Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4126 0 пікір 28 Қыркүйек, 2016 сағат 17:37

Түркістанда Ө.Жәнібековтың құрметіне көрме ұйымдастырылды

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Торғайдың Өзағасы» көрмесі болып өтті. Көрмені Қостанай облысы Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейі халқымыздың салт-дәстүрінің білгірі, еліміздегі мұражай ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 85 жыл толуына байланысты ұйымдастырды.

Жиынды «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір ашып, Ө.Жәнібековтің еліміздің мәдени-рухани дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Арқалық ауданының «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаева сөз алып көрмені тамашалауға келген қала әкімшілігін, оқу орындарын қалың көпшілікке таныстырды. Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Ж.Ибрагимов «Дала өлкесі тарихы» музейінің директоры Г.Елтаеваны арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Көрмеге Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген құнды жәдігерлер - ұлттық киімдер, ұлттық бас киім үлгілері, түскиіздер мен түскестелер қойылған. Әрбір жәдігер өзіндік құндылықтарға толы, терең тарихтан сыр шертеді. Жиын соңы жиналған көпшілік Өзбекәлі әлемінен рухани байып тарқасты.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі 

Abai.kz

0 пікір