Жұма, 29 Наурыз 2024
Міне, әңгіме! 6299 0 пікір 22 Маусым, 2016 сағат 11:11

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ: «ПРЕЗИДЕНТ ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘҢГІЛІК МОРАТОРИЙ ЖАРИЯЛАУЫ КЕРЕК»

(ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Дулат Исабековпен бір үзік әңгіме)

Дулат аға, өткен  сәуір-мамыр айларында республикамыздың көптеген аймақтарында  халық  жаппай  көшеге  шығып, «билікке жер сатылмасын» деп талап қойып, наразылықтарын білдірді. Бұл жайттың себеп-салдарының астарында не жатыр?

– Бұл жайтқа қоғамның барлық саласында  әділеттіліктің жоқтығы, халық арман-тілектерін, өтініштерін айтып билік орындарына барса, ауданның әкімінен бастап  облыстық әкіміне дейін жүре тыңдайтындығы себеп болды деп ойлаймын. Кейбір ауылдарда  әлі  күні  жарық  жоқ. Көшелерде  батпақ  кешіп жүрген адамдарды телеарнадан күнде  көреміз. Балалар мектепке бара алмай жүр. Үйлері құлағалы тұр. Мал ұстап мал бағайын десе, жерлері жоқ. Бүкіл жерасты байлығымызды шетелдерге беріп қойдық. Ең қымбат уран, вольфрам, мұнай, кальций  мыс, алтын, жез қайда кетіп жатыр? Міне бұлардың бәрі – жұмбақ. Тек қана билік басындағы екі үш адам ғана біледі,  болды.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов президенттің көлеңкесінде, моп-момақан болып отыруы керек пе? Неге ол жер дауына қатысты жайтты халықтың алдына шығып түсіндірмейді? Меніңше, қазіргі халықтың наразылығы тек қана жерге байланысты туындап отырған жоқ. Бұл – біздің елдегі көп жылдардан бері қордаланған келеңсіздіктердің  жиынтығы деп ойлаймын. «Қазақстанның 1,7 млн гектар жерін сатамыз, 25 жылға жалға береміз» деген экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзінен соң,  қазақ  шыдай алмай көшеге  шықты.

 – Енді осы жалпыхалықтық  наразылықты  тоқтату  мүмкін бе?

– Мұны тоқтатудың  бір-ақ  жолы  бар. Президент «Ешқандай да жер  сатылмайды. Мораторий – уақытша  емес, мәңгілік. Жалға берілсе де, өзіміздің азаматтарға ғана  беріледі» деп  халықтың алдына шығып айтуы керек.

Бұл астыртын саясат емес пе? Әйтпесе 25 жылда халықты жерден, ал жас ұрпақты тілден, тарихтан, салт-дәстүрден айыруға бүгінгі  билік неге сонша құлшынып отыр?

– Осындай бір құпия экспанция бар сияқты. Мұны «әдейі қазақты жер бетінен  жою үшін жасалып жатқан қастандық па?» деп ойлаймын. Айтайын  десең, аузың бармайды. Теледидарың түрі анау, таңертеңнен кешке дейін –арзанқол музыка, бітпейтін концерт. Сол – әртістер, сол – ән... Мына экраннан ана экранға көшіп жүрген – әртістер. Алғашқы күні көрдік, «жарайды» дедік. Олар бірнеше күн қатарынан көрсетіледі. Кейбір әншілер соншалықты маған жексұрын болып кетті. Көргім келмейді. Сол баяғы әндерін айта береді, айта береді. Бір жаңалық қоспайды. Орыстың әншілеріне қараңызшы. Үш-төрт жыл сайын бағдарламасын өзгертіп отырады. Адамды жалықтырмайды, драмалық образдармен қойылымдар жасайды. Әнді жанын салып айтады. Оларда керемет шығармашылық өсу бар. Қанша жерден патриот болсам да, қазір «365» деген бағдарламаларын көремін. Адамның жан дүниесін байытатын керемет фактілерді көресің. Әлемдік деңгейдегі адамның құйқа шашын шымырлататын таңғажайып оқиғалар мен тағдырларды, императорлардың өмірін көрсетеді. Ал біздің теледидарды, тіпті, олармен салыстыруға да келмейді. Шетелдің  мағынасыз сериалдарын шектеусіз беруге құмармыз. Сондағы мақсат не? Халықты дүбәра қылып, ойлау  қабілетінен айыру ма?.

Шетелден келген қазақтарға азаматтық беруді билік түрлі жолдармен тоқтатқанынан хабарыңыз бар шығар?

– Шетелден қазақтардың көшіп келу қарқыны тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жақсы басталды. Екінші толқынмен 2001-2004 жылдар аралығында көптеген отбасы еліміздің барлық өңірлеріне көшіп келді десем қателеспеймін. Кейін көші-қонды Сенат пен Мәжілістің бір ауыздан тоқтатып тастағанына таң қалдым. Олар үшін сырттан келген қазақтан қорқудың басты себебі жұмыспен қамту болды деп ойлаймын. Жергілікті қазақтарды жарытып алмай жатып, сырттағы қазақтың әлеуметті жағдайын жақсарту билік үшін «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлаумен бірдей».

Жер, баспана,  су, жарық, мектеп, балабақша деген сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілетсіз шенділер қандастардың келуін тоқтату арқылы барлық мәселені шешеміз деп ойлайтын болуы керек. Мұның сыртында біздің елде қазақтың санын көбейтпеуді жоспарлайтын жасырын институттар бар секілді. Олай деп ойлауыма біріншіден көші-қонның тоқтауы себеп. Екіншіден, қазір мектеп қабырғасында оқып жүрген 10 жасар қыздарға жаппай екпе салу басталды. Бұл екпелер қыздардың жатырына әсер ететіні, болашақта бала көтере алмай қалауы мүмкін екенін мамандар айтып жатыр. Соған қарағанда елімізде қазақ халқының санын азайтқысы келетін мен айтқан жасырын күштер бар күш-жігерімен жұмыс жасап жатыр деген сөз. Жергілікті ұлт көбейсе, мономемлекетке айналады. Мономемлекет болған соң, заң, әлеуметтік жағдайлар өзгереді емес пе? Соны болдыртпау үшін астыртын ұйымдар жұмыс істейтін сияқты. Осының ар жағында не тұр?

Санымыз аз болған соң, біздің үніміз жоғарыға естілмейді. Басымыз қосылмайды. Содан кейін бізде баға да тұрақтамайды. Халық қалай күн көріп жатыр? Оның айлығы қанша? Бала-шағасын қалай асырап жатқаны бір Аллаға аян. Бір жемқор ұсталса, орнына екінші бір жемқор келеді. Жемқорлықпен күресу комиссиясының бәрі де жемқорлықтан құралақан емес сияқты көрінеді, маған...

Әңгімеңізге рахмет, Дулат аға

Жұмамұрат  Шәмші

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541