып, Петропавлдан оншақты бөдене алдырды. Міне, содан бері біршама уақыт өтіп, құс басы көбейіп, үлкен үйдің бір бөлмесі құсқа толды. Құдай қосқан қосағы Шәмшия апай да Жұмекеңнің бұл ісін қош көріп, құстарды күтімге алған.
Үй иелері аталған құстың талай құпиясымен бөлісті. Балапандар инкубатордан 17 күнде шығады екен және ширақ болады. Бірден жем-су беруге болады. Бөдене жылына 300 жұмыртқа туады. Қызық дерек: Бөдене — құс тұмауы, сальмонеллез ауруына ұшырамайды.
Бөдене жұмыртқасынан дайындалған тағамды тұтынатын адамдарда радиациялық аурулар жеңіл түрде болатыны дәлелденген.
Бөдене жұмыртқаларының емдік қасиеттері ертеден белгілі. Оларды демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іріктелетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қан тамырларының жетіспеушілігін, рахит, қаназдық, сәуле ауруларын емдеуде қолданады.
Бөдене жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында таптырмайды және адам бетінің түсін жақсартады. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының негізінде әртүрлі маскалар мен кремдер шығарылады.
Бөденелердің басты артықшылығы – олардың кішігірім шұбар ала (түрлі-түсті) жұмыртқалары. Олар витаминдермен амин қышқылдарына өте бай, гипоаллергенді. Бөдене жұмыртқаларын жүйелі пайдалану ағзаның әртүрлі ауруларға, оның ішінде туберкулезге қарсы күресуін жоғарылатады. Оларды шикі күйінде пайдалану – кезінде Чернобыль апатынан сәулелі ауруға ұшыраған балаларға көмектескен.
Елімізде атом сынақтарының зардабын тартып отырған аймақтар жеткілікті. Оған қоса, бүгінгі күні туберкулез ауруының дендеп тұрғанын ескерсек, бөдене өсіру бізге қажет екендігі сөзсіз.
Әлия Бекбанова, Қызылорда қаласындағы №2 емхананың дәрігері:
– Сыр өңірінде демікпе, туберкулез, жүрек, өкпе, қаназдық, асқазанның зат алмасуының бұзылуы аурулары жиі кездеседі. Ал бөдене жұмыртқасының мұндай аурулармен ауырғандарға тигізер пайдасы мол.
Сапар Таңатаров, тарихшы:
– Тарихи деректерде бөдене жайында талай қызықтар жазылған. Бөдене еті патшалар мен ақсүйектердің жеңсік асы болған және дастарқанынан үзілмеген. Баланың иммундық жүйесін нығайтуға да септігі зор. Жапондар екінші дүниежүзілік соғыста атом бомбасы жарылған қала тұрғындарына бөдене жұмыртқасын берген.
Мұхтар Байбатшанов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, бөдене зерттеушісі:
– Бөдене көптеген үй құстары сияқты құнды диеталық ет пен жұмыртқаның қайнар көзі болып табылады.
Қазақстанда кең тараған Жапон сұр бөденесін ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап АҚШ-та лабораториялық жануар ретінде пайдалана бастады және «Аполлон» бағдарламасы бойынша, космостық зерттеу жүргізуге қатыстырылды.

 

 

Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір