Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 7287 0 пікір 31 Қазан, 2016 сағат 15:27

«БІЗГЕ ҚЫТАЙЛАРҒА ҚАРАТА ЖАҢАША САЯСАТ ҰСТАНУҒА ТУРА КЕЛЕДІ»

Қытай мәселесі Қазақстан қоғамында үнемі назарда келе жатқан әрі жұрт тарапынан қызу талқыға түсетін тақырыптардың бірі. Қытаймен байланысты жер мәселесі де неше мәрте қоғамда үлкен алаңдаушылыққа себеп болған. Соңғы кездері Қытайдан Қазақстанға әкелінеді делінген 51 зауыт мәселесі де қазақ баспасөзінің басты тақырыбына айналды.  Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстың әртарапты және терең екенін ескере отырып, сарапшылар қытайтану институтын құрып, көрші мемлекетті жан-жақты зерттеп, тануымыз шарт екенін айтып келеді. Бірақ, онда институт әлі ашылған жоқ. Тек Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қытайлық әріптестерімен жолығып, тәжірбие алмасып жүргендігі ғана белгілі. Ал, қытайтану институтының қажеттілігі әрі құрылуы керектігі тағы айтылды. Бұл жолы мұндай ұсынысты тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы (суретте) айтты.

«Ел Тәуелсіздігінің баянды болуы үшін бізге қытайларға қарата жаңаша саясат ұстануға тура келеді. Ол үшін қытайдың тілін, жанын, психологиясын, тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, нақты жұмыстар жасайтын қытайтану бағытындағы «мыстан» институттар құру керек» депті профессор. Тарихшы мұндай ойын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті Қытай филологиясы кафедрасы құрылғандығының бес жылдығына орай өткен «Қазақстандағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты дәстүрлі II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтты деп baq.kz жазады.

Тарихшының бұл сөзі қытайтанудың Қазақстанға саяси, экономикалық, тарихи жақтан қаншалықты қажет екенін тағы бір рет айғақтап отыр.

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір