Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 5752 0 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 15:43

СИРИЯҒА ЖИҺАДҚА КЕТКЕНДЕР ҮШІН ҚАЗАҚСТАН - КӘПІРСТАН

 

Ағымдағы жылдың 31 мамырында Астана қаласында өткен «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізген Елбасы жолдауында «Бүгінде терроризм қатері халықаралық қауіпсіздік туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей деп бөлмейді. Осынау қауіпке тойтарыс беретін бірегей әрі жалпыға ортақ шешім әзіргѐ жоқ. Сондықтан бұл жаһандық індетке лайықты қарсы тұру жолында бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз қажет. Терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды» делінген.

Елбасы айтқандай, ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмыстарға үлкен мән берілуі керек. Нақты айтқанда, экстремистік және террористік пиғылдағы топтардың іс-әрекеттерін идеологиялық тұрғыда әшкере ететін ақпараттық материалдар көптеп жариялануы тиіс. Аталған ақпараттық материалдарда радикалды діни топтардың ұстанымдары мен мақсаттары және азаматтарды алдап-арбап өз қатарларына қосу тәсілдері мен оған қарсы іс-әрекеттер туралы жан-жақты талданған, түсінікті тілде нақты мағлұматтар келтірілуі керек. 

Жалпы барлық радикалды діни топтардың мақсаты билікке жету болып табылады. Ол үшін олар мемлекеттің басшысын «кәпірлікке» айыптап, оған қарсы «қасиетті соғыс» жариялайды.

Сонымен радикалды діни топтардың идеологиялық негіздерінде жоғарыда келтірілген 3 басты ұстаным жатыр:

- билікке жету;

- кәпірлікке айыптау;

- қасиетті соғыс (жиһад).

Радикалды діни топтардың түсінігінде билік ұғымы олардың идеологиялық ұстанымдарына сай болғанда ғана заңды болып есептеледі. Сондықтан да олар өздері жаулап алған аймақтағы ғана билікті заңды деп, өздерімен келіспеген өзге барлық мемлекеттерді жау санайды.

Мысалы, Сирияға сеңделген сыңаржақ сенім иелері еліміздегі билік шариғат талаптарын басшылыққа алмайды деп, Қазақстанды «кәпірстан» жариялап, өздерінше мұсылман мемлекетін құру үшін таяу шығысқа қоныс аударды.

Бірақ та сол саналары уланған «жас жиһадшылар» Ислам тарихында өмір сүрген қаншама дін ғұламалары шариғатты басшылыққа алмаған билік иелерін үзілді-кесілді «кәпірлікке» айыптамағанын, қайта қандай жағдай болмасын басшының жанынан табылу керектігін, әсіресе, жиһад мәселесі тек басшының әмірі арқылы ғана орындалатын ұжымдық құлшылық екендігін айтып кеткен құнды еңбектерін оқымастан, белгісіз біреулердің айтағына еріп, айтқанына көніп кете барды.

Қазіргі таңдағы радикалды діни топтар біздің заманымыздан алдынғы ғасырларда пайда болып, әр ғасыр сайын әртүрлі кейіпте көрініс беріп отырған. Дегенмен, тарихқа көз салсақ олардың барлығына тән ортақ белгілері болған.

Ең бірінші белгісі, олардың арасында ел таныған, дін ғұламалары тарапынан мақталған білім иелері болмайды. Сәйкесінше, аталған тобырдың діни идеологиясы білімсіздікке негізделінген. Оны бүгінгі радикалды діни топтардың мүшелерінен де байқауға болады. Араларында «шейх» деп айдар тағып жүрген көсемдерінің білім деңгейі бір-екі діни кітаптың төңірегінен де аспайды. Белгілі діни оқу орындарын бітірмеген, дін ғұламаларының алдында отырып тәлім-тәрбие алмаған, керісінше, өз бетінше ізденіп, соған мәз болған, «әліпті әріп деп білмейтін» сауатсыз надан жандар екендігі бесенеден белгілі.

Ал енді сол сауатсыз ғалымсымақтардың айналасына жиналған тобырға көз салсақ өңшең өмірлік тәжірибесі жоқ, өмірден өз орындарын таба алмай жүрген жастарды байқаймыз. Ия, осылайша талай жастарымыз үлкендердің өсиеттеріне құлақ аспастан, «отызда орда бұзар шақта» еліне оқ атып, ата-аналары мен жақындарының жандарын жаралап жатқандығы жасырын емес.

