Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3879 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 12:02

IWF Қазақстан ауыр атлетика құрамасын бір жылға жарыстан шеттетті

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Тбилисиде өткен жиынында Қазақстан, Ресей және Беларусь ауыр атлетика құрамаларын бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім шығарды.

IWF сайтында 22 маусымда жарияланған мәлімдемеде бір жылдық спорттан шеттету қай уақыттан басталатыны нақты көрсетілмеген. Ұйым іріктеу кезінде бірнеше мәрте допинг сынағынан өте алмаған құрамалардың Рио-де-Жанейро олимпиадасына алған жолдамаларын қысқарту туралы шешім қабылдаған. Қазақстан құрамасының бір ерлер сайысындағы, бір әйелдер сайысындағы, жалпы саны екі жолдамасы қысқарған. Қазақстанның ауыр атлетика құрамасы допинг дауына дейін олимпиаданың 10 жолдамасына қол жеткізіп тұрған еді. Допинг сынағынан өте алмай жолдама жоғалтқан өзге құрамалардың ішінде Әзербайжан (1 ер, 1 әйел), Беларусь (1 ер), Молдова (2 ер), Өзбекстан (1 әйел), Ресей (1 ер, 1 әйел), Румыния (1 ер) мен Солтүстік Корея (1 ер, 1 әйел) бар.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы осыған дейін Илья Ильиннің Пекин мен Лондондағы олимпиада ойындары кезінде алынған сынамаларынан допинг табылғанын мәлімдеген.

Ильинге қоса Лондонда алтын алған Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза мен Светлана Подобедованың да сынамалары оң нәтиже берген. Бұл төрт атлет қазір уақытша жарыстарға қатысудан шеттетілген.

Ал Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті спортшының медалін қайтарып беру және Рио олимпиадасына қатысу мәселесі 27 маусымда Халықаралық олимпиада комитетінің тәртіп кеңесінде шешілетінін айтқан.

Абай-ақпарат 

0 пікір