Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Енді қайттік?.. 6225 0 пікір 29 Шілде, 2016 сағат 12:28

МЕКТЕП ФОРМАСЫ... ЖАҢА ДАУҒА ЖОЛ АШУ

Бірыңғай мектеп формасы биыл да болмайды. Оқушылардың қандай форма киетінін әр мектеп ұжымы мен ата-аналар таңдайды. Осылайша, тәжірбие алаңына айналған білім саласы тағы бір таңдаудың алдында тұр.

Қоғамның қатты қарсылығына қарамастан, үштілділік енгізуге құштар министр бірыңғай мектеп формасына келгенде «демократ» болып, форма таңдауды мектеп ұжымы мен ата-аналардың шешкені дұрыс депті.

Білім және ғылым министрі Астанада өткен отандық мектеп формасын өндірушілер көрмесі форумында: «Мектеп формасының қандай болуы керектігін таңдау тек білім беретін ұйымның ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың да құзырында болғаны дұрыс. Мұны дұрыс деп есептеймін. Әр мектеп өзінше жеке бола тұрса да жалпы ортақ іскерлік стилге сәйкес келуі тиіс» депті.

Ал, былтыр Мәжіліс Үкіметке бірыңғай мектеп формасын енгізу туралы ұсыныс айтып, экс-министр Аслан Сәрінжіповтың командасы бір ыңғай мектеп формасы туралы заң жобасын дайындап, оны Парламенттің қарауына берген. Бұл бірыңғай форма биыл да енгізілмейтін болды. Былтыр бірыңғай мектеп формасын енгізу мәселесі талқыланғанда сол тұстағы білім және ғылым министрінің баспасөз хатшысы Әлібек Шоқпаров: «... Бәрінен бұрын бұл әлеуметтік, материалдық теңсіздікті болдырмау және дініне қарап бөлінуге жол бермеу» деген еді. Жөн-ақ сөз. Бірақ, ендігі жерде мектеп формасына қатысты ата-аналар қырық пышақ болып дауласып, әркім барын көрсеткісі келіп, бәсекеге түседі. Тойдан бәсекеге түсіп жүрген жұртқа бұл таңсық емес. Сөйтіп, балалар әлеуметтік теңсіздікке, кемсітушілікке ұшырайды. Өйткені, біздің қоғам үшін басты құндылық адам емес, ақша және байлық. Ата-аналар ақша мен байлық көрсетуден бәйгеге түседі. Зардабын бала тартады. Ал, министр Сағадиевке бәрібір сияқты. Мектеп формасын мектеп ұжымы мен ата-аналар таңдауына беру – бірің өліп бірің қал деудің кері әрі орта білім саласында жаңа бәсекеге, жаңа дауға жол ашу.

Міне, осылайша, Білім және ғылым министрлігі тұтас халықтың болашағымен ойынын жалғастырып жатыр.

Нұра Матай

Abai.kz

 

 

0 пікір