Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 5017 0 пікір 1 Маусым, 2016 сағат 14:43

Мұхтар ШЕРІМ. ҚОРЫҚПАҢЫЗДАР!

(Саяси сатира)

Биіктігінен бас айналатын алып ағашқа бәсекеге қабілетті отыз елдің премьер министрлері өрмелеп барады. Шорти киіп, шалқасынан түскендері де, галстугтері бұтаққа ілініп, салбырап тұрғандары да бар. Отыз елдің қатарына ілігу үшін мен де өрмеледім. Қазақстанның премьер- министрімін ғой, бұтақтан-бұтаққа секіріп, оқта текте кекіріп, әшейін ерігіп барамын деп ойлағанмын. Бір бұтақтан екінші бұтаққа секіре бергенімде:

– Әй, мұртты бала, бізге қарыздарыңды қашан қайтарасыңдар? – деген дырылдақ дауысты етсідім. Қарасам, қай ел екенін айтпай-ақ қояйын, шетелдік шашы жалбыраған, қолдары қалтыраған бір шенеунігі екен. Жұмған аузымды ашпастан, келесі бұтаққа қолымды создым, қарасам, Гонконгтың үкімет басшысы жаңғақ жеген тиын сияқты секіріп барады! Тағы бір дауыс шықты:

– Қарызымды қайтаршы, өтінемін, Қазақстан!

Ұялып кеттім. Отыз елдің қатарына қосылу үшін тырбаңдап, тыраштанып келемін, ышқырымнан шалбарым шешіле жаздап, бірақ бәрібір жүрек отым маздап, биікке ұмтылдым. Көз алдыма ЭКСПО-ның көрмесі үшін берілген қаражаттарды жым-жылас жеп қойғандар елестеп, төмен қарай құлап кеттім!  Бітті! «Құдайым-ау, сыртқы қарызымыз  153,5 миллиард доллар екен ғой! Ұят-ай!»

Содан жерге басым қадалып, екі аяғым рогаткі болып қала ма деп едім, абыройым бар екен, төменгі бұтаққа кірпігіммен ілініп қалдым.  Біреу иығымнан түртеді. Қарасам, Қытай үкіметінің басшысы.

– Жағдайыңыз қалай?

– Басым айналып...

– Әнеукүні үйіңізге барып қайттым. Жоқ екенсіз.

– Е?

– Есіңізден шығып кетті ме? 18 миллиард доллар қарыз емессіз бе?

– Мен бе? Қазақстан қарыз десеңізші...

– Ұялмайсыз ба? Әне беремін, міне беремін дейсіз де... Шаршап кеттім тегі...

– Қазақстанға айтамын. Береді, ойбай, береді, Қазақстан қашып кетпейтін шығар?

Құдайым-ау, бір Қытайдың өзіне 18 миллиард қарыз екенбіз-ау? Қайтіп отыз елдің қатарында отырып ет жейміз? Халық аш дейді ме? Елді жемқорлар жайлаған дейді ме? Құқық қорғаушыларда әділетсіздік дейді ме? Демократия реанимацияда дейді ме? 

Содан бар күшімді жинап, өзімді-өзім қинап, жоғары ұмтылдым. Табиғатымда жайбасармын ғой, мұртымнан күліп қойып, келесі бұтаққа қолымды соза беріп едім, біреу аяғын басыма қойып жоғары қарай зуылдап барады екен. Сирағынан шап беріп ұстай алдым. Швейцария президенті екен. «И-и, санымды  қасып жібере қойшы...» дегені.. «Қайда?» деп сұрадым. «Екінші орынға! Бізге жету сіздерге қайда?» деген ол билей жөнелді. Сол билеген күйі бұтақтан бұтаққа секіріп...  Ал менің қарным ашты... «А-а-а-ео!» деп есінеп алып, енді ет жей бергенімде, астымдағы бұтағым сынып кетіп, төмен қарай зуылдай жөнелдім! Алыстан Америка: «Абай болсаңшы!» деп айқайлады. Үшінші орында тұрып. Төмен қарай зуылдап келемін, зуылдап келемін! Жолай  Сингапур, Швеция, Дания, Ирландия, Нидерланды, Норвегия және Канада қолын созды, қайдағы, 47-ші бұтаққа құлағыммен ілініп қалдым. Құлағым жыртылып кетпесе еді? Ештеңе естімейтін үкіметімнің құлағы еді... Ең соңғы бұтақта отырған Венесуэла өкілі құйрығын шапаттап күледі дейсің! Ұялғаным-ай! Қорықпаңыздар отыз елдің қатарында шәй ішіп отыруға уәде беремін, егер үшінші мәрте тағайындалсам!

Abai.kz

0 пікір