Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8869 0 пікір 29 Маусым, 2010 сағат 03:33

Зарқын Тайшыбай, профессор: «ҰЛТЫМЫЗДЫ КЕМСІТУГЕ КӨНБЕЙМІЗ»

Осыдан 95 жыл бұрын Қарқаралыдан патшаға жазылған талап арыздар

Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,
Күні ертең айбынды Алаш жинап есін,
Көксеген көп заманнан тілегіңді
Жарыққа шығаруға жұмсар күшін.

Мағжан

 

Қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресі-нің шырқау шыңы 1905 жылғы оқиғаларға байланысты екендігі тарихи ақиқат. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Бірінші орыс төңкерісі деген атпен тарихта қалған Ресейдегі ұлы бүліншілікті қазақ пайдасына шешуге ұмтылды. Отаршыл мемлекеттің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған сәтті пайдаланып, қазақ халқының тәуелсіздік күресін бастап кетті. Әлбетте, қару көтеріп, қантөгіс жолымен емес, саяси-әлеуметтік, экономика-лық-құқықтық талаптар қою арқылы өркениетті жолмен Қазақ мемлекетін құрудың жолдарын іздестірді. Ол үшін алдымен орыс империясының құрамындағы жұрт ретінде қазақтар өздерінің заңды құқықтарына кепілдік беруді талап етті.

Осы талаптардың қағазға түсіп, еліміздің тарихында тұң-ғыш рет отаршыл империяның ең биік билік орындарына жолданған саяси құжат «Қарқаралы петициясы» болатын.

Осыдан 95 жыл бұрын Қарқаралыдан патшаға жазылған талап арыздар

Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,
Күні ертең айбынды Алаш жинап есін,
Көксеген көп заманнан тілегіңді
Жарыққа шығаруға жұмсар күшін.

Мағжан

 

Қазақ халқының ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресі-нің шырқау шыңы 1905 жылғы оқиғаларға байланысты екендігі тарихи ақиқат. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Бірінші орыс төңкерісі деген атпен тарихта қалған Ресейдегі ұлы бүліншілікті қазақ пайдасына шешуге ұмтылды. Отаршыл мемлекеттің іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалған сәтті пайдаланып, қазақ халқының тәуелсіздік күресін бастап кетті. Әлбетте, қару көтеріп, қантөгіс жолымен емес, саяси-әлеуметтік, экономика-лық-құқықтық талаптар қою арқылы өркениетті жолмен Қазақ мемлекетін құрудың жолдарын іздестірді. Ол үшін алдымен орыс империясының құрамындағы жұрт ретінде қазақтар өздерінің заңды құқықтарына кепілдік беруді талап етті.

Осы талаптардың қағазға түсіп, еліміздің тарихында тұң-ғыш рет отаршыл империяның ең биік билік орындарына жолданған саяси құжат «Қарқаралы петициясы» болатын.

Қазақ халқының Ресей отаршылдығына наразылығын тұң-ғыш рет кең ауқымды саяси мәселе ретінде табандылықпен көр-сеткен құжаттың төңірегіндегі әлі де анықталмаған жағдайлар көп.

Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейін де көрнекті зерттеуші ма-мандар 1905 жылдың жазында Орталық Қазақстандағы, Қарқаралы қаласынан қозы көш жнрдегі атақты Қоянды жәрмеңкесінде, үш Жүздің қазағы бас қосқан үлкен жиындарда мақұлданып, бүкіл қазақ халқы атынан Ресейдің ең жоғарғы билік орындарына жолданған бұл  құжаттарды дұрыс бағалап болған жоқ.

