Бейсенбі, 17 Қазан 2019
Алашорда 3658 0 пікір 27 Қыркүйек, 2016 сағат 10:53

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. Еспенбеттiң Адақ аталуы және Маржан қыз оқиғасы (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

 

Шаған шайқасында қолға түскендерден бiр ғана сұлу қыз қалады. Өте сұлу болғандықтан бұл қызды жасырақ батырлардың барлығы алғысы келедi екен. Мұны сезген Абылай хан батырларға кеңес берiптi:

– Мына қызға бола ренжiсiп қалмаңдар. Ер олжаға таласса, жау жарықшақты пайдаланып жеңiске жетедi. Бұл – бабамыз қазақ хандарынан қалған тәжiрибе, сабақ. Ендi бiз осы қыздың өзiне ерiк берелiк, кiмдi ұнатса соған барсын, басқамыз кеңшiлiк етелiк.

Бұған барлық батыр мақұл болыпты. Абылайға қарасты батырлар Көкшетауға келiп дем алып жатып, қыздың ерлердi таңдауына ерiк берiптi. Қызға дәмелi болған батырларды таныстырып, кiмдi ұнатса соған баруына болатындығын түсiндiрiптi. Батырлар ну орманды Бурабай көлiнiң жағасына қалың жасақты орналастырып, осы арадағы Оқжетпес биiгiнiң етегiне ту тiгiп, әңгiме-дүкен құрыпты. Қарауылға Еспенбет бастаған бiр топ жасақ қойылған болса керек. Қыз ханның жарлығын естiп ұққаннан кейiн ханға тағзым етiп бас иiп: “Жарлығыңызға құлдық, егер маған ерiк берсеңiз үш түрлi талабым бар, осыған рұқсат етiңiз”- дейдi. Ханның мақұлдағанынан кейiн қыз былай дептi:

– Батырларыңызды кемiтпеймiн, бiрақ, рұқсатыңыз бойынша үш рет сынайын, тiптi алғашқы тiлегiм шешiлсе де мақұлмын, ол орындалмағанда барып, қалған екеуiн айтуға рұқсат аламын. Бiрiншi дәмелi батырыңыз басымдағы жаулығымды бiр ағашқа байлап анау биiк тастың басына тiктеп қойып соны садақпен атып түсiрсiн, егер кiм атып түсiрсе, соған жар болуға разымын, бұл – батырлардың қайратын, мергендiгiн сынағаным болады.

Сонда Абылай тұрып: “Әй, ана шоқының басына оқ жетпес”- деген екен. Кейiн осы шоқы “Оқжетпес” атаныпты. Бiрақ, дәмелi батырлардың бәрi де сынға түсiп, бiрде-бiрi садақтың оғын ол жерге жеткiзе алмапты. Артына ала келген Еспенбет бұған таңырқап басын шайқап тұра берiптi. Бұл талабы орындалмаған қыз екiншi талабын қояды.

 Көлдiң жағасындағы бiр төбеге шығып: “Дәмелi жiгiттер бiрiн-бiрi арқалап қайсысы бұрын менiң қасыма жетсе соған жар болуға разымын” - деп судың иiрiм тұсына келiп тұрыпты. Уәде бойынша бұған қырық жiгiт қатынасып сегiзi қатар шығыпты, дара озып шыққаны болмапты, бұл талап та орындалмапты, өйткенi қыз – жалғыз, жiгiт сегiз, кесiп айту қиынға соғыпты. Қыз үшiншi талабын қояды.

– Сiздiң мергендiктерiңiз бен қайраттарыңызды сынадым. Ендi ақылдарыңызды сынап көремiн: ну ормандағы бiр талдың бұтағына ұя салып бiр кептер үш балапанын басып жатыпты. Тосыннан бiр қара құс ұядағы кептердi iлiп алып жерге тастап, жеуге айналыпты. Мұны көрген балапандары шырылдап қарақұсқа: “Анамызды жемей, бiздi жеңiз, анамызды қоя берсеңiз”,- деп жалбарыныпты. Рақым етудiң орнына сонда қарақұс: “Асықпаңдар, тоймасам сендердi де жеймiн”,- дептi. Кептердi ендi түтiп жеуге айналғанда қарақұс қанатын сермеп жалп ете түсiптi. Бақса, бiр сұңқар рақымсыз жалғыз қарақұсты бiр теуiп, омыртқасын үзiптi. Мұны көрген балапандар зар илеп: “Анамызды құтқарғаныңыз үшiн бiздi жесеңiз”- деп разалық бiлдiрiптi. Сонда сұңқар үшеуінiң бiрiне қолқа салып, “Қазiрше қауырсындарың жетiлiп, қанаттарың өссiн”- деп арнаулы бiрiне белгi салып “аманатым” деп уәде байлапты. Мезгiлi жеткенде бiр қырғи әлгi балапанды сұңқардың уәдесiне жеткiзбей жеп алатын болыпты. Оған балапан зар жылап: “маған тиiспе, менiң сұңқармен уәдем бар едi, алдымен сол уәдемдi орындайын. Жөнiмдi айтып аманаттан құтылып келейiн, кейiнгi ықтияр сенде болсын. Соған рұқсат ет”, деп сұраныпты. Сонда қырғи: “Уәде қиын iс, барып кел, мен осы орында тосайын”- деп мақұл болыпты. Ендi түн қатып сұңқарды iздеп ұшыпты. Түнделетiп келе жатса, бiр жапалақ кезiгiп ұстап алыпты, балапан жапалаққа жалынып басынан кешкен оқиғаларын баяндап, сұңқармен уәдесiн орындап келуге қырғидың жiбергенiн айтып, “сен де маған кеңшiлiк ет” деп жалыныпты. Түнде тышқан iздеп ұшып жүрген жапалақ ойланып: “Қой, бұған тиiспейiн” деп кеңшiлiк етiп, сұңқардың мекенiне жеткiзiп салыпты. Балапан барлық кедергiден құтылып сұңқарға келiп өзiнiң уәдесiн орындап, аманатын тапсыру үшiн келгенiн, серттi орындап болған соң қайта қырғиға баратын болғанын айтыпты. Сонда сұңқар: – “Өмiрде уәде деген ең қымбатты, қасиеттi iс, сен осы уәде үшiн көп азап тартыпсың. Мұнда алып қалсам, қырғиға берген уәдеңе опасыздық қылған боларсың, мен шартты уәденi кештiм, сен қырғиға бар”,- деп қайтарыпты. Балапан қайтып қырғиға келiп мән-жайды қалдырмай баяндапты. Мұны естiген қырғи басын шайқап: “Сенi кеңшiлiк етiп босатайын, сен уәдеңе жеттiң. Жапалақ та нәпсiге берiлмей, саған зиян салмай кеңшiлiк еттi, алғашқы сыбағам деп сұңқар да алып қалмай, саған iлесе келiп маған да тиiспей кеңшiлiк жасапты. Мен жапалақ құрлы болмаймын ба, рахмет. Алғашқы уәделескен сұңқарға барып өмiрiңдi бақытты еткiз - деп қоя берiптi”, деп қыз сөзiн түгетiп ендiгi iстiң шешiмiн де, кесiмiн де батырлардың өздерiнiң айтуын, не десе соған разы болатынын бiлдiрiптi.

Батырлардың кекселерi бұл жұмысқа қатынаспай, қызығын көрiп тамашалап тұрыпты. Ал жастардан мынадай деп белсенiп шығып, бұл жұмбақтың мазмұнын шешетiндей ешкiм болмапты. Сонда Қабекең жан-жағына қараса садақшылар тобының сардары, халықтың амандығын қорғау үшiн далада жүрiп жаңадан келген Еспенбеттi көзi шалып қалыпты. Қабекең шеткерi тұрған Еспенбеттi шақырып алып: сен неге қатынаспадың?” дейдi. “Мен жайырақ келдiм, сырттай көрiп тамашалап тұрмын. Бiрақ мына бәсекеде жасырынған мол сыр жатқан iспеттенедi” дейдi Еспенбет. Қабекең: “Жастардың бiрiсiң сен де қатынас” дептi қызға естiртiп, Еспенбетке рұқсат ет дегендей сыңай бiлдiрiп. Сонда Еспенбет: “Егер сiздер лайық тапсаңыздар мен де қатысып көрейiн. Мен осы бәсекенiң екi түрiне қатынасайын, бiрiншiсi – садақ атуға; екiншi – соңғы айтылған астарлы сырға қатынасайын. Егер, лайық болса қыз зеңгiртастың басына орамалын тiгiп өзi жерге түссiн”, деген талабын қойыпты. Содан соң жұрт қызды шақырып алып орамалын тастың басына тiккiзiп, онан кейiн жерге түсiрiп қаратып қойып, Еспенбеттiң атуына кезек берiптi. Мерген садағын керiп жебесiн қадап қырындай тұрып тартып қалғанда жазайылдың оғы орамалды қыран iлген қаздай жалп еткiзiп ұшырып түсiрiптi. Қыз ерiксiз басын иiп тағзым етiптi. Тұрған жастар қатты шаттанып разылық бiлдерiп: “Ендi соңғы сөздi шешiп айтып берсең”- деп ұсыныс қойыпты.

