Сәрсенбі, 23 Қазан 2019
Қоғам 1784 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 10:59

1 желтоқсан - жалпыға ортақ мереке.

 

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Жалпыға ортақ мереке.

Президенттік институт алғаш рет АҚШ-та тағайындалып, енгізілгені белгілі. Әлемнің көптеген елінде президент лауазымы бар. Бұл – өміршең институт. Сол АҚШ-ыңызда 1880 жылдан бері Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне белгіленген Президент күні жыл сайын аталып келеді.

Қазақстанда да Тұңғыш Пре­зи­дент күні ресми мереке ретінде ата­ла бастады. Мемлекет басшы­сы­ның бір сөзі бар: – Құдай қазаққа қы­рын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін тол­тырып кен берген, мейірбан, ақ­көңіл, адал ел берген, жаны үшін ма­лын, ары үшін жанын садаға ете­тін ер берген. Маған ары үшін жа­нын садаға ететін осындай текті ха­лыққа, мені «ұлым» деп, «пер­зен­тім» деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйыр­ма­ған бақытты – толыққанды, тәуел­сіз мемлекет құрудың басында болу БАҚЫТЫН бұйыртқан халыққа қыз­мет етуден артық ештеңенің ке­­­регі жоқ. Осы жолда мен бойым­да­ғы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын!

Тәуелсіздік ұғымы – қазақ үшін қас­терлі. Тәуелсіздік – Тәуекел де­ген ұлттық ұғымға толық сай келе­тін құбылыс. Қазақ «Тәуекел ет те тас жұт» дейді. Елбасының осынау 25 жыл мұғдарындағы атқарған ау­қым­ды қызметін бағамдайтын бол­сақ, ең алдымен осы Тәуекелге арқа сүйегенін аңғарамыз. Қай қазақтың баласына толыққан тәуелсіз мем­ле­кет құру бақыты бұйырды расын­да?!. Бұрын сорабы белгілі, соқпағы бедерлі жолмен жүрсек бір сәрі. «Күн сөнгенше, сөнбейді» деген КСРО бір күнде күйреп сала берді. Шыр­мауықтай шырмалған жоспар­лы экономиканың белбеуі быт-шыт үзілді. Қазақстанға қарасатын еш­кім қалмады...

Бәрін  де тыңға түрен салғандай жаңадан бастауға тура келді. Аспан ұғы­мымен салғастыра қарайтын бол­сақ, Тәуелсіздік – Темірқазық жұл­дызы іспеттес. Ол бір орнынан еш­қашан өзгермейді. Өзгерген де емес. Мемлекет басшысының ә де­генде ұстанған екі бағыты – Де­мок­ратия мен Нарық, Темірқазыққа бай­ланған Ақбозат пен Көкбозат секілді. Уақыт Елбасының ең дұрыс таңдауды жасағанын дәлелдеді. 
«Адамның адамшылығы істі бас­тағандығынан білінеді, қалайша бі­тіргендігінен емес» депті Абай. Президент Н.Назарбаевтың Тәуел­сіз мемлекет құру жолындағы іс бас­тауы оңынан болды. Аз уақытта ға­сырға татырлық жұмыстар атқа­рыл­ды. Шекара шегенделді. Төл тең­геміз айналымға түсті. Елдің қор­ғаныс қуаты артты. Ішкі-сырт­қы саясаттың бәрі оңғарылды. Атом аж­даһасының ошағы жабылды. Ас­­тана қаласы салынды. Санай бер­сек бір адам емес, мың адамның ат­қ­арар ісінің бастауы шыға береді.
Жарықтық Абай өзінің 41-қа­ра­сөзінде «Қазаққа ақыл бе­рем, тү­зей­мін деп қам жеген адамға екі түр­­лі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкі­­мет, жарлық қолында бар кісі ке­рек. Үлкендерін қорқытып, жас ба­лаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолды үйретушілерге бе­ріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жол­ды үйрен деп жолға салып, мұн­дағы халыққа шығынын төлетіп жі­берсе, хәтта қыздарды да ең бол­маса мұсылман ғылымына жіберсе, жақ­сы дін танырлық қып үйретсе, бұл аталары қартайып сөзден қал­ғанша түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Ата­ларын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға са­лып, тағылым берсе, сонда түзе­лер еді» деп кеткен екен.

Абайдың айтып отырғаны – осы күнгі тілмен айтқанда, президенттік биліктің нақ өзі емес пе?!. «Жарлық қо­лында бар кісі» деген – президент лауазымы ғой. Демек, Абай – да­ныш­пан! Тәуелсіз Қазақстан Рес­публикасында толыққанды жүзеге асы­рылған реформалар мен ауқым­ды, өзекті іс-шаралардың барлығы да негізінен алғанда Елбасы Жар­лы­ғымен атқарылды.

«Балаларды дұрыс жолға салу» тұр­ғысындағы Абай өсиеті Мем­ле­кет басшысының Жарлықтарымен жү­зеге асырылды. Бір ғана «Бола­шақ» бағдарламасын айтсақ та жет­кілікті. Сонымен қатар Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы, Абай айт­қан  «дүниеде көп есепсіз ғылым жол­да­рын» игеру емес деп кім айта ала­ды?!.

Тұңғыш Президент күні – та­ри­хи таңдау күні! Ынтымағы жа­рас­қан, бірлігі бекемделген барша қа­зақ­стандықтардың ұлт Көш­бас­шысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні!

Елбасының өз сөзімен айтқанда, «Біз үйренуші елден – үйретуші ел­ге айналдық». Қазақтың аты қалың әлем­ге мәлім болса, оны мәшһүр ет­кен Тұңғыш Президент. Қазақ хал­қының әрдайым мәртебесі биік, ме­рейі үстем бола берсін!

Нұртөре ЖҮСІП

дереккөз. Аikyn.kz

0 пікір