Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Тарихтың бір күні 9905 0 пікір 29 Қараша, 2016 сағат 22:34

ЕЛБАСЫНЫҢ БАСҚА ЛАУАЗЫМДЫҚ МӘРТЕБЕСІН БІЛЕСІЗ БЕ?

 

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде атап өту туралы шешім 2011 жылғы 14 желтоқсанда қабылданған болатын. Республика жұртшылығы оны 2012 жылдың 1 желтоқсанында алғаш рет мерекеледі. Содан бері ол жылдағы тұрақты дәстүрге айналды.

Осы айтулы мереке қарсаңында бүгін біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен басқа қандай лауазымдық мәртебелері бар екендігінен хабардар ететін танымдық сипаттағы арнаулы жобаны көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Жобада Елбасының қандай кеңестер мен қоғамдық ұйымдарға төрағалық ететіндігі туралы фотосуреттермен толықтырылған көрнекті ақпарат берілген.

Жалпы, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының президенттіктен басқа 10 лауазымдық мәртебесі бар.

 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы 

Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысы – еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.

Елбасы Қарулы Күштерді дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде тек техникалық жаңғыртуға, заманауи қару-жарақ сатып алуға ғана емес, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің тұрмысын, өмір сапасын жақсарту үшін де айтарлықтай қаражат бөлінеді. Әскери кәсіптің беделі де біртіндеп артып келеді.

Президентіміз айтқандай, қазір еліміздің Қарулы Күштерінің біртұтас жүйесін құрайтын заманауи, саны жағынан жинақы, жақсы жабдықталған және ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштері бар. Қарулы Күштеріміз ел тәуелсіздігін, халықтың тыныштығы мен бейбітшілігін кірпік қақпай күзетеді.

 

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы

Қауіпсіздік кеңесі – Мемлекет басшысының мемлекет егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтау, еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерін әзірлеуге және өкілеттікті іске асыруға жәрдемдесетін консультативтік-кеңесшілік орган.

Қауіпсіздік кеңесінің тарихы 1991 жылдан басталады. Сол жылы Қазақ КСР Президентінің 21 тамыздағы жарлығымен Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесі құрылған болатын. Кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 17 маусымдағы жарлығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі болып қайта құрылды.

Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері – Парламент Мәжілісі мен Сенатының төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі, Бас прокурор, Ішкі істер министрі, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабының бастығы.

Қажет болған жағдайда Мемлекет басшысы өзге де лауазымды тұлғаларды Кеңестің мүшесі етіп қосымша тағайындауы мүмкін.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кемінде үш айда бір рет өткізіледі. Ол қабылдаған шешімдерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының орындауы міндетті болып саналады.

 

Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның Ыстамбұл қаласында қазақ диаспорасы өкілдерімен кездескенде алғаш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы әңгіме болған екен. Көп ұзамай, 1992 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында тұңғыш рет Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, Елбасы мазмұнды баяндама жасады. Сонда ол: «Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келген көңілдеріңіз үшін, қайда жүрсеңіздер де атамекен мен атажұртқа деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пейілдеріңізді сақтағандарыңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сіздер арқылы бүкіл әлемдегі қазақ бауырларымызға ыстық сәлемімізді жолдаймыз!», – деп тебірене сөйлеген болатын.

Бірінші құрылтайда шетелдегі қазақ диаспораларымен жұмыс істейтін қауымдастық құрылды. Отыздан астам мемлекеттен келген делегация мүшелері Н.Ә.Назарбаевты Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы етіп сайлады. Бірінші құрылтайдан бүгінге дейін Президенттің қатысуымен 2002 жылы Түркістан қаласында, 2005 және 2011 жылдары Астана қаласында тағы үш құрылтай өтті.

 

Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы

Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясы туралы алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтары форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы жарлығы шықты. Қазіргі таңда бұл ұйымның қызметі 2008 жылғы 20 қазандағы «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңмен реттеледі.

Жүзден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін маңызды міндет этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту болып саналады. Қазақстан халқы ассамблеясы елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналды.

Бүгінде біздің республикамыз түрлі этностар мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысының мұндай саясаты Қазақстан қоғамының тұрақтылығының іргетасына айналды.

Ассамблеяның бірінші сессиясы 1995 жылғы 24 наурызда болды. Күні бүгінге дейін 24 сессия өтті.

 

«Нұр Отан» партиясының төрағасы

Алғаш 1999 жылы «Нұр Отан» партиясының негізі қаланды. Сол жылдың 1 наурызында «Отан» республикалық саяси партиясы құрылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар Нұрсұлтан Назарбаевты партия төрағасы етіп сайлады.   

«Отан» партиясының 2006 жылғы желтоқсан айында өткен кезектен тыс Х съезінде партия атауын «Нұр Отан» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Бүгінде «Нұр Отан» – еліміздегі ең басты, ірі жетекші саяси партия. Ол 2016 жылғы 20 наурызда 6-шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің сайлауында 107 депутаттық орынның 84-іне ие болды. Сол арқылы жоғары заң шығару органында басым көпшілік үлесті иеленді.

Бұл партия – еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың негізгі бастамашысы және іске асырушысы. «Нұр Отан» мемлекеттік билік пен қоғамды, Президент пен халықтың екіжақты байланысы мен өзара іс-қимылының өзегіне, тиімді тетігіне айналды.

