Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
46 - сөз 3649 0 пікір 29 Шілде, 2016 сағат 16:07

ҚАЗАҚ ҚЫМЫЗДАН НЕГЕ ЖЕРІДІ?

Біздің ата бабаларымыз оны 6000 жылға жуық көзінің қарашығындай сақтап, бізге аманат қылып тапсырып кетті. Ал біз айналдырған бір ғасырда осы қасиетті сусынымызды аяқасты етіп алдық. Неге?

Біздің эрамыздан 2500 жыл бұрын, тарихтың атасы әйгілі Геродот: «Сақтар қымыз жасаудың тәсілін өте құпия ұстайтын еді. Құпияны басқа халықтарға жайып жібермеулері үшін, қымыз жасайтын құлдарының көздерін ағызып жіберуге дейн барған» деп жазады. 1253 жылы француз миссионері Гии де Рубрук қымыз жасау жайлы және де оның адам ағзасына ерекше әсері мен пайдасы жайлы жазбалар қалдырған екен.  Ал 1843 жылы әйгілі В. Даль «Қымызға бір үйреніп алған соң, басқа сусынға қарағың да келмейді. Ол салқындатады, қарныңды да тойғызады, шөліңді де қандарады, ерекше бойыңа бір күш қуат береді. Ешқашан асқазаныңды толтырып, өзіңді ыңғайсыз сезінбейсің», -деп жазған көрінеді. «Қымыз – хош иісті жәннәт сусыны дерсің. Бұл қасиетті сусын деніңе қуат береді , дертіңді емдейді»,-депті орта ғасыр ақыны Ибн Рузбихан.
Жаза берсең таусылмайды. Неткен бай тарих. Аттары әлемге мәшхүр небір ғалымдар мен аузы дуалы адамдар осы қасиетті сусын жайлы ерекше ықыласпен, таң қалып небір сөздерін жазып кеткен.
Қазір айтсаң көп адамдар сене бермейді, бұрын қазақтар күніне 10 -15 литр қымызға дейін ішіп қояды екен. Неге біз қымыздан жерідік? Неге осы заманның адамдары шипалы да, қасиетті сусынымыздың орнына зиянды екенін біліп тұрып, басқа жұрттың сусындарымен сусындайды?
Біздіңше Қазақтың қымыздан жеріуінің басты себебіне қымыз кінәлі емес, зұлмат заманда жылқыдан, ажырап қалуымыз, сонымен бірге мыңдаған жыл ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қымыз дайындау тәсілін жоғалтып алуымыз кінәлі. Исі мұрныңды жаратын, ішкен сайын ішкің келе беретін, дәмі тіл үйіретін, маңдайыңнан теріңді бұрқ еткізіп, жаныңа рахат силайтын балдай қымыздың дәмін көп адамдар татып та көрген жоқ..
Осы шипалы да, қасиетті сусынымыздың тарихтан өз орнын алу үшін Фейсбуктен арнайы парақша ашып қойдық және де шамамыз келгенше бабалар ішкен бал қымызды сол деңгейде өндіруді ұлттық намысы бар жігіттер қолға алып жатыр екен.
Қымыздың пайдасы жайлы, дайындау тәсілі, емдік қасиеті жайлы білгіңіз келсе Сусындар төресі парақшасына анда санда кіріп тұрыңыз

Ахметбек Нұрсила

Abai.kz

 

 

 

0 пікір