Тарихта «Қарқаралы петициясы» деген атпен белгілі бол-ған талап-арыз (Шынында біреу ғана емес. - З.Т.) зерттеушілер назарына ерте-ақ ілінген болатын. Көрнекті ғалым Санжар Асфендияров «История Казахстана с древнейших времен» (Алматы, 1993 ж.) деген еңбегінде бірінші орыс революциясының дүмпуімен қазақ даласында отаршылдыққа қарсы наразылық бой көтерудің көрініс ретінде дүниеге келген бұл петиция туралы білген. Бірақ, өз кезіндегі идеология ықпалынан шыға алмай, бұл қозғалыстарға біржақты, тіпті немқұрайлы баға береді. Мысалы, аталған кітаптың 271-бетінде былай деп жазады: «...Қазақ газеттері шы-ға бастайды, қоғам қайраткерлерінің, «құрметті адамдардың», яғни, билер мен ақсақалдардың съездері жиналады. Көптеген съездер (Қарқаралы, Орал, т.б.) дәл сол «құрметті адамдар» мен интеллигенцияның съездері еді. Жиындарда үкімет атына петициялар мен тілек-өтініштер қабылданды. Әсіресе, отарлау саясатына көп орын берілді, өйткені қоныс аудару белгілі дәре-жеде қазақ қоғамының барлық қабаттарына залал келтірді».

Ал, екінші бір ірі қайраткер Тұрар Рысқұлов осы мәселе жөнінде: «1905 жылғы манифестке байланысты қазақтар арасында митингілер өткізілді, дін және жер тақырыбына петициялар жазылды...»[1] деп, - көрсетеді. Осылайша, көтерілген мәселелер «Дін және жер» тақырыбы төңірегінде шектеліп қалған деп білген. Бұған  да коммунистік идеологияның салқыны тиген.

Шет елдерде жүріп отарлық езгідегі қазақ халқының мүддесін қорғаған, Кеңестік құрылысты үнемі сынап өткен көрнекті қоғам қайраткері Хасен Оралтай «Алаш-Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» деген еңбегінде Қарқаралы петицияларының жазылуына байланысты жиындарды «Алаш» партиясының бастау шағы деп түсіндіреді. «Партиялық қызмет жасырын жүргізілгендіктен, - дейді  Х.Оралтай, - Алаш партиясының тұңғыш (құрылтай) съезі 1905 жылы маусым айында 14500 қа-зақ түркісінің қатысуымен Қарқаралыда өткізілді. Бірақ, ресми түрде Алаш партиясының съезі болып есептелмейді. Солай бол-ғанмен де 1905 жылғы съезд Алаш партиясының съезі екендігіне күмән жоқ. Өйткені, 1905 жылы съезді ұйымдастырушылар, оның басқарушылары және онда шығып сөйлегендердің бәрі Алаш партиясының мүшелері еді. Бұл съезге Алаш партия-сының лидері Әлихан Бөкейханұлының өзі қатысты»[2].

Х.Оралтай бұл арада істің мән-жайын толық білмегендігін көрсетеді. 1905 жылғы маусымда Ә.Бөкейхан Қояндыда болмаған. Мұрағат деректері Әлекеңнің Омбыда екенін, Қояндыда жазылған наразылық талап-хаттарды Омбыда қабылдап, Петербургке өзі алып кеткендігін айғақтайды.  Ресейдің орда қаласында Әлекең бұл хаттарды патша кеңсесіне тапсырумен бірге, бірнеше саяси газеттерге ұсынып, жариялатқан.

Ал, енді Қарқаралы жиындарының Алаш съезі екендігін дәлелдеу үшін Х.Оралтай Ә.Бөкейханның 1910 жылы жариялаған «Киргизы» деген еңбегіне сілтеме жасайды.[3]

Бұл арада автор «съезд» деген атауды бірнеше рет ауызға алғанда С.Асфендияровтың жоғарыда аталған еңбегіне жүгінген болуы тиіс.

Обалы қанша, Кеңес дәуірінің басқа да зерттеушілері Қарқаралыда халық атынан қабылданған осы құжаттардың маңызын ұнатпаса да, мойындаған: «Бұл петицияның жалпықазақтық си-паты болды және шын мәнінде алаш қозғалысының саяси негізін салды»[4], - деген сөздер С.Брайнин мен Ш.Шафиронікі.

