Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 6554 0 пікір 29 Маусым, 2016 сағат 11:09

ӘСІРЕ ДІНШІЛДІККЕ БАРМАЙЫҚ, ДӘСТҮРДІ САҚТАЙЫҚ

Қазақ салт-дәстүрінің ислам қағидаларымен сабақтастығы және өзара үндесуі ерекше маңызға ие. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізбен әдет-ғұрыптардың басым көпшілігі ислам дінінің ұстанымдарынан алынғаны белгілі.

Кеңес Одағы кезеңінде қазақ халқының ұлттық және діни құндылықтарының тұмшалануы, діндарлардың қудалануы мен ғибадатханалардың қиратылуы себебінен өз рухани болмысын қалтарыста ұстауына тура келді. 1991 жылы қазақ халқы егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет атанған күннен бастап, жаһандану заманындағы жаңа кезеңдер мен жаңа мүмкіндіктер және бағындырар үлкен белестері күтіп тұрды. Соның бірі діни сенімге деген бостандық мәселесі тыс қалған жоқ. Еліміз діни конфессияларға еркіндік беріп, қоғамның діни білім үйренуіне бет бұра бастағаны айқын. Оның ішінде ислам ілімін толықтырамын деушілердің араб мемлекеттеріне сапар шегуі арқылы бойларына теріс бағытты сіңіріп келгендері де болды. Солардың арасынан өз туған мекеніне оралып, ата-бабаларын адасушылар деп, қазақтың ғасырлар бойы ұстанып келген салт-дәстүрін жоққа шығарушылар қоғам арасында пайда бола бастады. Жоққа шығаруының себебін ислам дініне жаңалықтың енгізілмейтіні және сол жаңалық енгізушілердің қатарынан өзін тәркі етуі керектігін пайымдауда. Сол ұстанымды бойына сіңіргендердің нәтижесінен қаншама отбасы шаңырағы шайқалды. Оның ішінде әке мен баланың өз арасында түсінісе алмауы, дүниеге деген көз-қарастарының қарама-қайшылығы, өзара бірін-бірі жек көруге дейін барған келеңсіздіктер қоғамда орын алып жатты. Соның бәрі қазақи құндылықтарды және ата-бабаларының ұстанымын жоққа шығаруы мен дінді толыққанды түсіне алмай, шектен тыс бұрмалаушылардың арасында өрістей бастағаны анық. Әрбір дәстүрлі дін адамзатты – ұстанымдылыққа, қайырымдылыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, төзімділікке, сыйласуға үндеп, жауласқан екі жақты табыстыруға қызмет жасайтын рухани болмыс. Өкінішке орай, сол рухани болмысты толығымен түсіне алмай, жат ағымның ықпалында жүріп халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын азаматтардың бүгінгі күнде шетел асып, бүлікке ұрынған мемлекеттердің қарулы қақтығыстарына да қатысып жүргендерін білеміз. Сондықтан әлемдік деңгейде тараған ислам діні жеткен жерлердің тарихына үңілетін болсақ, халқы өз құндылықтарын сырып тастап, арабтанып кеткенін көре алмаймыз. Өйткені мәдениет қашанда салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптармен сабақтасып жатады. Олардың барлығын бір жақты қарап, бірден тиып тастауға болмайды. Ислам діні әрбір ұлттың болмысын Жаратушының әміріне қарсы болмайтын ерекшеліктерін оң қабылдап, толықтырады.

Жалпы қазақ халқы ислам құндылықтары, ислам мәдениеті мен жаңарту ісіне зор үлесін қосқаны белгілі. Оның дәлелі ортағасырлық мұсылмандық философиялық ойдың қалыптасуы мен дамуына қуатты серпіліс берген қазақ даласының ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б ойшылдар мұралары ислам өркениетінің асыл қазыналары ретінде саналады. Ислам дінінен бастау алып, адамға жан-жақты тәрбие беріп, иманды ұл, ибалы қыз болып, ер жетуіне ерекше көңіл берген ата-бабамыз келер ұрпаққа отаншылдық және ұлтжандылық пен ақыл-парасатты мұра еткен. Сондықтан біздің міндет жасанды жалған теріс діни ұстанымдардан алдын алатындай келешегі зор білімді, адал қызмет атқаратын елінің ертеңі үшін аянбай еңбек ететін, отансүйгіш ұрпақ қалыптастыруымыз қажет. Бүгінгі білім беру жүйесінің барлық деңгейінде, соның ішінде арнаулы орта білім беру ұйымдарында, заман талабына сай, еліміздің зайырлы ұстанымдары мен ұлттық және діни құндылықтары тұрғысынан дәріптей келе, жас жеткіншектердің сана-сезімін, дүниетанымын кеңейте отырып, оларды өз халқының, мұраларын қастерлеп, сақтай білуіне үйреткеніміз абзал.

Ислам ол шынайы өмірмен санасып отыратын дін. Ислам діні - бейбітшілікті, тыныштықты және жұмсақтықты орнату үшін жіберілгені белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) дінді жеткізуіне қатысты бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер», – деген. Бұл осы бүгінгі күндегі әсіре діншілдіктің алдын алуындағы айғақтарының бірі. Сол себептен діншілдікке бас ұрмай, дәстүрді сақтайық ағайын.

 

Бекжан Жахин,

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халқаралық орталығы Талдау жұмысы бөлімінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір