Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 7145 1 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 15:23

1 ҚЫРКҮЙЕК БІЛІМ КҮНІ МЕ, ШІРКЕУ КҮНІ МЕ?

Бүгін, яғни күздің ең алғашқы күнінде мектептердің есігі миллиондаған оқушылар үшін айқара ашылып, білімге құштар мыңдаған жүректер білім ордасының табалдырығын аттайды. Бірінші қыркүйекті "білім күні" атап, өз дәргейімізде мереке ретінде тойлап келеміз. Бірақ, бұл күннің тарихы білімнен гөрі дінге анағұрлым жақынырақ екенін көп адамдар біле бермейді.  

ІV ғасырда, турасын айтсақ 325 жылы Рим императоры Константин әлемде теңдесі жоқ шіркеу салғызып, бірінші қыркүйекте  Жаңа Жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарады.

Ол дәуірде шіркеулер діни біліммен қатар, заманауи білімді де үйрететін болған. Осыған байланысты оқу жылы тікелей Константин енгізген жарлық негізінде бірінші қыркүйекте басталатын болып бекіген. Оның үстіне әр сабақ аяқталған соң, үзіліс белгісі ретінде шіркеудің қоңырауы соғылатыны тағы бар. 

Әрине, қазір заман өзгерді? Білім күнінің тарихынан кінә іздеп, "мұны өзгерту керек" деп мәселе көтеруден аулақпыз. Десе де, кейбір ұлттық танымымызға жат дүниелерді бірте-бірте санадан сылып тастау қажет секілді. Себебі, біз мектептерді үштілді ету арқылы ұрпақты ұлттық болмыстан айыратын төте жолға түсіп, далақтап шауып келеміз. 

Білім мерекеміз - шіркеу күні. Соғылатын қоңырау - жат діндікі. Білім беру жүйесі де ұлттық санаға негізделмеген. Негізгі ғылыми пәндерді ана тілде оқытпауды құп көріп отырмыз. "Қоңырау соғуды мүлдем тоқтатып, орнына күй ойнап тұрса" деген игі бастаманы (Бұл мәселені оншақты жылдан бері қазақ баспасөзі үзбей көтеріп келе жатыр) қолдай алмайтын жұртпыз. 

Енді не істемек керек?

Осы сұраққа жауап іздеген әр азаматқа "Білім күні құтты болсын!" демекпіз...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

1 пікір