Енді мақаламызға арқау болып отырған құжаттар туралы өз кезінде не жазылғанын көрсетейік. Семейде шығып тұрған орыс тіліндегі «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 84-85 сандарынан мынаны оқимыз: «Қайткен күнде де еңбекшілерді революциялық күреске қатыстырмау үшін, феодалдық қазақтың байшыл көсемдері мен мұсылман дінбасылары «Петиция» науқанын ұйымдастырды. 1905 жылы 25-шілдеде Қоянды жәрмеңкесінде (Қарқаралы қаласына жақын) байлар съезі болды, онда патшаның атынан петиция дайындалды. Көтерілген басты мәселелер: қазақ жерінде ерекше мұсылмандық діни ба-қару жүйесін құру, мешіттер салу, діни медреселер ашу, Меккеге қажылыққа баруға рұқсат беру».

Міне, сол кездің өзінде-ақ шындықтың түбірімен бұрмаланғандығын көріп отырмыз. Петицияларды өз көзімен оқымаған, ұзынқұлақтан естілген адамдар осылай жазған. Бір өкініш-тісі және ең бастысы кең ауқымды саяси қозғалыстың мәнін көпке-көрнеу әлсіретіп көрсету бар.  Әрине, мұны жазып отыр-ғандар отаршыл мемлекеттің жергілікті атқамінері еді ғой. Құжаттарды қолына алып, мұқият оқығандар болса, оларда тек «мешіт пен қажылық» қана емес, алты жарым миллион қазақ халқының мүддесі мен мұқтажы терең әрі жан-жақты қоз-ғалғанын көрер еді.

Кейінде, жүз жыл бойы, тіпті осы уақытқа дейін ауыз-дан-ауызға көшіп, нақты бағасы берілмей келе жатқанына өкін-беске шара бар ма?

Қазақ КСР-і тарихының, кейінде «Қазақстан тарихы» деген кітаптардың беттерінде де осы ағаттық түзетілген жоқ.

Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ та ұлы күре-сінің ұзын көшіндегі осы кезең жөнінде Мұхтар Әуезовтің ерте-де-ақ жазған мына сөздеріне разы боламыз. «1905 жылы Қар-қаралыда Ақаң мен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік өкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жібергенін» көрсеткен М.Әуезов сол құжаттың мазмұнын бұрмаламай, нақты берген. «Ол петицияда аталған үлкен сөздері - бірінші - жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші - отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын мүфтиге қаратуды сұраған»[5]. Міне, шын әңгіме осы. «Мүфтиге қаратуды сұраудың» өзін М.Әуезов «отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін» қолданған амал екенін дәл басып көрсеткен.

Қазақ КСР тарихы бес томдығының 1979 жылы шыққан 3-ші томында Қарқаралыдағы 1905 жылғы 15-қарашадағы Жақып Ақбаев ұйымдастырған митингінің құны оған «жұмысшылар-дың, қоныс аударған шаруалар мен солдаттардың және ауылдар мен болыстардан келген атты қазақ жігіттерінің қатысқандығында» ғана екендігі көрсетілген. Бұл тұжырым сол күйінде, 1957 жылғы «Рабочее и аграрное движения в Казахстане в 1907-1914 годах» деген жинақтан алынған болса, сол бетімен Алматыда 1993 жылы басылып шыққан «Қазақстан тарихының очерктеріне» көшіріліп берілгені таң қалдырады. Жаңа жағдайда тарихи фактілерді таптық қалыпқа салып бұрмаламай көрсетуге болатын еді ғой. Бұл да мәселенің байыбына бармағандық. Осындай да тайыз тарихшылар бар-ау!

