Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 6543 0 пікір 29 Маусым, 2016 сағат 11:42

«ҚАЗАҚТЫҢ КҮНІ САНАУЛЫ МА?»

Мынаған көзіміз жетті. Өз елінде туып, өз елінде тұрса да өзге тілде, яғни, орыс тілінде көзін ашқан және одан әрі шетелде тәлім-тәрбие алған ұрпақтан ұлтым, елім, тілім деп шыбын жанын шүберекке түйетіндер шыға қоюы екі талай екен. Қазақ ондайларға жаны күйгенде «іштен шыққан шұбар жылан-ай» немесе «тумай туа шөккір-ай» деп күңіренеді. Ал Кеңестік Ресей басқарып тұрған кезде ұлттар достығына алауыздық туғызады немесе орыс пен қазақтың бауырластығына нұқсан келтіреді деп өлеңдерін оқытпақ түгіл атын атауға да тыйым салынған шайырдың бірі Әлімнің Тілеу руынан шыққан Сарышолақ шайыр Боранбайұлы жәй ауыл молдасынан дәріс алған қаратабан қазақтың бірі еді (1858-1929). Қазақ даласына әуелі патшалы орыс әскері басып кіріп, оның соңынан мұжықтары қаптап көшіп келіп жатқанын, одан кейін келген кеңес әскерлерін тағы да көзімен көріп, қазақтың жеріне де, тіліне де қара бұлт төнгенін көріп жаны күйзелген ол «орманды-тоғай өрімді, құт-мекенді жерімді» алғаны аз болып енді «Аллаға ықтияр тілімді, шүлдірлеп енді бүлдірмек» деп күйінеді. Оның замандасы Әбубәкір  Кердері «келгенде 15 жасқа түркі білдім, түркіні тәмам тілдің көркі білдім» дей келіп, енді бірде:

          Тұлпар боп мәстек жараулы,

         Кәлима келген тіліме

         Бастады сұғын қадауды.

         Күн кешсе бұлай үндемей

         Қазақтың күні санаулы,-дейді. Одан әрі қалың қазақты «кәпірше сөйлеп» тілінен айрылмауға шақырып, «тілі екеудің – діні екеу», тілінен ажыраған қазақты қазақ деуге болмайды, «бұлай күн кеше берсе, күні санаулы» деп қамығады. Сол Әбубәкір мен Сарышолақтың айтқаны бүгін дәл келіп, осы уақытқа шейін «елімізде тыныштық» болса болды деп ішкен-жегеніне мәз қазақ бүйте берсе тілінің сол Әбубәкір айтқандай санаулы күні қалатынын кеш байқап отырма деп қорқамыз.

         Иә, 25 жыл бойы «елімізде тыныштық» деген бір ауыз сөзді қайталап, биліктің алуан түрлі алдарқатуына мәз болу қазақтың түбіне биыл жеткен сияқты. Құдай мен қазақтан гөрі Мәскеудегі мықтыларынан қорқатын,  орыстың бетіне қарап бір ауыз қазақша сөйлеген қазақты жауапқа тартамын деп қорқытатын, миымды алып тастап басқа ми салмасаң, қазақша сөйлей алмаймын дейтін миғұла Ерлан Ыдырысов  пен мәжілісте бір-біріне Мәке, Бәке, Сәке деуге тыйым салған Нұрлан Нигматуллин-аби сияқты басшылары бар қазақ байғұс енді балаларына ата-бабасының тарихын оқуына тыйым салуына да көнген сияқты. Ал дүниежүзі тарихы қазақ мектептерінде тек орыс тілінде оқытылатын болды. Қазақ ұрпағының миын бұлайша былғап, туған ұлтынан безген мәңгүрт етудің бұл тәсілі–Назарбаев зияткерлік мектебі деп аталатын оқу ошақтарынан басталды. Қазір бүкіл мектеп НӘН мектеп не істесе, соған көшуде. Ал өзге жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады. Өле-өлгенше билік басынан кетпеу үшін 25 жыл бойы қазақтың жерін жер байлықтарымен қоса сатып келгендер Ресейдің де, басқаның да тоятын қандырып, көңілін табу үшін енді қазақтың тілін де құрбандыққа шалып жіберді. Ал тілі құрбандыққа кеткен ұлттың өзі де көп ұзамай о дүниелік болатыны талай мәрте тарихта дәлелденген. Бұның бәрін істеп отырған кім және кімдер екенін білсе де Ақтөбедегідей спектакль қою оп-оңай екенінен қорқып қалған қазақ өлімге үнсіз мойынсұнып, дар тозағын басына өзі киген әлдебір жәй  ғана тіршілік иесін еске түсіреді. Бірақ қазақтың «тентектен томырық қауіпті» деген мақалы еске түскенде сол үнсіз отырған қазекемнің өзін жер бетінен жоюға ашық бағытталған бұл қорлыққа қарсы ашу-ызасы бір-ақ күнде бұрқ ете қалатын сияқты. Ал оны тағы да әлдебір сыра зауытының директоры немесе Сирияда ораза тұтып отырған әлдебір имам «ызвандап» ұйымдастырыпты дейтіндер тағы табылса бүкіл биліктегілерді психдиспансердегі тексеруден өткізуді сол ашынған халық талап етуі де мүмкін дейді кейбір саяси болжаушылар. Өйткені, қазіргі екі қазақтың бірі сол Сарышолақ Боранбайұлының (1858-1929)

         Күнде жасып жүргенше

         Көздегі шерлі жас кепсін

         Құлдықпен өмір сүргенше

         Қанжығада бас кетсін,-деген өлеңін ұранға айналдырып қазақтың болашақ ұрпағы таза қазақ болуы үшін бәріне бас тіккен қазақ сияқты. Әттең, бірі 80, бірі 90 жылдығын тойлап мәре-сәре боп жүрген жазушы академик-сакадемик ақсақалдардың ең болмаса біреуі «Қазақ оянды, ойлан билік! Үштілділік деп аталатын сайқали саясатқа мүмкін мораторий жариялау керек шығар» демей, қызметтегі балалары мен немерелерінің нан-шайын күйттеп отырғаны жанға батады. Айтпақшы, олар жер сату, жалға беру туралы дау-дамайдан да үнсіз қалды. Мейлі. Бірақ қазақ   өз баласының миын Павловтың итке немесе зертхананың құрбақаға тәжірибе жасағаны сияқты тәжірибе жасатып қоймайтын шығар.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын,

Мәдениет қайраткері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590