Дүйсенбі, 18 Қараша 2019
Өз сөзі 3008 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 10:42

ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢЫ – МЕМЛЕКЕТ ТАҒДЫРЫ

Экономика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, ҚР Президенті әкімшілігінің тұңғыш жетекшісі, елші, мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсыновтың таяуда естелік әңгімесі порталымызда жария көрген еді. Естелік әңгімеге тікелей қатысы болмаса да оқырман қауым Сағынбек Тоқабайұлының жемқорлық пен жер мәселесіне қатысты көзқарасын білмек болып сауалдар қойған-ды. Оқырмандардың сұрауы бойынша Тұрсынов мырза өз ойын ортаға салады.

 

Жер-жаhанды жайлаған жемқорлық мәселесі қазір де қоғамның өзекті мәселесі болып тұрғаны ақиқат. Жемқорлықтың алдын алу жөнінде тосқауыл болатын түрлі шаралар ұйымдастырылып, тіпті сенім телефондары да орнатылғанымен, уақыт оза аталмыш қылмыстың «озық» түрлерімен танысып жатқанымыз жасырын емес.

Жемқорлықтың алдын алу жөнінде түрлі институттар жұмыс жасап жатыр. Бұл ретте адамзаттың санасына серпін беру керек. Елімізде құқықтық сана төмен. Оған қоғамдағы кейбір қайшылықтар дәлел. Жемқорлық адамзатқа біткен індет. Жалпы, жемқорлыққа жиіркенішпен қарауымыз керек. Ол үшін ел, халық болып жұмыла күресуіміз қажет.

Кеңес заманы кезеңінде адам тәрбиесіне идеологияның ықпалы зор болған еді. Мәселен, октябрят, пионер, комсомол, партия сынды институттар оң ықпалын берген еді. Ал қазіргі идеологиямызда осындай институттар жетіспейтін сияқты. Иманжанды жандар тек Алладан қорқады, ал басқа құрал-тәсілдер жетіңкіремейтіні жасырын емес. Сонда біз кімге сенуіміз керек, қандай құдіретке адамзат иек артуы тиіс?..

Жер мәселесіне келсек, жер – мемлекеттікі. Ал мемлекет дегеніміз – ол халықтан құралатыны белгілі теория. Мемлекет пен халық біртұтас, егіз ұғым. Жер туралы сан түрлі дау-дамай бар. Олай болуы заңдылық та. Ал менің жеке ойым – түпкілікті жерді шетелдіктерге жалға беру емес, егер түбі жалға беру жөнінде шешім қабылдана қалса, түбі оны шешетін – халық. Егер олай болған жағдайда елге инвестиция әкелудің бір жолы деп – жерді жалға беруді айтамыз. Ал сатуға үзілді-кесілді тыйым салыну керек. Жерді жалға бергенде кімге беру керектігін де сараптау қажет. Ол жөнінде ұлттық комиссияның сарабынан өткізгені жөн болар. Жерді жалға бергенде біздегі құнарсыз, игерілмей жатқан сортаң жерлерді ойластыруға болатын шығар. Мәселен, осындайда Дубай ауызға ілігетіні белгілі. 1963 жылы Дубай құмды, шөлейт жер болатын. Ал қазір қандай? Міне, арабтар өздерінің озық елді инвесторлардың көмегімен мемлекетті 50 жылдың ішінде дамыған елдің қатарына енгізді.

Сондықтан инвесторлардың көмегімен дағдарыс кезеңінде еліміздің экономикалық жағдайын көтерудің амалы ретінде ойластырған жөн болар.

Бұл тұрғыда Дубай, Оңтүстік Корея т.б. елдердің озық тәжірибелерін зерттеуге болады деп ойлаймын.

Abai.kz

0 пікір