Сонда Еспенбет қыздың жұмбағын былай шешкен екен:

– Қабеке,– дептi,– әуелi мен қыздың мысал қып көрсеткен жұмбағын шешейiн, сiздер қызға қаhар төгiп ренжiп қалмаңыздар, екiншi, бұл бәсекенi жастарға ұйғарыпсыздар, сондықтан соңғы шешімiн де берсеңiздер.

Еспенбеттiң бұл талабына хан да, Қабанбай да мақұл болыпты.

– Бұл қыз,– дептi Есекең сөзiн сабақтай түсiп,– орнықты қара ормандай халықтың iшiндегi бiр адамның үш баласының бiрi екен, ауылын жау шауып үйiнiң шаңырағы шағылып ойрандалғалы жатқанда өз елiнiң бiр батыры құртқарыпты да, осы қызбен уәде байласып, ел iргесi тынышталып ес жиған кезде қосылу үшiн осы орамалды берген көрінедi. Сол аралықта бiздiң адамдарымыздың қолына түскен сияқты. Ендi қазiр үшiншi рет талас туылып тұрған жайты бар. Мұның жастарды жапалақ деуiне ренжiп те қаламыз. Оған кешiрiм дейтiн бiр дәстүр бар емес пе? Бұған өзiнiң неше рет тағзым етуi қателiгiмдi кешiр дегендiк қой. Оның үстiне бұл қыз уәдеге берiк жан көрiнедi, махаббат қадiрiн өмiрiнен жоғары қоятын шынайы адал адам екен. Егер бiрiншi ретте жебе орамалға тисе, онда тастан ұшып өлу үшiн ең биiк тасқа шыққан екен. Екiншi жолы батырлардың бiрi бәсеке бойынша бiрiншi болып төбеге шықса, онда шыңырау суға түсу қаупi бар екен. Мен басында осыны сезiп қатынаспадым. Ал ендi сынақ бойынша қызды мен алуға тиiстi болсам, соңғы қырғи құрлы болмаймын ба, нәпсiге iлесiп осынша сүйiспеншiлiк байлаған адамды қорлауым намыс болар, ерлiк болмас деп ойлаймын. Екiншi, осы қыздың тегi мұсылман сияқты, олай болса ислам шариғаты бойынша алғанда зорлау күнаhарлық болады. Хан алдында қараның билiк айтуына жол жоқ қой. Ендiгi билiгiн тақсыр ханекең өзi айтсын.

Сонда Абылай хан мынадай билiк айтқан екен:

– Еспенбеттiң мергендiгiне, ерлiгiне, ең ойлы кемеңгерлiгiне, нәпсiге жол бермеген жомарттығына разы болып, онын тiлегi бойынша қызға кешiрiм етiп талабын орындалық. Барлық жас батырларымыз Еспенбеттей әрi шешен, әрi кешiрiмдi, жомарт болсын, қызды босаталық. Бiр таңдаулы атқа мiнгiзiп азық-түлiгiн толықтап үш адам Шағандағы Ақпантайға жеткiзiп салсын. Ақпантай мекенiне апарғызып үйiне, ел- жұртына табыс етсiн. Бiздiң әйел ұрпақтарымыз да осы қыздан үлгi алатын болсын. Ендi қызды Назымның* қолына берiңдер, әйелдер өздерiнiң салты бойынша киiм-кешегiн толықтап реттеп шығарсын. Ең қалаулы аттың бiрi – Барақ батырдың көжегiн мiнгiзiп, қасына Орақпай және Жаман сияқты** жол бiлетiн, жау кезiксе төтеп беретiн әулеттi адам қосыңдар.

Мұны естiген соң қыз сол кездегi тәртiп бойынша жерге бас қойып хан бастатқан барлық батырға тағзым етiп, Еспенбет батырдың тiзесiнен құшақтап: – “Жан ашуымен iстеген iстерiме кешiрiм етiңiз, маған адал аға және мейiрiмдi жанашырым болғандығыңызға рақмет айтамын”- дептi. Абылайдың айтқаны бойынша қызды Назымға тапсырып жаңалап киiм кигiзiп, аталған батырлар үш күн жол жүрiп Ақпантай батырға тапсырып берiп қайтыпты. Бiрақ осы қыздың аты сұралмапты. Артынан бұл “Шаған қыз” болсын деп тұрғанда. Назым батыр: “Қыздың мiнезi, көркi, iстеген iсi тiзген маржандай екен, аты Маржан қыз болсын” дептi, сонымен ол тарихта “Маржан қыз” аталыпты деседi.

