Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 6307 0 пікір 27 Мамыр, 2016 сағат 09:41

ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ. ПРЕЗИДЕНТКЕ БАЗЫНА

Бірде мені Астанаға министр арнайы шақырды. Мен бір керемет жоба ұсынар деп ойлап едім, ол маған: «Әзімбай, Олжасқа тиіспеңізші» деді. «Олжасты қазақ жек көрсе, мен қалай араша болады екенмін?» дедім де құр қол қайттым.

Қазір бізде дәл осындай шалағай саясаттанушылар мен саясаткерлер көп. Олардың дені не қазақша, не ағылшынша білмейді, аудиториядағы тыңдаушыны өзіне қарата алмайды. Президент әкімшілігінде қызмет ететін сондай шалағай жігіттер көптеген шала «өнім» дайындап, президентіміздің абыройын бірнеше мәрте төкті.

Олар алдымен Ұлттық доктринаны ойлап шығарды. Аты тәуір болса да ол доктрина  – шала дайындалған ілім болып шықты. Мұнан кейінгі идеялары «қазақстандық ұлт» болатын. Онысы қазақ ұлтын жоя жаздады. Қазақ деген ұлт болмаса, қазақ тілі қайдан болады?.. Іле латыншаға өтіп, Өзбекстан, Түркменстан  жасай алмаған реформаларды жасамақ болды. Ең соңғы ізденістер нәтижесінде «Үш тұғырлы тілді» жүзеге асырмақ екен.

Бұлар нағыз реформа жасамау үшін паллиативтік реформаларды ұсынады. Осылайша жалған реформа жасап, елді алдайды.  Олардың осындай кәсіби шалағайлығына Нұрекеңнің қалай төзетініне таңым бар.

Елбасымыз соншама жұмыс уақытын сарп етіп, елдің қаржысын шашқандарға қандай шара қолданбақ? Олар аналитикалық талдауды формальді түрде ғана жүргізді. Осы сансыз саясаттанушылар, әлеуметтанушылар  мен тарихшылар ғылыми әлемде мүлде белгісіз адамдар. Оларға диссертация қорғатқан – біздің әріптестеріміз. Сол әріптестерімізге бастық болған жаңа кандидаттар мен докторлар борышты.  Сол үшін де ғалымсымақ шалдар оларға "жұмсақ қазақи шантаж" жасап отыр. Демек, шантаж жолымен ғалым атанғандар оларға болысқандарға мәңгі бақи сол университеттерде істеуіне кепілдік береді деген сөз.  Кепіл бола алмаса, «жұмсақ қазақи шантаж» жасайтыны белгілі. Бұл орайда социологтарды аузыма алғым келмейді. Олардың кінәсінен сіз объективті ақпарат ала алмай келесіз. Өңкей орысшыл бірдемелер отырып алған. Бұл істі бір аршысаңыз бәріне көзіңіз жетеді.

Бір қазақтың лауазымды ғалымсымағы шетелге баяндама жасауға кетіп бара жатып, кеденде «еркексің бе ,әйелсің бе?» деген анкетаның сұрағына жауап бере алмай, кеденшілерді қатты күлдірген. Мұндай ғалымдар өзге елде туалет таба алмай масқара болады. Менің олармен бірге жұмыс істеуіме тура келіп, шала ғалымдармен қызметтес болдым. Солардың біразының қызметтері жоғарылап кетті. Өкініштісі жақында болған әлеуметтік дүрдараздықты біздің сансыз саясаттанушыларымыз  болжап та , түсіндіріп те бер е алған жоқ. Біз өткен дағдарыстан президенттің интуициасы мен икемділігі арқылы шықтық.  Қоғамдық ғылымдар  зерттеушіге ғылыми жүйемен, схемалармен  верификация жасауға үйретеді. Ғылыми зерттеу  жалпы танымның нақты жолы болуы тиіс. Енді басқа бір жолы – интуитивтік таным. Ол жалпы парасат, сезімталдық  пен ғылыми деректерге сүйенеді. Сондықтан саяси жағдайды қоғамдық пән білгірлер емес, суретшілер, зиялылар мен жазушылардың  түйсіктері адекватты бағалады.

Red Team – тәуелсіз ғалымдар тобы белгілі қоғамды қызықтыратын мәселелерді қарастыру керек. Дәстүрлі ғылыми топтардан уақытша тағайындаған аранайы топ пәрменді болар. Олардың өз ойларын шектеусіз жариялауға құқығы бар. Бізге керегі сол – «Қызыл жасақ».

Қазаққа не керек?

1). Фермелер жерді жеке меншікке алуы керек. 100 теңге төлеу арқылы олар  жерді  кепілге қойып, кредит алады;

2). Жерсіздерге үй салатын жер керек. Ол жер латифундистерден тартып алынады. Тағы да 100 теңге төлеу арқылы үй салушы банкіден кредит алып үй салады;

3). Қазақша сөйлемейтін 4-5 министр мен Мәсімов орнынан кетуі керек. Мемлекетік тілді қағажу қылған үшін...

Тек үйсіздерге жер және несие беру керек деп отыр билік. Биліктің оған көнгені жақсы белгі. Әлеуметтік ымыра деген осы. Бәрі де бейбіт жолмен шешілсін.

Бізде азаматтық қоғамның нышаны көрінді, қадірін білейік.

Енді «биліктен не сұрау керек?» деген сұраққа жауап берейік.

Фермерлерге жеке меншікке жер сатылсын – жүз тенгеге.

Қала түбіне қоныстанам деушілерге латифундистерден конфискацияланған жерді жүз тенгеге сатсын.

ЭКСПО болсын – ол прогресс. Ағылшын тілін орыс тілі есебінен үйренейік – ол прогресс.

Мен Президенттің кадр саясатына араласпайын, онсыз да ол кісіге «ананы ал, мынаны қой» деушілер көп шығар. Бірақ кадрлардың сапасы туралы айту парызым деп білемін.

Президентіміз Президент әкімшілігіндегі топастардан құтылуы керек. Бүгінгі күнгі негізгі саясаттанушылық және әлеуметтанушылық объект және саяси субъект ол – қазақтар. Сондықтан қазаққа бет бұру керек.

Құрметпен Әзімбай ҒАЛИ

Abai.kz

0 пікір