Одан беріде 1994 жылы шыққан «Қазақстан тарихы»  (авторы Ә.Әбдіәкімов) деген кітаптың 105-бетіндегі 1905-1907 жылдардағы қозғалысқа «өлкеге қоныс аударып келген орыс жұртының өкілдері ғана қатысты», «Қазақстанның жергілікті халқының мүдделері қозғалмады» деген тұжырым да сол  баяғы ескірген, жетсіз сарын. Сөйтсек, автор «Мұнда таптық интернационалдық пролетарлық қозғалысқа негіз болар жағдайлардың тым жетімсіз» екендігіне тоқсаныншы жылдардың ортасында, маркстік тұрғыда өкініш білдірген екен.

Ресейдегі орыс революциясының нәтижесінде Ресей пат-шасының 17-қазан манифесі қабылдауға мәжбүр болғаны тари-хи шындық. Бұл құжаттың маңызын ешкім де жоққа шығармайды. Ал, манифестің жарық көруінен үш ай бұрын Қазақстанның қиыр аймағы саналатын уездік қала Қарқаралыда, оның жанын-дағы әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде тұңғыш рет бүкіл қазақтың атынан іргелі-іргелі саяси мәселелерді ашық көтеріп, кіндік үкіметке батыл, сауатты талап қоюдың маңызы қандай? Сол талаптарды халыққа түсіндіріп, бұдан былай отарлық езгіде өмір сүруге болмайтынын, әр халық, әрбір адам өз құқығы үшін күресе алатынын, күресуге тиіс екендігін көрсеткен қазақ кө-семдерінің еңбегі қандай?!

Егер Ресей патшасының Манифесі - (адам құқығын еріксіз таныған басты құжаты) көтерілістің қуаты тегеуріні салдарынан қабылданғанын түсінетін болсақ, сол көтеріліске белсене қатыс-қан қазақ халқының, халықты бастаған азаткер қайраткерлердің еңбегі екендігін де мойындап, лайықты бағасын беруіміз керек. Оқулықтарға ашық, толық жазып, жаңа ұрпақтың санасына сіңі-руіміз керек.

Тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерде, оқулықтарда қазақ даласындағы саяси күрестің патша Манифесімен байланысты өршуі 1905 жылғы қараша айынан бастап белең алды деп көр-сетіледі. Шынында, және мұны атап айту керек - бұл Қыр өлке-сіндегі саяси күрестің екінші кезеңі. Алғашқысы жарты жыл бұрын Қояндыда болған қалың қауым жиындарынан басталады.

«Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш россиялық революция болған да, ал оны жазған азаттық қозғалысының басына келген жаңа әлеуметтік күш - ұлт-азаттық интеллиген-ция өкілдері еді»[6] .

Енді тақырыбымыз, «Қарқаралы петициясы» деп аталып жүрген құжатқа келейік. Шындығында бұл жалғыз ғана петиция емес. Біздің анықтауымыз бойынша, әрқайсысы өзінше бөлек, дербес мазмұндағы бірнеше құжат. Олар жеке-жеке: Ресей Императорына, Министрлер Кеңесінің төрағасына, ішкі істер ми-нистріне жолдаған. Мұрағат  құжаттарына қарағанда жиындар-ды өткізіп, петицияларды жазып, халық өкілдеріне қол қойғызғандардың ішінде Жақып Ақбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Көлбай Тоғысов, Ахметқали Аяғанов бар. Басқа азаматтардың қатысы жөнінде мағлұматтар табылмай отыр.

Құжаттар 25-26 маусым күндері Қоянды жәрмеңкесінде жасалған. Әлихан Бөкейханов соның алдында ғана Қарқаралыда болған, бірақ 1905 жылғы 30-маусымда жазылған тағы бір құжатта: «Петицияны Омбыға, Ә.Бөкейхановқа арнайы екі се-німді адам алып кеткен», деуіне қарағанда, Қояндыдағы жиын-дарға қатысқан-қатыспағанын бекітіп айту қиын,  дұрысы - қатыспаған деуіміз керек..

