Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 9798 0 пікір 29 Ақпан, 2016 сағат 09:18

ИМАНОВ КӨТЕРІЛІСІН ЛЕНИН ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ЖОҚ

(Ұлт азаттық көтерілісіне 100 жыл)   

1916-жылғы Торғайдағы ұлт азаттық көтерілісі әлі күнге ел арасына кең тараған аңыз тәрізді. «Әр патша тарихты өз ыңғайына қарап жаздырады» деген ертеден сөз қалған. Кеңес өкіметі де тарихты коммунистік идеология негізіне сүйеніп жаздырды. «Аңыз» дейтінім сол.  1916-жылғы ұлт азаттық көтерілісі туралы осы күнге дейін жазылған ғылыми, әдеби еңбектерде сол марксизм идеологиясының салқыны осы күнге дейін сақталып келеді.

Мәселен, ертедегі (1957-жылы) жазылған «Қазақ ССР-і тарихында» және басқа да біраз мақалаларда  1916-жылғы ұлт азаттық көтеріліс Ә.Жангелдин мен А.Имановтың жетекшілігімен жүзеге асты» деген сөйлеммен басталса, әрісінде Ленин мен Сталин, Ә.Жангелдин арқылы Торғайдағы көтерілісшілерге қару жеткізді, қаржылай көмектесті» дегенге әкеп тірейді. Рас, мұндай оқиғалар  болған, бірақ ол беріде, Ұлт азаттық көтеріліс аяқталғаннан кейін болған еді. Ал, «большевизм идеясына» келетін болсақ, большевиктердің ықпалы 1916-жылға дейін Қазақ жері түгілі, Ресейдің өзіне кең тарап болмаған кез болатын.

1916-жылғы Ұлт азаттық көтеріліс Кеңес тұсында бірталай зерттелгенімен,    уақиғалардың жылы, айы, күнін болған ретін табу қиын екен. Мен Торғайда болған Ұлт азаттық көтеріліс туралы жазылғандарды оқып отырып, осындай қортындыға келдім. Әркім хал -қадірінше әртүрлі жазған, біреуі Үрпек Доғал шайқасымен шектелсе, біреуі тек Торғайда болған айқасты айтып кетеді. Әйтеуір, негізгі басты кейіпкері – А.Иманов. Ал, 1916-жылғы Ұлт азаттық көтерілістің уақиғаларын айы күнімен тізбектеп, нақты айтып беретін мақалалар, естеліктер жоқтың қасы екен.  1932-33-жылы жазушылар Б.Майлин мен Ғ.Мүсірепов көтеріліс туралы деректер жинамақ болып, Амангелді  ауданына барғанда, « көтеріліске қатыстым» деп, ауданда «бедел» алып жүрген,  бірақ сол оқиғаларды нақты білмейтін адамдарды кездестіргенін айтқан.

(суретте  жылғы Ұлт азаттық көтерілісіне қатысушылардың жазалаушы отрядтарымен шайқасқан жерлері көрсетілген).

Ал, шынтуайтында, Торғайдағы көтеріліс «большевиктердің ықпалымен емес», халықтың ырқымен, іштеріне сыймай кеткен ашу- ызасынан туындаған нағыз ұлттық көтеріліс еді. Өйткені,  1916-жылғы 25-маусымдағы патша үкімінің  19-43-жас аралығындағы еркектерді окоп қазу жұмыстарына алынсын» деген указы ел арасында үлкен қобалжу туғызды.  Сол жылы шілде айында  осы мәселемен губернатор Эверсманның  Торғайға арнайы келгенде  уезде үлкен дүрбелең болды. Губернатор Эверсман, уезд бастығы Гарф қатысқан бұл жиынға  он үш болыстан өкілдер қатысқан. Оның ішінде арғыннан Ә.Иманқұлов, найманнан Есмағанбет, қыпшақтан А.Иманов қатысқан. Осы жиналыста сөз алған А.Иманов «1843 жылы Николай 1 «қазақтан әскерге адам алмайтындығы  жөнінде қой терісіне жазып сөз бергенін, қазақтың бұл соғысқа қатысы жоқ екенін, қазақ азаматтарын ажалға айдауға қарсы екенін білдіреді.

Амангелдінің губернаторға айтқан осы сөзі ел арасына қазір де тарап кетті. Халыққа демеу берді. «Ойбай-ау, кезінде ақ патша қой терісіне жазып, «қазақтан солдат алмаймыз» деп ант берген екен ғой» деген сөз, окоп қазу жұмысына баратындардың тізіміне іліккен құрымдай қара қазақтың көңіліне су сепкенмен бірдей болды. Қалың қазақтың  «Солдатқа бармаймыз. Не болса да туған топырағымызда өлеміз» деп, көтеріліске жаппай бейім болуының себебі сол еді. Оған ел арасындағы көзі ашық, беделді адамдардың да ықпалы, ұйымдастырушылығы сеп  болды.

