Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Ғибырат 4359 0 пікір 30 Маусым, 2016 сағат 12:09

ХАКІМ АБАЙ МЕН ЕЛІНЕ ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ ОЙЛАРЫНДАҒЫ ҮНДЕСТІК

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы жайында айту - ел бірлігі деген ұғымды одан әрі тереңдету. Бүгінгі біздің айтпағымыз: Елбасы, ел бірлігі және хакім Абай аманаты жайында.        

Абай аманатына сәл шегініспен оралып, бүгінгі күннің әңгімесін Елбасының ел бірлігі жайында айтқан қағидаттарынан бастайық. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қағидатты қастер тұтатын Президент:  «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіз ел атанып, бұрын-соңды болмаған, өзгелермен терезесі тең мемлекет құрдық. Дүние жүзі сыйлайтын ел атандық. Соның бәрі - біздің бірлігіміздің арқасы. Қазіргі кезде жастарымыз елдің ішінде де, сыртында да көптеп білім алуда. Біздің буынның тік тұрып атқарған қызметін келешекте солар жалғастыратын болады. Еліміз дамып, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін!» - деді халықпен болған бір кездесуінде.

ХХІ ғасырдың өркениет көшінде дағдарыстар жиі-жиі орын алуда. Экономикалық санкциялардан бастап  ұлтаралық және дінаралық қақтығысқа жол беріп, бірлігі кеткен елдер аз емес. Елбасы: «Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» деп көрсетті. Иә, Елбасының қадап айтып, қайталай беретін ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, тәуелсіздігін баянды ететін аманаты - ел бірлігі екені түсінікті.

Біздің Республика патша отаршылдығының, кеңес қоғамының көп қиянатынан кейін көп ұлтты, көп дінді, көп тілді елге айналды, сол себепті Елбасына жүктелер жүк те зілмауыр, осының бәрін мұқият саралайтын саясаткер «белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін біздің халқымыздың топтасқандығы қажет» деп түсіндіреді. Иә, туған ел төрінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті, бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Дағдарыстың дүниежүзілік сипаты бар, алайда бұдан да қатал қиындықтың көбін бастан кешірген халқының жеңіске жететініне, аман-есен өтетініне сенімі мол Елбасы: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де сондай қажет»,-деп атап көрсетті. Бұл аманат әрқайсысымыз үшін, яғни үлкен-кіші, орыс-қазақ, қай дінді қастер тұтсаң да берік ұстанатын өлшем болуға тиісті.

Ендігі ретте аз-кем шегініспен тарих белесі мен Абай дәуіріне зер салайық. Бүгінгі заман ХХІ ғасыр, ел азат, мемлекет тәуелсіз, 1986 жылы бодандық қамытын сілкіп тастап, бұғаудан босануға бір қайрат жасадық, 1990 жылы егемендікке қол жеткізіп, ал 1991 жылы жасындай жарқылдап тәуелсіздік аренасына шықтық. 1998 жылы Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесінде жаңа, азат Астанамызды белгіледік. Әлденеше ғасыр бодандықта жүрген ұлттық руханият сынбаса да майысып кеткен еді. Абай елі қандай жолмен жүру керек, қайткен күнде рухымызды тіктеп, тілімізді қастерлеп, дінімізді түзеп аламыз деген сан алуан сұрақтар алдымыздан анталап тұрды. Абай жырларының тақырыбы әр алуан, соның ішінде ондаған жырларында ел бірлігі, ынтымақ, береке мәселелері сөз болады. Сөзімізді «Сегіз аяқтан» бастайық:

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең – істің бәрі бос

Малыңды жауға

Басыңды дауға,

Қор қылма қорға, татулас,

Атақты өлеңнен өз тақырыбымызға қатысты үзінділерді ғана алдық, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос», - дейтін қанатты қағиданы жүрек түкпірінде әр қазақ берік ұстауы керек. Қаншама ғасырлар бойы Тұран даласында еркін ел болып, ат үстінен түспеген қазақ береке-бірлік пен  ынтымақтастықтың жоқтығынан жау табанында тапталды. Жоңғарды түре қуып, қытаймен қаша соғысып, Қоқанды бірде жеңіп, бірде жеңіліп, Ресей сынды алыпты да санасуға мәжбүр еткен Абылай заманы артта қалды, дәлірек айтқанда «малымыз жауда, басымыз дауда» қалды, бірімізді біріміз аңдуға көштік, «қаны бұзық ұры-қар; қапысын тауып алды», осындау қауіп-қатер, зобалаңды бастан кешіріп жатқан халқына Абайдың айтары көп еді.

