Жұма, 19 Сәуір 2024
Міне, көрдің бе? 5069 0 пікір 29 Қыркүйек, 2016 сағат 13:10

АРШАВИН. "ҚАЗАҚСТАН ТУРА РЕСЕЙ СИЯҚТЫ"

Бұрын футболдан Ресей құрама командасының капитаны болған Андрей Аршавин бұл күндері Алматының "Қайратында" доп теуіп жүргенін спортсүйер қауым жақсы біледі.

Сол Аршавин журналистерге берген сұхбатында: "Маған Алматы ұнайды. Мұнда бәрі тамаша. Достарым да көп. Шынымды айтсам, орысша сөйлемейтін елдерге барғым келмейді. Ал Қазақстанда бұл тұрғыдан қиындық жоқ. Мұнда бәрі орысша сөйлейді. Тура Ресей сияқты", - депті.

Біз шындығында Ресей секілдіміз бе? Бұл сөзімен футболшы нені айтпақ болып отыр? Қазақстанның мемлекеттік тілі бар тәуелсіз ел екенін мойындамайтынын ба? Қазақстандағы халықтың 82 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтіні туралы ресми ақпарат бар. Аршавин сол ресми деректерді жоққа шығарып, өз Астанасын салған, өз Елбасын төрге оздырған Қазақстанды әлемге тентек баладай қауіп төндіріп отырған Ресейге ұқсатқаны қай сасқаны?

Қазақстан Ресейге ұқсамайды.

Бұл жерде Ресейдегідей шовинизм жоқ.

Бұл жерде Жироновкий секілді өзге елдің мемлекеттік тұтастығына қауіп төндіретін қуыршақ саясаткерлерді шаммен іздесеңіз де таппайсыз.

Бұл жерде Қырымды басып алуды дұрыс деп санайтын халық тұрмайды. 

Бұл жерде әлемді өзіне жау санайтын, атом бомбасымен жұрттың бәріне сес көрсетуді ғана білетін аю тотемді ұлт емес, қонақжай қазақ халқы тұрады.

Сол қонақжайлылықты Аршавин түсіне алмаса, не демек керек?

Оның айналасындағы аз санды халық орысша сөйледі екен деп, Қазақстанды Ресейге ұқсата салу - сауатсыздық. 

Біздің айтпағымыз осы ғана...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір