Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 5031 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 15:40

КӨКЖИЕГІ КЕҢ ҚОС КІТАП


Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың өткен жылы жарық көрген қос кітабы – көркем туындылар жинағы мен тарихи-танымды рисәләсі – оның көркемдік ізденістерінің табиғатын, ауқымы мен көкжиектерін мейлінше айқын танытады. Бұл кітаптардан қазіргі уақыт пен өткен дәуірдің көркем көріністерімен,  сол кезеңдерде заманына лайық өмір кешкен азаматтармен, тарихи тұлғалармен танысасыз. Танысып қана қоймай, кітаптарда тілге тиек болған жәйттер мен қилы кейіпкерлер жайында өзіңізше ой түйесіз.

Алдымен қаламгердің көркем шығармаларының «Жастық шақ жырлары» атты бір томдығына көз жүгіртейік  (Қойшыбаев Б. Жастық шақ жырлары: хикаяттар, әңгімелер, романдар. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2015. – 832 б.). Адам ғұмырының алаулаған жалынды кезеңін арқау еткен  бұл жинақ ауыл мен қала жастарының сан түрлі бейнелерін көз алдыңа келтіріп, олардың тыныс-тіршілігінен қызықты сырлар шертеді. Аталмыш бір томдыққа автордың жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар өмірінен жазған шығармаларының таңдаулылары біріктірілген. (Мұнда «Кемпірқосақ – көк аспан» деген атпен топталған бес  хикаят, он бір әңгіме, сондай-ақ «Қарсаң» және «Киелі мұра» романдары бар.) Оларда кейіпкерлердің ең асыл сезімдері, өзіндік сенімдері белсенді қоғамдық позицияларымен үйлесе өрілген.  Туындылардағы   уақыт тынысымен біте қайнастыра бейнеленген жас өскін, өскелең ұрпақ өкілдерінің бітім-болмысы, мінез-құлқы, азамат боп қалыптасуына әсер ететін жәйттер түрлі көркемдік тәсілдермен тартымды суреттелген. Маңызды құндылық санатындағы кейбір ұлттық бітім белгілерінің қоғамдық даму барысында өзгеріске ұшырауы да жекелеген кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын көрсету арқылы нанымды беріледі. Кітапты оқығанда, идеологияландырылған қоғамдағы партия, комсомол, пионер ұйымдары жүргізген коммунистік тәрбие ықпалында өскен ұрпақ өкілдерінің, сондай-ақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, қоғамдық құрылыс ауысқан шақтағы кеңестік идеологиядан азат жастардың  заманына сәйкес қалыптасқан сан түрлі типтері көз алдымызға келеді. Жалпы, бұл шығармаларда бейнеленген жастар өмірі, олардың тоталитарлық кезеңнің әйгілі үлкен дүрбелеңі қарсаңындағы,  сондай-ақ еліміз тәуелсіздік алған  шақтағы тыныс-тіршілігі де ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Мәселен, қаламгердің аталмыш бір томдығының «Кемпірқосақ – көк аспан» атты бөліміне кірген хикаяттар мен әңгімелердегі жасөспірімдердің, жастардың тыныс-тіршілігі оқушысын өзіндік мәнерде жазылуымен, жеңіл тілімен  сүйсінте келе, мәтін астарын түсінуге, ойлануға жетелейді. Автор біраз шығармасында бірінші жақтан әңгімелеу әдісін қолданған. Ол кейіпкерінің мінез-құлқын сол кейіпкердің өзіне лайық сөйлеу, пайымдау ерекшелігі арқылы бере отырып, негізгі оқиғаның өрбуімен сабақтасып жатқан, әділеттілікке, адамгершілік тәлімге жетелейтін екінші желіні   астарлы түрде басты сюжетпен табиғи жымдастыра біледі. Айталық, «Кемпірқосақ – көк аспан» әңгімесінде автор шәкірттің ұстазына ғашықтығы жайындағы оқиғаны суреттегенде, жеткіншек  бойындағы мектеп және пионер ұйымы тәрбиелеген ұстанымның үлкендер ұғымына қайшы келуін және содан туындайтын ахлақи қорытындыны сол желіге астарлай тоқиды. Ал «Менің досымда» бас кейіпкердің екі досы оның өз сөзімен суреттеліп, шын дос кім, қандай қасиет бағалы деген сауалға жауап төңірегінде ойлануға жетелейді. «Сенім» хикаятында  бас кейіпкер сыныптастарының сезімдері, өзара қарым-қатынастары, достардың есею жолдары жайында жылы сыр шертеді. Идеология тәрбиелеген заманға сай стандартты шолақ пайым жасау тек ересектерге  ғана емес, жеткіншектерге де тән болғанын  «Жақсы көрем» хикаятынан көреміз. Оқу озаты, белсенді бала ауылдағы молдаға барып әлдеқандай сабақ алып жүрген сыныптасын «пионер атағына жат қылық танытып, құран  үйреніп жүр» деп айыптап, оны пионер қатарынан шығару мәселесін жиналысқа қойған. Осы жәйттің қандай шиеленіске апарғаны және түбінде баршасын табыстыратын оқиғаның қалай өрбігені «Жақсы көрем» хикаятында тартымды суреттеледі. Ал «Қателік» әңгімесіне мансап жолына түскен, басшы органда сенімді сүйеніші бар жігіттің өміртанымы өзек болған. Ол  жоғары оқуды бірге тауысқан құрдасының жаңа қызметінде қоғамдық-саяси жұмыстар жүргізуге өте жауапты қарайтындығына таңданады, оның саяси-тәрбиелік жұмыстардағы көзбояушылықты сынап, түзетуге тырысуына күле қарайды. Әңгіме астары тоталитарлық дәуірдің жалған ұраншылдық сынды басты дертін әшкерелеуге саяды. Тәуелсіздік дәуірдегі біржақты ақпаратқа бағдарланған жаңа тұрпатты жас белсенді мен оның әділет жайында өзіндік көзқарасы бар құрдасы және сол екеуінің қалаулысына айналған бойжеткен үшеуінің сезім шарпуы «Жүрегіңе сен» әңгімесінің арқауына айналған. «Құштарлық» хикаяты еліміздің дамуының екі кезеңіндегі өмір мысалдарымен, жалпы, ғашықтық мәселесіне екі адам арасындағы сезімнен асыра, жақсы мақсатқа, елдік істерге дейін өрістейтін кең мағына беруге талпынуымен  қызықты. «Мәңгілікке жол» хикаятында жастардың сүйікті жазушысы Саттар Ерубаевтың өмірге, жасампаз шығармашылық еңбекке, сүйген қызына сүйіспеншілігі әңгімеленеді.

Адамзат ғұмырында мәңгі жасай беретін осынау махаббат тақырыбының жинақтағы күллі шығармалар тініне үйлесе келе, әр туындыда әртүрлі ахлақи түйінге жетелейтіні сүйсінтеді. Бұл мәңгі тақырып жинақтағы қос романда да мол орын алып, өзіндік сипатта қарастырылған. 70-ші жылдардағы қазақ жастарының әлемі (автор тілімен айтқанда –  макрокосмы) роман айдарын таққан осы шығармалар әлеміне –  микрокосмдарына шоғырландырылған. Атап айтқанда, «Қарсаң» романының микрокосмынан тарихшы-ғалым  болуға ниеттенген Дархан, жазушылықты арман еткен Ерік, белсенді қоғамдық жұмысқа берілген Абылай, Қасым  сынды жігіттерді және олардың таңдаған құрбылары мен өмірде қоян-қолтық өмір сүріп жүрген замандастарын көресіз. Осы кейіпкерлердің жан дүниесін, тіршілік философиясын тануға құстар жайындағы аңыз арқылы берілетін тұжырым жәрдемдеседі. Бұл ертегіде данышпан қария алдына келген қайғылы бозторғайға ақыл айта отырып:   «Бізде, адамзат баласы арасында мынандай жазылмаған ар заңы бар: әркім шыққан тегінің тарихын, тілі мен мәдениетін біліп, сүюге тиіс. Соларды жау шабуылынан жан-тәнімен қорғауға міндетті. Өз шаңырағын сүйген ғана бөтен шаңырақты сыйлай алады. Кімде-кім ар-ұжданын осы ережеге бағындырса – Отанының адал ұлы сол», – дейді. Осы жолдар асыл сезімдер жетегінде өмірдегі өз орнын іздеген  жастардың ішкі ұстанымы сипатты әсер етеді. Шығарма сюжетіне небір сыр түрінде өрілген басқа да  астарлы аңыздар сонау тоталитарлық қоғамда ашық айтыла қоймайтын өзекті мәселелерді меңзейді. Ал «Киелі мұра» романы алғашқы туындыдан  таныс  үш достың сүйген қыздарымен бірге үлкен өмірге беттеген бақытты шағын көрсетуден басталып, кейіпкерлеріне қилы кілтипандарымен сынақ жасайтын тіршілік үдерісін суреттейді. Мұндағы микрокосм бақытты өмір сүрудің алыс замандағы формуласымен өрнектелген тәбәрік-қамшының қазіргі заманғы жастар тағдырымен тылсымды байланысына құрылған деуге болады. Көненің көзі іспетті қамшы сабына жазылған:   «Қос пенде, шаңырақ көтердің бе, – ғұмырың маған байланды. Мен деп таңың атып, күнің батса – талайыңмын, елемесең – ажалыңмын. Алтын қазығың ажарын бермесе – жат көздің жауын ала түсем, түтеткен түтінің қисық көтерілсе – семе түсем. Менің семгенім – ошағыңның сөнгені. Алланың қалауы осылай. Аумин», – делінетін жолдар фәлсафасы терең ойға жетелейді. Осынау мағыналы символ-бұйым туындыдағы қоғамдық-шығармашылық белсенділігі айқын жастар үшін алдарына қойған мақсаттарына апарар қақпаның кілті іспетті көрінеді. Адамзаттың мәңгілік серігі тәрізді ахлақи ереженің символикалық мән-маңызы тартымды суреттеліп, оқырманды ерекше сезімге бөлейді, оның имандылық-адамшылық мағынасына ойлана қарауға итермелейді.