Ел бірлігіне, халық ынтымағына кесірін тигізетін құбылыстар аз емес, солардың бір парасы жала жабу, арыз беру т.б. Осы бір жаманаттың талай рет өзі де құрбаны болған Абай ақын «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде жеріне жеткізе жазды, кеудесінде сәулесі бар жан түсінетіндей етті.

Жаман тату қазады өзіңе ор,

Оған сенсең, бір күні боларсың қор.

Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,

Өзі зордың болады ығы да зор.

Абай дәуірінде елдің ынтымағын кетірген құбылыстың бірі сайлау болды, «болды да партия, ел іші жарылды». Ел жиылып, мал сойылғанмен, береке-бірлік артқан жоқ, керісінше «бұзылмаса оған ел түзелген жоқ», бірін-бірі аңдып, «алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып» кеткеніне куә болған ақын осылай деп жыр жазды. Бұл күндері де сайлау өтіп жатыр, ел жиылып ет жейтін жәйттер де кездеспей қалмайды. Сайлау деп, партия деп ел ішіне жік түсіріп алмауды қатты қадағалауымыз қажет. Қандай сайлау, қандай партия болсын ұлт мүддесін биік мұратқа жетелегенде ғана оған қолдау көрсетуіміз керек. Абайға осы мазмұндағы жыр жазғызған құбылыс ХХІ ғасырда қайталанса елдігімізге сын.

Біз өз ойымыздың қорытар түйінінде тағы да Абайға жүгініп, 25 шумақтан тұратын атақты «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат»  өлеңінің бірер шумағын келтіре кеткенді жөн көрдік:

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.

Атақты ақынның бұл өлең жолдары да қандай ойлы, тәлім-тәрбиеге толы. Бабаларымыздан қалған «Бірлігі бар ел озады», немесе «ырыс алды - ынтымақ» атты қағидалардың қадір-қасиетін жетік түсінген ұлы Абай қазақ халқының ел бірлігін көздеп көп жыр жазды. Содан түйген ойларымызды ортаға салдық. Абайдың ел бірлігі жөніндегі жырларын кешегі ұрпаққа терең түсінуге бодандық жүйе мойын бұрғызбады, ал бүгінгі азат, ерікті, егеменді ұрпақ әбден түсініп, тағылым алуға міндетті, яғни «біріңді, қазақ, бірің дос» көретін мезгіл жетті.

Тағы бір рет Елбасы сөзіне оралайық, ол былай деді: «Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен нәубет жылдарында да өзінің елдігін ынтымақ пен бірлік арқасында сақтай білді». Шындық солай, Абай заманының да, кешегі кеңес қоғамының да нәубеті мол, бірақ біз елдігімізді сақтап қалдық, осыған мың шүкіршілік.

Ойымызды қорыта келіп, оқырман қауымның бізді дұрыс түсінуін қалаймыз. Себеп: Елбасы аманаттары мен Абай жырларының арасындағы ғасыр алшақтығын алға тартатындар да болуы мүмкін ғой. Біздегі тілек біреу-ақ, ол екі ғасырда айтылған аманаттың мәңгілік мұратының бір болуы. Біз бірлік пен берекені сақтамай, ынтымақ пен татулықтың жоқтығынан бодандық қамытын мойнымызға ілдік. Ал енді, бүгінгі бірлік, ынтымақ, ұлт ұйтқысы болудың жөні тіпті бөлек. Бұл ізгі қасиеттердің маңызы да дәл кешегідей қастерлі, ол қасиеттер біздің тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды ету үшін қажет, демек одан артық не қымбат. «Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін» деп ағынан жарылған Елбасы аманатының  әрбірі Абай аманатымен рухани үндестікте. Әрине ұлы ақын күйініңкіреп, ащырақ, тіпті батырыңқырап айтты, ал енді бүгінгі әңгіменің жөні бөлектеу, заман түзеліп, ғасырлар бойы күткен бостандыққа жеттік, бірақ бірлік пен ынтымақ күні кешегідей қымбат, дәл осыны биік парасатпен, ұлт пен ұлыс санасына жеткізе айтатын Елбасыны біз дұрыс түсініп, оның іс-әрекетін дер кезінде бағалап отыруымыз қажет. Ұлы Абай мен еліне етене Елбасы ойларындағы үндестік, елге деген аманаттарының ақиқаты – осы.

Нариман Нұрпейісов

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

филология факультетінің деканы.

Шымкент қаласы.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір