Сенбі, 20 Сәуір 2024
Экономика 4459 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 00:00

«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде дөңгелек үстел өтті

Жуырда Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру және кәсіби біліктілікті, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар берудің маңыздылығы жөнінде дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелге қатысқан мамандар мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беруді мектеп бітіретін кезде емес,  жоғары сыныпқа көшкен уақыттан бастап қолға алудың маңыздылығына тоқталды. Болар баланы жасынан таныған қазақ баласы ержетпей-ақ болашақта кім болатындығын болжай білген десекте, қазір  жастарымыздың арасында өмірдегі өз жолын, жанына жақын мамандық таңдауы қиынға түсіп отыр.  Дөңгелек үстелге қатысқан мамандар балалардың  мамандық таңдауларына  ата-аналарының ықпалы  барын айтты. Сондықтан жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру ісін мектеп партасынан бастаған дұрыс дейді бүгінде жұмыссыздық мәселесімен айналысып отырған қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері. Бүгінде кәсіби біліктілігін арттыру мен  қайта кәсіби  даярлау курсына жіберілетін жастардың көбі өз маман­дықтарына көңілі толмайтындардың толық­тырып отырғандығын да орталықтың жауапты мамандары жасырмады. Мамандық таңдау ісінде психолог мамандарға жүгінудің қажеттілігі және мектептегі кәсіби бағдар беру арқылы жастардың өмірлік мамандығын табуына жәрдемдесудің жолдары туралы өз ұсынысын  ортаға салған Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының психологы Ж.Тұрғанованың ой-пікірлері дөңгелек үстелге қатысушылардың көңілінен шықты. Ол үшін жұмыспен қамту орталығы­ның  аудандық бөлімдерінің мамандары мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, оларға «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының бағыттарымен таныстырып, қазіргі еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жөнінде мағлұматтар беру қажеттілігі  де айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар қаламыздағы барлық сала кәсіби білікті мамандарға, өз ісінің кәсіби шебері деген мәртебеге лайықты, бәсекеге қабілетті  мамандарға зәру болып отырғаны жөнінде де айтып қалды.  Сол себепті еліміздің ертеңі үшін мамандар дайындап отырған жоғары және орта оқу орындарының басшы­лығы болашақ түлектерінің өз ісіне лайықты маман болып шығуына көбірек көңіл бөлуі керектігі ескерілді. Кейбір оқу орындары өз түлектерінің болашағына алаңдаушылық білдірмейтіні, олардың жұмысқа орналасу мәселелеріне талдау жүргізбейтіндіктері сынға алынды.  Маман дайындау – өте жауапты іс, сол себепті оған бей-жай қарауға болмайды. Ал келер жылы тегін білім беретін кәсіби-техникалық колледждер талапкерлерді оқуға қабылдау кезінде еңбек нарығындағы сұраныс­қа ие мамандықтарды қамти отырып, оқытуды қолға алғандары дұрыс дейді  дөңгелек үстел басындағы өзекті мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салған Жұмыспен қамту орталығының жауапты мамандары.

abai.kz

0 пікір