Бүгінгі таңда «Нұр Отанның» 1 млн-нан астам мүшесі бар. Республика бойынша оның 243 филиалы және 5 870 бастауыш партия ұйымы жұмыс жүргізуде. 

 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің төрағасы

Шетел инвесторлары кеңесі 1998 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Үкіметі және шетел инвесторлары арасында тікелей диалог қалыптастыру мақсатында, олардың еліміздегі инвестициялық қызметпен байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу, республикадағы инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатымен құрылды. Кеңес еліміздің инвестициялық саясаты мен экономикалық тұрғыдан дамуының негізгі мәселелеріне қатысты ұсыныстар әзірлеп, оларды Елбасы мен Үкімет қарауына енгізіп отырады.

Кеңестің алғашқы дербес құрамы Елбасының 1998 жылғы 16 қыркүйектегі өкімімен бекітілді. Құрылған сәтінде оған «Еуропа қайта құру және даму банкі», «АБН АМРО Банк», «Бейкер энд Макензи», «Бритиш Газ Интернэшнл», «Шеврон Тексако», «Дойче Банк АГ», «LHM Груп» (Испат Кармет), КПМГ, «Мицубиси Корпорейшн», «Самсунг», «Трактебель Интернэшнл» сияқты 11 шетелдік компания мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері кірді.

Қазіргі таңда бұл кеңеске «CNPC», «Азиа даму банкі», «АрселорМиттал», «Сити», «Делойт», «Европа қайта құру және даму банкі», «ЛУКОЙЛ», «Мицубиси Корпорейшн», «Ройял Датч Шелл», «Тоталь», «Филип Моррис Интернэшнл», «Шеврон», «Эксон Мобил» сияқты 30-дан астам ірі халықаралық компаниялар мен ұйымдардың басшылары мүше.

 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің төрағасы

Ұлттық инвесторлар кеңесі Мемлекет басшысының 2014 жылғы 9 сәуірдегі жарлығына сәйкес құрылды. Бұған дейін 2005-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі жұмыс істеген болатын.

Ұлттық инвесторлар кеңесі – тұрақты қызмет атқаратын консультативтік-кеңесшілік орган. Оның жұмыс органы Ұлттық экономика министрлігі болып саналады.

Кеңестің негізгі міндеттері: кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру; нарықтық экономиканың дамуын және отандық инвестицияларды ел экономикасына тартуды ынталандыратын жағдайлар жасау мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу; елімізде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің қызметін үйлестіру; кәсіпкерлік және инвестициялық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді қарау және талқылау.

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес төрағасы

Жалпы, мемлекетіміздің Ұлттық қоры Елбасының 2000 жылғы 23 тамыздағы жарлығымен құрылды. Ол елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, болашақ ұрпақтар үшін қаржы жинақтау, экономиканың қолайсыз сыртқы факторлар ықпалына тәуелділігін азайту мақсатымен құрылды.

Ұлттық қорға салынған алғашқы жарна – 660 млн АҚШ доллары. Ол америкалық «Шеврон» компаниясы төлеген қаржыдан алынды.

Ұлттық қорды басқару кеңесі 2001 жылғы 29 қаңтарда құрылды.

Қаржы министрлігінің ресми сайтындағы 2016 жылғы 28 қарашадағы мәліметке сәйкес, Ұлттық қорда шоғырланған қаржы көлемі бүгінде 60,9 млрд АҚШ долларына жетті.

 

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Астананың сәулет кеңесі төрағасы

Астананың сәулет кеңесі Президенттің 2007 жылғы 12 қарашадағы жарлығымен құрылған. Ол – Астананың аумағын дамыту мен құрылысын жүргізу жөніндегі бас жоспарының мәселелерін жалпы үйлестіру үшін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесшілік орган.

Кеңестің құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі сәулетшілер, соның ішінде халықаралық мамандар кіреді.

Кеңестің жұмыс органы ретінде Астана қаласының әкімшілігі бекітілген. Оның жоспарлы отырыстары жылына бір рет өткізіледі. 

Кеңестің негізгі міндеттері: қала құрылысы қызметін дамыту мен елорда аумағында құрылыс салу бағыттары жөнінде ұсыныстар әзірлеу; сәулет және қала құрылысы саласындағы соңғы әлемдік жетістіктерді зерделеу және пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және астана салу саласындағы бағдарламаларды әзірлеу, Астана қаласын салудың заманауи тәжірибесін енгізу жөнінде ұсынымдар дайындау.

 

Назарбаев Университеті Жоғары қамқоршылық кеңесінің төрағасы 

Бұл кеңес – Назарбаев Университетінің, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және Назарбаев Қорының жоғары басқару органы.

Жалпы, елордада халықаралық деңгейдегі беделді университет ашу туралы ойын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы Жолдауында айтқан болатын. Содан кейін 2007 жылы университет құрылысы басталды.

2010 жылғы 28 маусымда Елбасының қатысуымен Назарбаев университетінің ашылу рәсімі өтті, ал 2010 жылғы 7 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев университет студенттеріне арналған бірінші дәрісін оқыды.

Университеттегі оқу үдерісі халықаралық білім беру стандарттарына негізделген. Бұл – қызметі барысында дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарын басшылыққа алған Қазақстандағы ең алғашқы университет. Университетке «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы заңына сәйкес дербестік мәртебесі берілді.

 


Жоба материалдары Президенттің Баспасөз қызметінің көмегімен дайындалды. 

Инфографиканы әзірлеген – Д.Жетіру.

Abai.kz

0 пікір