 Оқырман жинақтағы хикаяттар, әңгімелер мен романдарды оқи келе, жас ұрпақ бойындағы туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктің, сәтті-сәтсіз ғашықтық сезімдердің, адал махаббаттың кейіпкерлер ұстанған қоғамдық белсенді позициялармен қалай үйлесімді өрілгенін және оның жайбарақат қарауға болмайтын небір сыр түрінде берілгенін көреді. Тоқырау дәуірі соңында орын алған бұлқыныс қарсаңындағы жастар өмірі, олардың бүгінгі күнмен үндесіп жатқан тыныс-тіршілігі оқушысын бей-жай қалдырмайды. Қаламгердің өзіне тән қолтаңбасы, туындыларында көзге ұратын стильдік ерекшелігі жинақты бүгінгі заман оқырманына жақындата түскен. Сонысымен кітап уақыт сұранысына үндес боп шыққан, сонысымен оқушыға берер тәлімі де мол. Жинақ кеңестік дәуірдегі және қазіргі кезеңдегі замандастарымыздың жан дүниесін танып,  көркем тарихын көргісі келетін қалың көпшілікке, болашаққа қол созған өрімтал жігіттер мен қыздарға  арналған. Автор туындыларын өзіндік мәнермен жазған, көркемдік ізденістері елеулі. Оның жаңалығы жетерлік шығармашылық қолтаңбасын танытатын «Жастық шақ жырлары»  жинағы әркімнің көңілінен шығары хақ.

Жазушының біз тілге тиек еткелі отырған екінші кітабы Алаш қозғалысының бастауын арқау еткен екен. Қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертетін осынау «Алаш жолы» атты туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында жарық көрді (Қойшыбаев Б. Алаш жолы. Рисәлә. – Алматы: «Қаратау КБ» ЖШС; «Дәстүр» баспасы, 2015. – 400 б.). Кітапта Ресей империясының отарына айналған қазақ елінде  бостандық үшін жаңа тұрпатты  күреске бет бұрған XX ғасырдың басындағы кезең суреттеледі.

Қазақ даласындағы маусымдық ірі сауда-саттық орындарының бірі Қоянды жәрмеңкесіне 1905 жылғы жазғытұрым жиналған халық іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің көзін ашқан болатын. Жәрмеңкеге жиналып жатқан жұрт ішінен Еркіндік есімді жасамыс кісіні де кезіктіреміз. Ол отаршыл өкімет қазақ елін душар еткен қиындықтарды қаршадайынан бастан кешіп келе жатқан қарт-тын. Империяның қилы жолмен қазақ жеріне сұғынуы елді ұлттық езгіге, қилы әлеуметтік күйзеліске ұшыратқан. Сонда Еркіндік ауыр тұрмыс ашындырған  жұрт ішінен өкіметке қарсы қол бастап ереуілдеп, сол үшін каторгаға айдалған болатын. Каторгадан  бірінші орыс революциясы оқиғалары кезінде қашып шығып, елге келген беті еді. Оны революция жаңа күреске жігерлендірген-ді, алайда оның құлшынысын елдің бас адамдары құптамайды. Еркіндік қарт та жәрмеңкеге жиналып, үкіметке арнайы хат жазуды қолға алған оқыған жастардың ниетін ә дегенде қабыл алмай, біртіндеп қана бет бұрады. Бұған өзінің баласы іспетті, ереуіл кезінде жазалаушы жасақ қолынан қаза тапқан жауынгер серігінің ұлы Өтеміс ықпал етеді. Өмірге, әсемдікке ғашық бұл жасөспірім жәрмеңкеге келе жатқан оқымыстының әңгімесін тыңдау барысында, сол таңдағы азаттық қозғалысы жайында алғашқы мағлұмат  алған-тын. Ол жәрмеңкедегі үкіметке петиция дайындау және оған қол қою үдерісі кезінде Еркіндік көкесінің де жаңаша күресу жолына түскен жас зиялыларды қоштауына қол жеткізеді. Қоштағаны  сондай, қарт көтерілісші, ақыры, Қарқаралы поштасы империя астанасына, патша үкіметіне жіберуге қабылдамаған ұжымдық хатты Дала өлкесінен тысқары, ішкі Ресей қалаларының біріне жеткізіп, поштаға салуды міндетіне алады.

Отарлық дәуірдің орнығуына тікелей куә болып келе жатқан қарт Еркіндіктің кеудесіне жастайынан кек байланған болатын. Жеткіншек шағында отаршыл атты әскердің құм ішіндегі ауылды шауып, шаңырақтарын ортасына түсіре ойрандағаны, өзінің тал шыбықтай бұралған тете әпкесін қылышын жалаңдатқан жас зұлымның қорлағаны ешқашан көкейінен кеткен емес. Сондағы әке-шеше, туыстарынан айырып, өз тағдырын күрт өзгерткен нақты жауын ондаған жылдардан соң осы жәрмеңкеде көреді. Байырғы қаскүнем әскери – бұл кезде  қалтаңдаған шал, үлкен ұлықтың әкесі. Еркіндік одан, жеке дұшпанынан, өш алуға ниеттенеді. Алайда нағыз жеңіске жету үшін бұл аздық етер еді, бұл үшін күллі көзі ашық жұрт иық тіресіп, жиренішті отаршыл, озбыр өкіметпен күресуі тиіс, бәрінен осы маңызды. Осындай ойға ұйыған қарт та, оның баласы сынды  Өтеміс те сол жылғы жаз соңында тарихи тұлғалармен бірге Ока өзені айдынында қалқыған откеме (пароход) үстінде өткен мұсылмандар съезіне қатысады. Күздің ақырғы айында оларды Қарқаралы өңіріндегі ел басқарудың республикалық режиміне бет бұрған оқиғаларға,  қыстың басында Нілді кенішіндегі шетел капиталистеріне қарсы қазақ-орыс одағын құрып күресуге бел буған жұмысшылар толқуына, жыл соңына қарай Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясын құрушылар құрылтайына қатысушылар ішінен көреміз. Бұлармен бірге Қоянды жәрмеңкесінде тосын революциялық көзқарасымен ерекшеленген Жасай атты оқыған жігіт бейнесі ерекше есте қалады. Оның билік өкілдерімен және империяшыл құрдастарымен, одан, Оралда құрылмақ саяси партия белсенділерімен қақтығысы алғашқы орыс революциясы жылдарындағы жаңаша қалыптасуға бет алған ұлттық қозғалыс реңктерін әр қырынан тануға жәрдемдеседі. 

Ел ішіндегі белгілі тарихи тұлғалармен қоян-қолтық әрекет еткен осындай типтік бейнелерді сомдай отырып, автор азаттық қозғалысының бастауында тұрған аға ұрпақтың іс-әрекеттерін  көркемдік зерттеуінің нысанасы етіп алған. Баршамыз білетіндей, халқымыздың саяси тұрғыда оянуын, қаз тұрып, мақсатын айқындауын мүмкін еткен азаттық жолындағы қозғалысы  өткен жүзжылдық табалдырығынан аттай бере туған. Содан көп ұзамай, «халықтар түрмесін» қаусатуды көздеген жалпыимпериялық революциялық қозғалыстың қуатты толқынына толқын болып қосылған. Жазушы  сонау күрделі кезеңдегі ұлы өзгерістер макрокосмын өз әдеби тәжірибесінің микрокосмында бейнелегенін айтады. Ол империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен астаса өрістеген Алаш қозғалысы сынды ерен де ерек құбылысты бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасына балайды. Мұны шығармасында бүгінде «Мәңгілік ел» бағдарламасының мазмұнын айқындай түсетін арнайы Патриоттық акт қабылдап, мемлекетіміздің мың жылдық ғұмырын қамтамасыз ету жолында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстың күретамыры ретінде танытуға тырысқан.

Автор кітабының алғысөзінде рисәләні құрайтын туындыларды қандай да бір әдеби жанрға жіктемей, әр шығарманы өзінше бір этюд, рисәләнің бір бөлігі деп санайтынын жазыпты. Және топтамасына  «ортаазиялық шығыс прозасының ортағасырлық жанрын айшықтайтын бөрік кигізгенді» қош көргенін, сол бөрікті рисәлә деп атағынын, өйткені өзіне оның түпкі мағынасы ұнайтынын айтқан. «Рисәлә тұңғыш рет өмірге, сол заманғы қолданылу ретіне сай, жолдау деген мағынамен келген, біртіндеп араб, парсы, түркі қарасөзінің өзіндік жанрының атауына айналған болатын» дейді ол. Өзінің ойына алған мақсатына қызмет етеді деген сеніммен, сол атауды жаңғыртуға бел байлапты. Автордың ойынша, «Алаш жолы» рисәләсі тамыры ғасырларға кететін ұлттық қозғалысты бейнелеу арқылы бүгінгі ұрпақты тарих сабақтары арқылы баулуға, тарих арқылы тәрбиелеуге қызмет етпек.  

Рисәлә жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын және оның Алаш-Орда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын  көрсететін тарихи-танымды он этюдтен тұрады. Біз шолу жасап отырған кітапқа солардың үшеуі енген. Жоғарыда, негізгі кейіпкерлерді таныстыру орайында айтқанымыздай, Алаш саяси ойы әлемін көрсететін рисәләнің «Аңсау» атты алғашқы бөлігі ұлттық қозғалыс өмірге келген шақтағы отарлық ахуал мен саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілікті суреттеп, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы патша үкіметіне жазылған тілекхат жайын әңгімелейді.  «Тамырда» жалпыресейлік мұсылман қозғалысының күшеюі, қазақ қайраткерлерінің қатысуымен ашық әрекетке шығуы сөз болады. Жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін күресу барысында қазақ жерінде еліміздің болашақ қоғамдық-саяси келбетінің алғашқы нобайлары (прообраздары) қалай туғаны «Айбат» бөлімінде көрсетіледі. Рисәләнің аталған бөлімдерінен оқырмандар Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды бірқатар тарихи тұлғалардың бейнелерімен, олардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады.

Автор Алаш қозғалысының тарихы отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін – 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді қамтиды деп санайды.  «Алаш жолы» рисәләсі 1905 жылғы петиция науқанынан бастау алып, 1917 жылы Алаштың Ордасын құру жолымен жеңісті шыңына шығуын суреттеуді мақсат етеді. Осы уақыт ішінде дамыған  қазақтың жаңа тұрпатты азаттық қозғалысы мен сол жолдағы маңызды оқиғалар жайынан сыр шертеді. Алаш эпопеясының бүгінгі ұрпаққа тағылымды түрлі кезеңін бейнелейді. Отар еліміздің империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен, мұсылман қозғалысымен астаса дамыған ұлт-азаттық қозғалысын, сол орайдағы қазақ қоғамдық-саяси ойының даму тарихын алға тартады. Сол арқылы біздің бүгінгі тыныс-тіршілігімізге қуат беретін ұлттық қозғалыс әлемін жаңғыртады. Сөйтіп, белгілі бір тарихи кезеңді бейнелейтін Алаш дәуірнамасы секілді рисәлә барша оқырманды, жастарды тарих арқылы тәрбиелеу ісіне атсалысуды мұрат етеді. Қаламгер рисәләнің алғысөзінде осындай үмітін аян етіпті, біз де сондай үмітпен, рисәләнің басқа бөліктерінің де тезірек оқырман қолына тиюін асыға күтетінімізді айта кеткіміз келеді. Ұлт-азаттық қозғалыс тарихына қызығушылық танытатындар үшін пайдалы тарихи мағлұматтары бар осынау рисәлә алда келе жатқан Алаш-Орданың – жаңа заманға сай шаңырақ көтерген Қазақ Ордасының –  құрылғанына 100 жыл толу мерейтойы қарсаңында  оқушысына толық жетсе, құба-құп болар еді.

Қысқасын айтқанда, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың былтыр жарыққа шыққан,  көтерген мәселелері, қозғаған тақырыптары ерекше бұл қос кітабы, сөз жоқ, көңіл аударуға тұрады. Бұларда бедерленген қазіргі заман жастарының бейнелері, алыс замандағы аға ұрпақтың, өмір ағысын өзгертуге елеулі үлес қосқан тарихи тұлғалардың бейнелері, тіпті, тарихи оқиғалардың да өрнектелу әдістері сыншылар мен зерттеушілер назарынан тыс қалмауға тиіс. Өйткені оларды әділ талдау да, елеулі жаңалығы бар шығармаларды өз деңгейіне сай бағалай білу де біздің бүгінгі ойлау дәрежемізге кәдімгідей сын болмақ. 

Балжан Хабдина

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604