Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3733 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:34

Мәриям ӘБСАТТАР. Орал Таңсықбаевтың атын ғана емес, затын да қазаққа оралту қажет!

 

 

«Ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» дейтін алашапанды акаларымыз түркі тектес бауырларынан тек Алпамысты ғана бөліп алумен шектелмей, басқа да тұлғаларды өзімсінумен жүр десек өтірік болмасы хақ. Соның бірі қазақтың қылқалам өнерінің негізін қалаушы, КСРО халық суретшісі, Орта Азияда ең алғашқы болып танылған ірі кәсіби суретші – Орал Таңсықбаев. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда тұрып, жұмыс істеген өнер тарланы, академиктің 1938 жылы Қазақстан Мемлекеттік опера және балет театрында В.В.Великановтың алғашқы ұлттық балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымын безендіріп, сахнаға шығарғаны баршаға аян. Содан кейінгі өмір жолында Ұлы Отан соғысына қатысып, кейінірек Ташкентте қызмет істеген Орал Таңсықбаев өзбек қылқалам өнерін биік шыңға көтерген. Сонысынан өзбек ағайындар қазаққа қимаған тұлғаның өзі болмаса да, есімін елге оралтқан ұлт жанашыры, марқұм Өзбекәлі Жәнібеков 1992 жылы еліміздегі Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне әйгілі тұлғаның атын бергізді. Күні кеше Ә.Қастеев атындағы мемлекеттiк өнер мұражайында осы О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 70 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанаты болды.
Осы 70 жыл ішінде Кеңестер Одағы мен ҚР халық суретшілері – Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Исмаилова, Хакімжан Наурызбаевтармен қатар, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Салахитдин Айтбаев, Ағым Салы Дүзелханов, Әмен Қайдаров сынды тұлғалар түлеп ұшқан оқу орны мерейтойының Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында өткізілуінің өзі тектен-тек болмаса керек. Оның ең басты себебі қазақтан шыққан қос қылқалам шебері бір жылы, яғни 1904 жылы дүниеге келіп, араға үш-төрт айдай салып, бір шамада қайтыс болған. Өмірде бір-бірімен айырылмас дос та болыпты.
Құдайберген Болатбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының роректоры, профессор:
– Бір өкініштісі, О.Таңсықбаевтың елімізде бірді-екілі ғана туындысы бар, қалған 90 пайыздан астам еңбектерінің тұпнұсқасы Ташкентте тұр. Біздің қолымыздан келгені тек 2004 жылы ол кісінің туындыларының альбомын шығару болды. Орал атамыздың атындағы жалғыз оқу орны өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында осы жағын қолға алып, Таңсықбаевтың Ташкенттегі жеке мұражайымен жақсы байланыс орнатса. Ол кісінің атындағы оқу орнында оқитын жас жеткіншек суретшінің түпнұсқа туындыларын көзбен көріп, қолмен ұстауы керек қой. Онымен қоса, О.Таңсықбаев атындағы түрлі байқаулар ұйымдастырылып, сыйлық ұсынылса. Суретші еңбектерін жанрлық жағынан талдап, ғылыми еңбектер жазу жағы қолға алынуы керек.
Таңсықбаев туындыларының барлығында дерлік қазақ даласына, еліне, жеріне деген сағыныш тұнып тұрғандай көрінеді. Және бір айтарлығы, ол кісі сурет салғанда Құрманғазының күйлерін тыңдап отырады екен. Білетіндердің айтуынша, Отанына оралғысы келген Орал Таңсықбаевқа кеңестік жүйе кедергі келтірсе керек. Өзбекәлі Жәнібековтің О.Таңсықбаев атына оқу орнын бергенде, түбінде тұлғасын керек етіп, халқымен қауыштыратын ұрпаққа иек артқаны ақиқат.
P.S. Бізден гөрі өнерді өзбек халқы жақсы бағалап, өнер қайраткерлеріне  арнап бір емес, 18 үй салған екен. Ал бізде тіпті қазақтың беткеұстар суретшісі Ә.Қастеевтің өзі тұрған үйін әлі күнге мұражайға айналдыра алмай отырған жай бар. Әрине, осыдан кейін Орал Таңсықбаев сынды тұлғаларымызды өзгелер иемденбегенде қайтсін?

 

 

Мәриям ӘБСАТТАР
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3540