А.Имановтың есімі осы уезд орталығында, соттарда  болған даулы істерімен бұрыннан да ел арасына кеңінен таныс еді. Амангелді Иманов және оны қолдаған Х.Токин, О.Тынымов, Қ.Қайдосов, Ә.Жанбосынов, О.Шолақұлы  тәрізді ел жақсыларының қолдауымен Амангелді қыркүйек айының аяғына қарай жиырма мыңға таяу жасақ құрып үлгерді. Қостанайдан, Көкшетаудан, Ақмоладан, Жезқазғанннан көтерілісшілерге қосылған адамдар болды. Торғай уезінің орталығынан он бес, жиырма шақырым жерде орналасқан Шұбалаң, Шеген ауылдары тұтасымен дерлік көтерілісшілерге қосылды. Бірақ, А.Иманов бастаған көтерілісшілер саны Кеңес кезіндегі «Қазақ ССР тарихы», «Қазақстан тарихында» жазылып жүргендей  50-60-мың болған жоқ. Өйткені, ондай әскерді ұстайтындай Амангелдіде де, уезд халқында да шама, мүмкіндік болған жоқ. Қыркүйек айында  болыстың өкілдері жиналған жиында әскердің сардары болып А.Иманов сайланса, алты болыс қыпшақтардың ортасынан Әбдіғапар Жанбосынов хан болып, алты болыс арғынның өкілі ретінде Оспан Шолақұлы хан болып сайланады.  Көтеріліс хандары Ә.Жанбосынов пен О.Шолақұлы әскердің тамақтарын, әбзел жабдықтарын қамтамасыз етуді осы он үш болысқа міндеттейді.

23-қазанда көтерілісшілер Торғайды қоршаған күні, олардың қарасы шамамен 30 мыңдай болған. Амангелді Иманов сол күні Торғайға Қайдауыл болыстығы (Торғайдың солтүстік шығысы) жағынан он бес мыңдай жасақпен келген көрінеді. Он бес мыңдай Оспан Шолақұлы бастаған көтерілісшілер жасағы өзеннің уезд орталығының оңтүстігін, шығысы, батысы және солтүстік беті жағынан қоршаған.

Ертеректегі бір тарихшы «Көтерілісшілер Торғайды 27 күн қоршаған» десе, екінші кітапта («Батырдың биік тұлғасы») Торғайға қоршау он шақты күнге созылғанын айтады. Көтерілісшілер кеңесінің  (Әбдіғапар хан, Оспан хан, Амангелді сардар және т.б.) шешімімен Торғайға шабуыл 6-қарашада басталған. Бірақ, қала бекініс мықты болған (пулеметпен шабуылшыларды қырғынға ұшыратқан, сондай ақ, қала тұрғындары да көтерілісшілерге қарсы белсенділік көрсеткен). Сөйтіп, көтерілісшілер қаланы күнімен, түнімен шабуылдап, ала алмағасын кейін шегінеді. «Лаврентьевтің әскері келе жатыр» деген хабар да сол кезде жетеді.

«Торғай он шақты күн қоршауда болды» деген неғұрлым шындыққа саяды. Өйткені, көтерілісшілердің жинала бастаған сәтінен бастап, уез бастығы Гарф губернатор Эверсманға жедел телеграмма берген. Эверсман телеграмма жеткен күні генерал Лаврентьев бастаған гарнизонға «Торғайға жедел жетіп, көтерілісшілерді жазалау» туралы бұйрық береді. Лаврентьевтің қарамағында 3 мың солдат, казактардың атты отрядтары, зеңбіректер, пулеметтер болған. Лавреньтевтің әскері көтерілісшілерді жазалау үшін Торғайға  үш бағытта: солтүстік батыстағы «Ноғай жолымен», батыстағы Бестау, Шилі жолымен және Ырғыз жолымен бет алады.

Сардар Амангелді Иманов бастаған көтерілісшілердің бір тобымен Ноғай жолымен Торғайға қарай келе жатқан Тургеневтің жазалаушы отрядымен кездесу үшін Татыр көліндегі қопаны таңдайды. А.Имановтың мергендері Татыр қопасына бекінген кезде жазалаушы отряд Қызбелден бері асқан еді.

Татырдағы шайқаста жазалаушылар жағынан бір офицер, он бір солдат өледі. Көтерілісшілердің де тарапынан қаза болғандар болды. Амангелділіктер бұл жолы бірнеше винтовка, біраз оқ дәрі қолға түсірген.

