Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Деп жатыр 3971 0 пікір 26 Мамыр, 2016 сағат 11:09

КҮНТІЗБЕДЕГІ КӨРКЕМ КҮН


Қолымды кеудеме қойып тұрып шынымды айтайын, алғашқы қоңырауды асыға күткен кезім жоқ. Мақтаншақтығым ұстағанда ғана жаңа кастюм-шалбарды тезірек кигім келіп асығатынмын. Бірақ оның өзі уақытша еді. Мектепке бір кірсем, тоғыз ай шықпайтыным есіме түссе құлазып сала беретінмін. 

Ал, соңғы қоңырау дегеніңіз «адамның сөзімен жеткізе алмайтын сезім» сыйлайтын. Бәрімізде де солай болған шығар. Сондықтан күнпарақтағы 25-мамыр аяулы күн болып саналатын. Ертесі күні күндіз көкке шығасың, кешке бешірге барып, "кәссілбіләңкә" мен "кокочамбоға" билейсің. Арасында Таняның Мамасының қызығын көресің. Татяна Буланованың «Мама» деген әніне жарықты өшіріп тастап вальс билейтінбіз ғой, соны айтам. Өзі өңі түзу үш-төрт қыз. Отырғызбайтын едік қой. Бірімізден кейін біріміз. Байғұстар ішпей-жемей (сүйіспей-ақ) балбырап кетуші еді ғой. Не керек, таңға жуық бытырайтынбыз. Бұл енді жоғарғы кластардағы жағдай.

Төменгі сынаптарда қалай еді? Кітап өткізу деген машақат-тұғын. Бір беті жыртылған, мұқабасынан ажыраған. Скотч деген пәле жоқ. Клейлейтін едік. Жыртылса бүтіндейсің ғой, ал ұшты күйлі жоғалса ше? Онда басыңның пәлеге қалғаны. Өйтіп бүйтіп бұл мәселені де шешесің. Уборка дегені тағы бар. Качагарканың артынан немесе Рәпинаның үй жағындағы бұлақтан су әкелу керексің. Қыздармен бірге партаны, терезені жууың керексің. Келер жылы келмейтіндей, үш айда кім бар, кім жоқ деп уборкаға қатыспай қоятындар да бар еді-ау. Кейде класс жетекшің «әй, Бәленшеев краскының ақшасын қашан бересің, Түгеншеев екеуің ғана қалдыңдар ғой» деп әлдекімге айқайлап жататын. 

Содан кейін 1-маусымнан бастап сауықтыру лагері басталатын. Қайбір лагер дейсіз, сол мектеп, сол асхана, сол спорт алаңы. Тек сабақ оқымайсың. Ойыныңды ойнап, пірәндігіңді жеп қайтасың. Соған шешем мені көбіне қатыстырмайтын. «Құрсын, сол мектептен кеше ғана шықтың емес пе, басқалар барсын», деп киім-кешегімді жинап беріп, Алматыдағы әпкесінің үйіне салып жіберетін. А-а-а, айтпақшы кетіп бара жатқанда мектеп ауласындағы терекке бәріміз бойымыздың жеткен жерін бәкімен кесіп белгілеп кетуші едік қой. Содан кейін, арада үш ай өткенде алғашқы қоңырау күні кімнің қаншалықты өскенін білу мақсатында тура сол ағашқа тағы өлшенетінбіз. 

- Әй, Екеш, сен түк те өспепсің ғой, - деген қағытпаға Екешіңіз қарап қалмай, - Өстім ғой, менімен бірге терек те өскен шығар, - дейтін, жасқана жымиып. 

Сөйткен мектебімізбен қош айтысқанымызға 14 жыл болыпты. Сол 2000 жылы 72 оқушы бітірген едік. Ал қазір түлектер саны жиырмаға жетер-жетпес екен. Аянышты. Екі себебі бар. Біріншіден жұрттың бәрі жапатармағай көшіп жатыр. Екінші себебі "бұттан" қашқандар. Бұрын БҰТ болған ҰБТ-дан шошығандар колледж жағалап кетеді екен. 

Мектеп бітіре салған жылы біразымыз оқуға түстік. Оқуға түспегендері де жұмыс істейміз деген желеумен Алматы асқан. Ауылда үш-төртеуі ғана қалды. Соның бірі Жандос еді. Қысқы демалыста ұбап-шұбап бәріміз ауылға бардық. Жаңа жылдың кезі. Алматыдан келген төрт-бес жігіт сол Жандостың үйіне бардық. Ол сыртқа шықты. Қал-жағдай сұрастық. Ауылда қалып қойғанына сәл қысылады-ау деймін, бойында комплекс бардай көрінді. Бір кезде қалтасынан филтерлі шылымын шығарып, шірене тұтатты да: - Құдайға чүкір, ауылда жүрсек те көк соверен шегіп жүрміз... - деді.
Сол жылы Алматыдан Құрметті кездестіріп қалдым. Құрылыста істеп жүрген. Әрнені әңгімелеп тұрғанбыз, бір кезде аты-жөні жоқ: - Анау күні сотка алғам, ақша керек болды да қайтадан сатып жібердім... - деді.

Шіркін-ай, олардың мақтанғандары да сүйкімді еді ғой. Уақыттың желі кімді қайда ұшырмады дейсің. Әркім әрқалай күн кешуде. Бір қуанатыным сорлап қалған ешкім жоқ екен. Екі бірдей досымыз қалалық ауруханада дәрігер (врач). Төрт бірдей досымыз үлкен мекемеде лауазымды қызметте. Шен жағынан келгенде Айдар Капитанды алып үлгерді. Біразы байып кетті. Ең үлкен мақтанышымыз да қуанышымыз да сол – бәріміз бас құрап, балалы-шағалы болдық. Тәуба деймін. Тап-таза қалпын жоғалтпай Түкештің Дарыны жүр ауылда. – Үйленсеңші, - дегендерге жауабы дайын. «Қыз жоқ».
Сол аяулы мектептің екінші қабатында «Ұлы отан соғысында хабарсыз кеткендердің» тізімі мен фотолары ілінген тақтадан кейін, «Ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлер» тақтасы болатын. Содан кейін «Мектеп мақтаныштары» деген тақта бар еді. Сол тақтада әкемтеатрдың әйгілі актері Бауыржан Қаптағаев бастаған біраз азаматтың суреті ілініп тұратын. Қызыға қараушы едім... Сол тақтаның бір бұрышынан бізге де орын тиіпті. Салақтап өткізген 14 жылда бар тындарғаным сол екен. Ауылыма мақтаныш бола алсам жараған екем. Кейде ұяламын. Ауылдың мақтанышы сол ауылдың үмітін ақтайтын уақытта фейсбукта бекерге отыр-ау деген ойдың мазалайтыны тағы анық. Артынша «мал ұрлап сотталыпты» деген жаман атымыз шықпаса бопты да деп, өз-өзімді жұбатып алатыным тағы бар.

Өтіп жатқан өмір, келмеске кетіп жатқан күндер туралы ылғи-ақ ойланамыз ғой. Бірақ, осы бір күнтізбенің көркем күні келгенде жып-жылы мұң жүрек шіркіннің бар екенін білдіріп, өткен күндерді қайыра еске аламыз. Бойымызды бір сағыныш билейді. О-о-о-о, ол дегеніңіз мәңгілік сағыныш қой.
Айтпақшы, осы бір аяулы күні тұңғышым Айбаршын бірінші сыныпты аяқтап, «Мақтау қағазын» алып келіп қуантты. Қатты қуандым. Баламын деп жүргенде балам бірінші сыныпты бітірді. Мақтау қағазын қолыма ұстап отырып тағы да ойланып қалдым. 

Қолымды кеудеме қойып тұрып бастап едім ғой, дәл солай аяқтайыншы, қолымды кеудеме қойып тұрып айтайын, мен 11 жыл оқығанда бір де бір рет мақтау қағазын алған емеспін. 11 жыл екпінді болғам.

Бейбіт Сарыбай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505