Бұл кезде Мәмбет елi алатауға қанаттас мекендейдi екен. Ал қалған қара керей руы Балқаш пен Арғанат жақтарда аралас қоныстаныпты. Бұл жолғы соғыс Балқаштан басталып Көкшетауға келiп онан Аягөз, Мұқаншы сияқты өңiрлердi басып Қараой, Iле, Сарытауға дейiнгi аралықта қиян-кескi болып толассыз бiр жыл жетi ай жалғасып қазақ – моңғұл екi жағы да ауыр зиян, зор күйреушiлiк көрген екен. Халқымыздың басынан өткен қасiреттi күндердi еске алып, қарт жырауымыз Кәрiбай Құрманғажының ауылында осынау қиын да машақатты соғыстарды тебiрене, егiле отырып әңгiмелеп, арасында мынадай өлең айтқанын өз құлағыммен естiп едiм:

 

                             Баласы Таңатардың мен Кәрiбай,

                             Болыппен малға кедей, өлеңге бай.

                             Сөзiмдi бiреу мақтар, бiреу сөгер,

                             Жұртқа тегiс ұнауы екiталай.

                             Аласып озбырлыкпен азап шегiп

                             Арқада жүйткiп өскен қазағым-ай!

                             Қан кешкен өз жерiнде ел мен жер деп,                          

                             Тұсында кешегi өткен хан Абылай.

                             Қазақтың ел қорғаған қаhарманы

                             Кешегi Қабанбай мен ер Бөгенбай.

                             Бұлардың бастауында талай батыр

                             Түсiрдi өз кезiнде жауына жай.

                             Қалайша жанын қимай шыдап тұрсын

                             Жерiңе жау кiргенде Сарыарқадай

                             Обығып талай бөрi ауыз салған

                             Қорада жусап жатқан нақ малым-ай!

                             Ел үшiн ғазиз жанын құрбан еттi

                             Сонда да кектi кеттi шер тарқамай.

                             Ұйғарып Бұхар жырау тапсырған соң

                             Ән еттi Маржан қызды ақын Сұртай.

                             Болса егер қалған орын толықтаңдар

                             Шықпаса ойдағыдай дәл сайма-сай,

                             Айтайын естiген мен ұққанымды

                             Берiңдер құлақ салып халқым тындай.

                             Естуге кәрi мен жас жиналыңдар

                             Әңгiме бола бермес күнде мұндай.

                             Артына сөз қалдырған өлмейдi деп

                             Айтқанын ұғыңыздар ақын Абай.

 

Айрандай ұйып тыңдап отырған жұртқа төкпе ақын Сұртай Абылай хан мен билерге қарап мынадай деген екен деп жырлаған едi тағы да Кәрiбай ақын:

 

                             Қадiрлi хан Абылай, Қазыбек би,

                             Қызып тұр бүгiн шалқып ән менен күй,

                             Өнерлi елден озған Еспенбетке

                             Берiптi Қыдыр алла қайрат пен ми.

                             Құтқарып ердi ажалдан қас қағымда*/

                             Дегендей шаттық бердi жасыңды тый.

                             Қабеке, батыр Бөке, Барақ ата

                             Бересiз мына жасқа қандайлық сый.

                             Сый үшiн ат та алмасын, тон да алмасын

                             Қызығып дүниеден олжа алмасын.

                             Отырған әр жақтағы жұртқа қарап

                             Ендi ханға ұсындық сөз жалғасын.

                             Хан мен би-батырлар,

                             Ойладық қандай ақыл бар.

                             Қандай атақ берiсер,

                             Ойланып ерлер айтыңдар, -

 

деп сол күндегi “Ел үшiн, жер үшiн” әнiнiң әуенiмен аяқтатқан екен ақын жырының аяғын. Осы кезде қалың жұрт “Жарайды, жарайды” деп айбынды айғай көтерiп жер жаңғырыпты. Қазыбек би ханға және халыққа қарап: “мен бiр сөздi ойлап тұрмын деген” екен:

– Бұрын халық айтатын: “Ханның қайраны – шексiз, ердiң – қайраты шексiз” деген сөз өте артық екен деушi едiм. Мұным жетерсiз екен. Қайран Тайған-би-ай, “билiк айтуға оңай, бiлiп айту қиын” деп Қошқардың Жәнiбегiне айтқан осы сөзi өте орынды екен ғой. Халық сол кезде тiрi Майқы десе, дегендей екенсiң-ау, - деп бiр тоқтады. Сонан соң жан-жағына көз жүгiртiп ханға қарап, – Хан екем, Балқаш соғысынан берi нақты өмiрде ханның қайранының шексiздiгiн көрсеттiңiз. Алтын берсеңiз жерде қалады, мал берсеңiз иелiк еткен елде қалады. Атақ өлмейтiн мұра, артық жоқ мұнан сiрә, Қабекеңе екi рет атақ бердiңiз. Жау үшiн де кеңшiлiк етiп, моңғұлдың бiзге қару сiлтеп қан төккен мыңнан астам адамының өмiрiн қорғап елiнiң шетiне апарып салғыздыңыз. Қолға түскен қызды да кеңшiлiкпен босатып, астына таңдап ат мiнгiзiп, үстiне тон кигiзiп ел-жұртына апарғызып салғыздыңыз. Қызға қызыққан жастардың берекесiн аялап, қызға тандау берiп ерлердiң өнерiн, ерлiгiн сынай бiр-бiрiне кiнәсiз, өкпесiз болуына орай бердiңiз. Мұны ханның қайранының шексiздiгi деп ұғамыз. Көп iстi жүйесiн тауып басқарып келесiз. Батырлардың сардары Қабекең деп белгiледiңiз. Қабекең сiздiң қолбасшылығыңызда өзiнiң қайратты ер, ерен қаhарман, соғыс өнерiнен жетiк тапқыр екендiгiн көрсеттi. Батырларды топқа бөлiп, төрт жаққа орналастырып садақшылар тобын әрi мерген, әрi сергек қырағылардан сайлап орданы қорғап, халықты тұтқиыл жаудың қаупiнен құтқарды. Ал мұның өзi бұрынғылардың ханда қырық кiсiнiң ақылы бар деген аз сөзiнде көп мағына барлығын аңғартты. Тiптi осы реткi жеңiстiң салтанатты жиынында бұрынғы кексе батырлар да және ойшыл шешендердi де, ханның iсiн басқару кеңесiне қатыстырдыңыз, мұның өзi қол басқару өнерiнiң шеберлiгiн көрсетедi. Осыларды ойлағанда жоғарғы халық нақылдарының дұрыстығына көзiм жеткендей болды. Өткендегi хандарымыз да бiрсыпыра жақсы үлгi боларлық iстер iстеп келдi ғой. Амал қанша, көбi жау жағынан жойылып, кейбiр даңқты iстер халық аузында ғана қалды, хатқа түспедi. Боранбай би мен Есенгелдi би бiр ұсыныс қойып отыр, оны қалай дейсiз. Бұл да артқа белгi болсын, Еспенбеттiң мергендiгiне, ерлiгiне қайраты мен қайласына, ақыл-ойының озықтығына қарап бiр атақ берiле осының бәрi бiздiң жеңсiмiзге қосылған тың үлес емес пе? Не дейсiздер, - деп көпке, ханға жалт қарағанда отырған қариялардың барлығы дұрыс деп құптасыпты, - деп Кәрiбай ақын көзiнiң жасын бiр сүртiп сөзiн қайта жалғап кетiптi, – сонда Жәнiбек тұрып: “Қариямыздың бiрi Боранбай би айтсын” деп қолқалаған соң: “Айтайын, өз басым Қазыбектiң сөзiн құптаймын. Еспенбет мергендiктен екi рет ағалады, бiрiншi қысылтаяңда Ақпантайды құтқарды, екiншi, Оқжетпеске iлiнген қыздың орамалын сонша биiктен атып түсiрiп ағалап алға шықты. Үшiншi қыздың айтқан астарлы сөзiн дәп басып шешiп қыздың өзiн мойындатты әрi қыз туралы дұрыс шешiм жасады. Сөйтiп өшпес еңбек көрсетiп, артқыға үлгi боларлық iз қалдырды. Бiздiң қазақ озғанға өрелi орын бередi ғой, сондықтан бұл жiгiтке “Адақ” деп атақ берелiк. Барлық жастарымыз Адақша алға ұмтылатын, Адақша үздiк қара болып шығатын, Адақша табандылық көрсететiн болсын. Тапқырлығы өзiнiкi, пайдасы мен даңқы қазақ халқыныкi емес пе? - дегенде хан барлық ақылшыларымен қосылып жиындағы қалың топ құптап Еспенбетке Адақ деген ардақты атақ берiлiп, сонан мәңгiлiк есiм болып қалыптасыпты.

 

(жалғасы бар)

Abai.kz

 

 


*Назым – Қабанбайдың Гауһардан туған батыр қызы.

** Еспенбеттiң батыр достары

 

* Ақпантайды ордан құтқарғанын айтады

0 пікір