Ырғыз жолымен Торғайға бет алған жазалаушы қарулы отряд Тосын бойында бекінген көтерілісшілерді жазалауды мақсат тұтқан. Қарулы әскермен Оспан ханның жасақтары Ақшығанақта (Ақшығанақ шайқасы туралы кейбір тарихи еңбектерде қысқа ғана  аталған) кездесіп, аз ғана уақыт айқасқан. Көтерілісшілер көзден таса болғаннан кейін, атты казактар қысқы үйлер мен киіз үйлерді де өртеген.  Келесі қысқа шайқастар Оспан ханның туыстарының қонысы Түйемойнақ пен Тоңқаймада болған. Патша әскері осы жерде бейбіт елді қынадай қырған көрінеді. Тоңқайма Тосын құмының ортасында. Ерте кездегі қариялар Тоңқаймадағы шайқас кезінде патша әскери отрядының зеңбіректерінің оқтары құмда жарылмай қалып, көтерілісші жасақтарының  жазалаушылардың үстерінен қылыш ойнатқан кездерін де  айтып отыратын еді.

Сөйтіп, Ырғыз жолымен жүрген жазалаушы әскер аз шығынмен Торғайға жетеді.

Уез бастығы Гарфтан  Лаврентьев жалпы жағдаймен танысады. Гарф «Әр үйден бір адамнан бір адамнан көтеріліске қатысқан жағдайда, көтерілісшілердің жалпы саны  20 мың болуы мүмкін» дейді. Генерал көтерілісшілердің саны, басшылары, олардың қонысы мен жайлауларын сұрастырып, танысады. Содан кейін, Лаврентьев полковник Тургенев басқарған  600 солдаты бар, мұздай қаруланған отрядты Батпаққара бағытымен жібереді. Бұл  1916-жылдың желтоқсаны кезі.

Батпаққара ауданында  Тургеневтің әскері Құмкешу, Күйік, Шошқалы қопаларында көтерілісшілердің айтарлықтай қарсылықтарына кез болды. Амангелдінің  160 мергені солдаттардың біразын мұрттай ұшырды. Екі жақтанда қырғын болды. Біраз шығынмен Тургеневтің солдаттары атты казактары бар , шаналылары бар, Амангелдінің  штабы тұрған Үрпекке бет алды. Мақсаттары – көтерілісшілердің көзін мүлдем жою, елін қыру. Ұлт азаттық көтерілісінің ең бір ауыр да, қанды шайқасы осы Доғал -Үрпекте болды. Патша отрядында  солдат, бірнеше зеңбірек, пулеметтер болыпты. Ал, кейбір деректер бойынша А.Имановтың қол астында 2 мың адам болған деседі. Соған дейінгі Құмкешу, Күйік, Шошқалы қопасындағы шайқастарында туыстары, бауырлары қаза болған, сол үшін жазалаушыларға қаны қатып, кек алуды армандаған  көтерілісшілер көп еді.

1986-жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Батырдың биік тұлғасы» атты кітап бар еді, соның 16-бетінде «Қазақстандағы ұлт -азаттық көтерілісі тұтас алғанда 1916-жылдың аяғына қарай жеңіліске ұшырады» деп жазылған.

Керісінше, бүгінгі өткен уақыт таразысына салып, баға берсек, Доғал -Үрпек шайқасы сол кек қайтарудың шайқасы болды десек, артық болмас. Иә, Доғал -Үрпек шайқасы- Ерлердің Елі үшін шайқасы, Елінің келешегі үшін шайқасы еді.

Соданда бұл айқас Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы жауынгерлердің жеңісімен аяқталды. Тургеневтің жазалаушы отряды қансырап, күші азайғасын Қостанайға аман сау жетуді ойлап, кейін шегінді. Бірақ, олар жолдағы елді қан қақсатып бара жатты. Менің  бұдан бұрынырақ  жазылған «Татыр мен Үрпек арасы» атты өлең хикаятымда осы соңғы шайқасқа арналған «Доғал -Үрпек» атты қысқа өлең бар еді.

Ол:

«Доғал -Үрпек шайқасы,

Ақ пен Ерлердің айқасы.

Зеңбіректердің гүрсілі,

Винтовканың дүрсілі.

Мылтықтардың түтіні,

Садақтардың зуылы,

Солдат пен сарбаз айқасып,

Қылыштардың шаңқылы,

Солдаттар болды кер қашқан.

Күркіреп кетті қара аспан.

Бәрі болды!

Жеңді бәрібір сарбаздар,

Ерлік пен намыстан жаралған!»   деп аяқталатын. 1916-жылғы орғайдағы Ұлт- азаттық көтерілісі 17-жылғы Ресейдегі ақпан айындағы революция  мен патшаның тақтан тайдырылуына дейін, осындай реттегі  тарихи оқиғалармен аяқталып еді.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3542