Жұма, 19 Сәуір 2024
6020 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 11:23

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы құрметіне 25 көше атауы ұсынылды

 Сәдуақас СӘРСЕМБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері

 Жуырда облыстағы баспасөз беттерінен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе қаласындағы 25 көшеге қайта атау беру туралы мақалаларды оқып, риза болдым. Әсіресе, көшелерге тарихта өз орны бар белгілі батырларымыз, ақын-жазушыларымыз,  ағартушы-ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлерінің есімдері беріледі дегенде сол көшелерге әкемнің атын беретіндей тіпті қатты қуандым. Себебі тарихи мерекеміздің қарсаңында осындай игілікті іс жасау — бұл Тәуелсіздігімізге жасалған үлкен сый-тарту. Сондай-ақ еліміздің тарихы мен мәдени дамуына зор үлес қосқан қайраткерлердің есімдерін қала көшелеріне беру кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы десек те қателеспейміз.

Біз кеңес заманында өмір сүрдік. Ол кезде есімдері елімізге белгілі тұлғалардың атына берілген көшелер саусақпен санарлықтай ғана болды. Көшелердің көбіне бұрынғы шектен тыс идеологияландыру саясаты жүргізілген тұста төңкерісшілердің есімдері беріліп, мән-мағынасы жоқ көше атаулары да пайда болды. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Цементная, Коммунальников, Советский, Красная көшелерін алсақ, бұлардың ешқайсысының тарихи негіздері жоқ. Ал егер осы көшелерді қазақ халқынан шыққан тарихи тұлғалардың есімдерімен атасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі осы игілікті іс  арқылы алдымен сол тұлғаларға деген құрметімізді білдірсек, екіншіден, болашақ ұрпаққа ұлттық болмыс, ұлттық сана, тарихымызды ұғындырамыз.

Жалпы ономастика саласы атауларды қазақшаландырумен шектелмейді. Мұндағы мақсат — әр елді мекен, көшелердің атынан ұлттық болмыстың, ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұруы керек. Жаңа атау жас ұрпақ санасында елдік патриотизмді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Сол себептен  көшеге атау берілгенде осыған баса назар аударылу керек деп ойлаймын.

Көше атауларын жаңарту оңай шаруа емес. Ол үшін үкіметтен қолдау, нақты шешім керек. Алайда Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде мен осы игілікті істің ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында шешіліп, қаламызда үлкен қуаныш болса екен деп тілеймін. Халықтың тілегі қашанда көл. Сондықтан ақтөбеліктердің бұл тілегі орындалар күн де алыс еместігіне сенемін.

Мен Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Бүгінде 5 баладан тараған 13 немере, 7 шөберенің қызығын көріп отырмын. Ендігі сол ұрпақтарымның осындай тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүріп, еліне қалтқысыз еңбек еткенін тілеймін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрқашан биік болсын!

 

 

Қабен АМАНҒОСОВ,ішкі істер органының ардагері

Көңілге қонымды бастама

Ақтөбе қаласындағы бірқатар көшенің, елді мекеннің атауын өзгерту турасындағы ақпараттан «Ақтөбе» газеті арқылы хабардармын. Қандай көшелердің өзгертілетіні туралы да газет бетіне басылды.

Егер көшелер орыс тілінде болса, оны қазақшалау керек. Ондай көшенің бізге қажеті жоқ. Қайта ондай көшелер халыққа, ел дамуы жолында еңбегі сіңген зиялыларымыздың  есімімен аталатын болса, әрине, ол дұрыс. Мәселен, Ақтөбеде Цементная деген көше бар. Ол не нәрсе? Озерная көшесіне Мұқағали Мақатаевтың атын беру өте орынды. Сол сияқты, Ақтөбеде бұрыннан аталып жүрген Парижская коммуна деген де көше бар. Газетке шыққан мақаладан есімде қалғаны, сол көшені Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімімен атау туралы бастама көтеріліп жатыр екен. Красная көшесіне де зиялыларымыздың атын беру көзделуде.

Ешқандай мәні, мағынасы жоқ көше атауларынан арылатын уақыт болды.  Өзімізді-өзіміз ұлықтап, зиялыларымыздың есімін осылай ел жадында жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана еліміздің тұғыры берік болып, тәуелсіздігіміз мәңгі жасайды. Осындай игі қадамға бару арқылы ғана біз өзіміздің ұлылығымызды танытып, ұлтымыздың мәртебесін көкке көтереміз.

Бір айта кететінім,  атауы өзгеретін көшелердің арасынан қалаға жақын бір елді мекендегі Ленин көшесін өзгерту турасында мәліметті көзім шалды. Менің ойымша, сол Ленин көшесін өзгертпей-ақ қоюға болатын сияқты. Оның есімі кеңес үкіметін құрушы көсем ретінде тарихта қалғаны белгілі ғой. Егер ономастикалық комиссия солай деп ұйғарса, оған қарсылығым жоқ. Көшелеріміздің қазақша атау мәртебесіне ие болғанын бірауыздан құптаймыз.

Сол сияқты, қаладағы түсініксіз атауға ие болып келген елді мекендердің аттарын да қазақшалау турасында көп айтылып жатыр. Көптің қалауымен қолға алынған бұл істі 100 пайыз қолдаймын.

Жалпы тілге келмейтін, бұрын қалай болса солай қоя салынған көше атауларын өзгерту керек қой.

Қазір жасым тоқсанда. Өзім ұзақ жыл ішкі істер саласында еңбек еттім. Мұндай бастаманың қолға алынып, қоғамды тәртіпке шақыру бағытында жасалатын әрбір шараға өз басым сүйсініп отырамын.

 

 

 

Ақжеңіс ЖАНАЛИНА, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тәуелсіз ел екеніміз көшемізден көрінсін

 Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласындағы 25 көшеге (оның ішінде 14 көшенің аты жоқ) жаңа ат беру, бірқатарын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атына ауыстыру мәселесінің талқыланып жатқаны туралы естіп, өз пікірімді білдіруді жөн санадым.

Ақтөбе қалалық әкімдік өкілдерімен бірлесе отырып, мәслихаттың тұрақты комиссиясының және қалалық қоғамдық кеңестің, бұқаралық ақпарат құралдарының атсалысуымен осы мәселе бойынша халықтың пікірін білу үшін қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Ақтөбе қаласы мен оның маңындағы ауылдарда 200-ге тарта көшенің аты жоқ екені белгілі болды. Әрине, осынша көшеге бір күнде жаңа атау беру оңай шаруа емес, оның бәрі қаржы мәселесіне барып тіреледі, дегенмен сеңнің қозғалғаны көңілге үміт ұялатады.

Мәслихат шешімімен жаңа атау берілетін көшелердің тізімі бекітілгенін білеміз.

Бізде кешегі қылышынан қан тамған қызыл империяны еске салатын

Красная, Красногорская, 1905 жыл, Совет тұйық көшесі, Ленин көшесі дегендер әлі күнге өмір сүріп жатыр екен. Бұл деген елдігімізге сын емес пе?

Жас ұрпақтың санасына тәуелсіз елдің еркін ұланы екенін сіңіру үшін осындай атаулардан арылған абзал. Халықтың көкейіндегіні дөп басып, құлдық психологияны білдіретін осындай көшелердің атын өзгерту Тәуелсіздіктің ұлы тойының алдында қолға алып жатқаны да біз үшін баға жетпес қуаныш.

Оның үстіне Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, тағы да басқа сол бір біртуар  тұлғалар сияқты қазақтың тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге тіккен арыстарымыздың атымен аталатын көшелердің кейінгіге берер өнегесі бөлек. Көшенің атын алған қазақтың аяулыларының атын күнде естіп, күнде  айтып жүрген кез келген тұрғын ол кісінің кім болғанын бірде болмаса бірде білуге талпынады.

Сондықтан біз үшін тамаша мерекеде бұдан артық сый болмайтын сияқты.

Абай-ақпарат

0 пікір