Жұма, 26 Сәуір 2024
Ел іші... 7974 0 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 17:07

АБАЙ БОЛЫҢЫЗ! БАЛА ҰРЛАҒЫШ «БАБА - ЯГА»

Апта ішінде  «6 жасар бала ұрлығы» туралы ақпарат оқырмандар арасында қызу пікір-талас тудырған болатын. Белгілі болғандай, кішкене балаларды ұрлады деген күдікке ілінген әйел барлық ұрлығын бір сценарий бойынша жасап келген.

60 жастағы зейнеткер Мира Мүсілім тергеу кезінде барлық кінәсін толық мойындап, 6 жасар баланы өзі ұрлағанын айтқан. Қазір құқық қорғау органдары бала ұрлаумен айналысқан зейнеткердің үстінен «Адам ұрлау» туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғаған. Енді бала ұрлағыш – «Баба-Яга» жасаған қылмысы үшін 12 жылға темір торға тоғытылуы мүмкін. Тергеу жұмыстары барысында белгілі болғандай, айыпталушы осыған дейін де бала ұрлаумен айналысқан. Құқық қорғау органына берген мәлімдемесінде, айыпталушы бала ұрлауға не себеп болғанын және қалай ұрлағанын тап-тұйнақтай етіп айтып берген. Айыпталушының айтуынша, бар болғаны ол «балаларды жақсы көреді» -мыс.

Қазір  ұрланған бала Мұхаммед Қамшыбек дін аман отбасына қайтып оралған. Оған күдікті тарапынан ешқандай жәбір көрсету, күш қолдану, зорлық-зомбылық жасалмаған. Керісінше, бала ұрлаушы зейнеткер өзі ұрлаған балаларға тек аналық жылылық көрсеткен.

«Бейтаныс әжей мені тек үйдің ішінде ғана ұстады. Ал далаға шыққанда тек оның қасынан алысқа ұзамадым.  Ол кісі маған тамақ беріп, күтіп бақты. Кей кездері теледидар көруге рұқсат етті. Үйде тағы бір бейтаныс ата да болатын. Ол маған жақындамайтын. Ал әжей түнде де менің жанымда жататын», - дейді Мұхаммед есімді бала.

60 жастағы зейнеткер ұрлап кеткен 6 жасар Мұхаммед, бейтаныс әжейдің өзін алдап әкеткенін айтқан.

«Менің балам – сондай сенгіш және тәртіпті бала. Ол менің бес баламның ішіндегі ең үлкені. Өзінің іні-қарындастарына қарап жүреді. Сондықтан да, бейтаныс зейнеткер менің ауырып қалғанымды айтқанда қатты қорқып кеткен. Мен үйде аурып қалсам, әрқашан мен үшін уайымдап жүреді. Күндіз-түні мен Құдайдан баламның үйге оралуын сұрадым»,-дейді ұрланған  6 жасар баланың анасы Жанна Ағабекова.

Мұхаммед Қамшыбектің анасы өздерінің басына түскен қайғыға енжар қарамаған халыққа алғысын айтты.

Түйін: Қазір 6 жасар Мұхаммед медициналық сараптамадан өтті. Осы тұста бұлыңғырланып тұрған бір мәселе – 6 жасар Мұхаммедтті ұрлап кеткен зейнеткер осыған дейін де бала ұрлаумен айналысып келген. Тек белгілі уақыттан кейін ұрлаған балалар өз отбасыларына қайтарылғанымен зейнеткердің үстінен осыған дейін қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл туралы кеше сайтымызда жарияланған журналист Бибігүл Дәулетбекқызының мақаласында да (http://abai.kz/post/view?id=6876) айтылған еді.

365info.kz cайты осыдан үш жыл бұрын он күн жоғалып табылған Нұрай Өмірбектің де Мұхаммед Қамшыбек сияқты ұрланғанын жазып отыр. Нұрайды да кейуана кейпіндегі әйел «Анаң науқастанып қалды. Менімен жүр, емханаға барып дәрі-дәрмек әкелеміз», - деп ертіп әкеткен көрінеді. Нұрайдың әкесі  Абай Исабай бала ұрлағыш әйелдің ұсталғанына қуанып, оның бет-жүзін көргісі келетінін айтыпты. Абай Исабай бала ұралайтындарды «Адам» деп атаудың өзі қиын», -  дейді.  

Abai.kz

0 пікір