Адамның жастық шағы мол мүмкіндіктердің кезеңі. Осы себепті, дін жолында жүрген жастар қарттарға қарағанда құлшылықта белсенді келеді. Оның үстіне ол радикалды діни топтың ықпалындағы жастардан болса, олардағы ұжымдық сана өте мықты итермелеуші күшке ие болғандықтан, өздерінің қылған құлшылықтарымен өзара мақтансынып, өзгелердің, әсіресе, аға буынның діни құлшылықтарына менсінбей қарап, өздеріне үлгі тұтуға жаратпай жатады. Міне, айтылғандардың барлығы бүгінгі күнде қоғамда көрініс беріп отырған деструктивті діни ағымдардың сипаттарынан екендігі бәрімізге белгілі.

Енді олардың осы айтылғандардан да сорақы сипаты бар. Ол сипат олардың жасырын іс-әрекеттерінде жатыр. Олар өздерінің діни өшпенділіктерін ашық айтпайды, өзара қуыстанып, жасырын пәтерлерде жиналып, белгілі топтың айналасында ғана әрекет етеді. Сонын салқын салдарын Ақтөбеде орын алған қайғылы жағдайда сезіндік. Жау сырттан келген жоқ. Күнделікті мешіттерге барып, көз көрісіп, қол алысып жүрген азаматтар тапа-тал түсте бітіспес жауымыз боп шыға келді. Әрине, өте өкінішті жағдай орын алды.

Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін жастарымыздың тәрбиесіне, әсіресе, әлеуметтік желідегі іс-әрекеттеріне өте қырағылықпен қарауымыз қажет. Себебі, сириялық «интернет шейхтар» әлеуметтік желілер арқылы жастарды өздерінің қатарына оп-оңай тартуда.

Осы ретте, қызмет бабында нақты өмірде орын алған оқиғаны жастар үшін ғибрат алар деп келтіре кеткенді жөн санадым.

Тараз қаласындағы колледждердің бірінде оқитын 16 жастағы қыз бала айдың-күннің аманында соңғы емтиханы болатын күні жоғалып кетеді. Кешке дейін үйіне келмеген соң ата-анасы тиісті құзырлы органдарға хабарлама беріп, жан-жақты іздеу жұмыстары жүргізіледі. Қыздың құрбыларынан ешкім оның қайда екендігін білмейді. Ұялы телефоны сөндірулі. Хабарласу мүмкін емес. Содан бірнеше күннен кейін әлгі қыздың ұялы телефонынан оның Украинаның астанасы Киев қаласында екендігі туралы сигнал түседі. Одан кейінгі сигнал Түркияның Анкара қаласынан шығады. Сол кезде қыздың қайда бара жатқандығы белгілі болады. Шетелдік құзырлы органдарға хабарлама беріп, қызды Түркия мен Сирияның шекарасынан қайтарып алды.

Қыз бала Қазақстанға келген соң облыс әкімдігі дін істері басқармасы мен Дін проблемаларын зерттеу орталығының дінтанушы, теолог мамандары оңалту жұмыстарын жүргізіп, сұхбатқа тартты. Белгілі болғаны әлгі қыздың діни сауаты мүлдем төмен, тіпті, жоқ десем артық болмайды. Бар айыбы жастық қызбалықпен әлеуметтік желінің арғы жағындағы белгісіз жігітке ғашық болып қалған. Бұл оқиғадан ойға түйгеніміз, радикалды діни ағымдар табиғатынан сезімтал болып келетін қыз-келіншектерді эмоция арқылы алдап-арбап, ақырында айтқандарына көндіреді екен. Сондықтан ата-аналар қыздарының әлеуметтік желілер арқылы кімдермен қандай тақырыптарда әңгіме-дүкен құрып жүргендеріне бір сәт назар аударып қойғандары дұрыс болар еді.

Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау, тұрғындар, оның ішінде, жастар арасында дұрыс діни сауаттылықты қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу бағытында Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасы тарапынан ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

Облыста 2012 жылдан бері дін саласында ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жүргізіп келеді. 2015 жылдан бастап облыстық топтардың құрамы тек қана кәсіби дінтанушылармен жасақталса, ағымдағы жылы оның құрамы әйел жамағаттарымен жұмыс атқаратын белсенді, әрі облысқа кеңінен танымал азаматшалармен толықтырылды.

2014 жылы пилоттық жоба ретінде ауылдық деңгейде жұмыс атқарған топтардың жұмысы биыл қайта жаңғыртылды.

Бүгінгі күні өңірде 5 облыстық, 11 Тараз қалалық, 10 аудандық және 156 ауылдық округтік топтар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытуда.

Нәтижесінде, өткен жылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының шеңберінде 650 іс-шара ұйымдастырылып, оған 33 мың адам қамтылса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде үлкенді-кішілі мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, қамтылған адамдардың саны 40 мыңға жетті.

Іс-шаралар ішінде, «оупен эйр» (ашық аспан) форматында қоғамдық орындар мен сауда кешендерінде өткен түсіндіру жұмыстары көпшілік көңілінен шығуда

Облыстағы әйел жамағаттары мен дін ұстанушы қыздар арасында түсіндіру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Осы себепті, облыстық әйелдерге арналған Дағдарыс ортылығымен қарым-қатынас орнатылып, жоғары оқу орындары жанынан «Қыз Жібек», «Айша», «Әйгерім» клубтары құрылып, діни сауаттылықты қалыптастыратын ақпараттық кеңестер берілуде.

Басқарма ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің біліктілігі мен діни сауаттылығын арттыру мәселесіне де тұрақты көңіл бөлуде.

Бұл бағытта жыл сайын тұрақты түрде семинарлар ұйымдастырылып, оған елімізге танымал кәсіби дінтанушылар мен осы салада қызмет атқаратын лекторлар мен тренерлер тартылуда.

Ұйымдастырылған іс-шаралар барысында облыс әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы тарапынан шығарылған 17 мың дана кітап пен кітапша, 24 мың дана буклет және 700-ден астам диск таратылды.

Дін проблемаларын зерттеу орталығының сенім-телефоны мен республикалық «114 - Қауырт желісі» туралы Тараз қаласы мен аудандарда сыртқы көрнекілік құралдары ілініп, жергілікті телеарналардың жүгіртпе жолақтары арқылы хабарлама беріліп, қалаішілік автобустарға ақпараттық парақшалар жапсырылған.

2015 жылы Дін проблемаларын зерттеу орталығына 10 адам ауызша шағымданып, сенім-телефонына 24 хабар түссе, ағымдағы жылы ауызша 3 адам қайырылып, телефон арқылы 27 хабарлама түсті. Түскен арыз-шағымдар мен өтініштердің барлығына діни-құқықтық және психологиялық тұрғыда жауаптар мен кеңестер берілді.

Деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған бас бостандықтарынан айырылған және бостандықта жүрген азаматтар арасында жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде 87 азамат, оның ішінде, 28-і сотталушылар, қалыпты діни көзқарасқа қайтарылды.

Бұл жұмыстарға жоғары дінтанулық, теологиялық білімі бар Басқарма мен Орталықтың мамандары және мешіт имамдары жұмылдырылуда.

Мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруда және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеттері тиімді пайдаланылуда. Мәселен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2014 жылы 4 жобаға 5,5 млн. теңге, 2015 жылы 5 жобаға 10 млн. теңге қаралса, ағымдағы жылы 8,9 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда.

Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне айрықша басымдық берілуде.

Өткен жыл мен үстіміздегі жыртыжылдықта БАҚ көздерінде дін саласына қатысты 2 жарым мыңнан астам материал жарық көрді.

Облыста dini.zhambyl.kz, hibatulla.kz, sektamnet.kz, tarazdini.kz сияқты веб-сайттардың қызметтері үйлестірілуде. Аталған сайттардың ішінде, облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті тарапынан үйлестірілетін hibatulla.kz сайтының ақпараттық қызметін айрықша атап өткім келеді. Сайтта ислам дініне қатысты әлемде, елімізде, облысымызда орын алып отырған оқиғалардың қатары, аудио-видео материалдардың мол қоры және электронды кітапхана қызметі бар. Жастардың заманауи қажеттіліктеріне сай, hibatulla.kz сайтының смартфон жүйелеріне арналған нұсқасын интернеттен жүктеп алуға да мүмкіндіктер қарастырылған.

Бүгінгі уақытта облыс тарапынан 40-қа жуық дінтанушылар, ғалымдар, тарихшылар мен мәдениет саласының белгілі қызметкерлері блогерлік жұмыстарға тартылды.

2015 жылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 6 бейнеролик пен 1 деректі фильм дайындалды. Биылғы жылдың соңына дейін тағы да бірнеше бейнероликтер әзірленетін болады.

Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы еліміздегі діни тұрақтылықты сақтауға, діни экстремизм мен терроризм көріністерін болдырмауға бағытталған. Алдағы уақытта әлі де атқарылуы тиіс шаралар баршылық.

Қорыта келгенде айтарым, бүгінгі жастар материалдық жағынан жан-жақты жағдайлары жасалған. Бірақ рухани дүниелеріне азық болатын отбасы құндылықтарынан алыстап барады. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен ата-аналар балаларына көңіл аударудан қалғандай. «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» демекші, жастарды жат ағымдардың жетегінде кеткен адасушылар деп айыптағанша, адаспаудың алдын алғанымыз жөн болар.

Жангелді Омаров

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522