Орталық Қазақстандағы сол кездегі ірі әкімшілік-саяси әрі мәдени орталықтардың бір болған Қарқаралы қаласынан бір көш жердегі  Қоянды жәрменкесінде жазылып, Ресей патшасының атына жеделхат түрінде 1905 жылғы 22-шілдеде жіберілген петицияның қазақшасы мынадай: (Түпнұсқа орысша, қазақшалаған  мен. - З.Т.)

 

Ұлы мәртебелі император ағзамға

 

Министр А.Г.Булыгинның жасаған жобасын қолдап, Омбыда генерал Сухотин бастаған атқамінерлер қазақтарды Земский соборға қатыстырмау жөнінде шешім алыпты. Мұндай же-тесіз шешім Қыр өлкесінің негізгі халқы болып табылатын қа-зақтардың тіршілік ерекшеліктерімен және халық ретіндегі ерік-қалауымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Қытайдан Ауғанстанға дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатқан қазақтар өзінің бүкіл тағдыры мен өмірлік мүдделерін Мемлекеттің тағдырымен байланысты деп санайды және өзін басқа халықтармен тең праволы деп есептейді. Сіздің, патша Ағ-зам, халық сеніміне ие  болған, лайықты адамдарды мемлекет билігіне қатыстырмақ ниетіңізді білуші едік. Демек, алты мил-лион қазақ халқын ерекше құқықсыз, заңсыз тобырға жатқызып қою - қарапайым ғана әділдік пен ақиқатқа қиянат емес пе?

Біздің мал шаруашылығымен айналысатынымыз рас, мал бағып, көшіп жүретініміз де рас. Бірақ, кейбір ұлықтар ойла-ғандай дала кезіп, жөн-жосықсыз қаңғып жүрмейміз. Осы үшін ғана мемлекет билігіне сайлану сияқты аса маңызды саяси пра-водан айырылуымызды қалай түсінеміз?

Мал шаруашылығымен айналысты деп қазақты сайлау правосынан айырасыз, ал сауда істейтін, диқан, балықшы және басқа кәсіп иелерінің сайлау правосы сақталып қалғанын қалай түсінеміз? Шынында, Ресей империясының құрамындағы  халықтар білімі мен мәдениеті жағынан әрқилы, солардың ішінде қазақтар алдыңғы орында емес екені рас, бірақ ең соңында да қалып отырған жоқ. Қазақтардың қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді орыс мұжықтарынан кем түсінетінін кім дәлелдеген екен? Оның бер жағында қазақтардан гөрі мемлекет билігіне көбірек араласуға мүмкіндік алған отырықшы бұратана елдер-ден біздің қай жеріміз кем? Қазақтардың мүддесін кім қорғай-ды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса, сол халықтың тілегі мен қажетін өтеудің жол-дарын кім көрсетеді?

Алдияр, мынаған сеніңіз: біз, қазақтар осынау үлкен жұ-мысқа дайындығымыз басқалардан кем деп есептемейміз. Бірақ бізді танығысы келмейтіндер көп, бізді төмен санайды, бюро-краттар, ұлықтар бізге кеуде көтеріп, кемсіте қарайды; біз бұдан көп қорлық көріп жүрміз.

Қалай дегенде де бізді әлдекімдердің танығысы келмей-тініне жауапты емеспіз.

Жоғарыдағыларды айта келіп, патша Ағзам, Сізден басы-мызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз».

Қарқаралы уезінен сайланған 42 өкіл қол қойды.

(Міне, Ресей императорына жіберілген петицияның толық мәтіні осы. Мұны басқа петициялармен шатыстыруға болмайды. Тпті дәл сол кездің өзінде орыс шенеуніктері оларды ажырата алмаған. Сол түсінбестік, үстірттік 100 жылдан аса жалғасып, осы күнге дейін басы ашылған жоқ. Бұл жөнінде сәл кейін баян-даймыз.-З.Т.)

Петицияның өкімет орындарын ерекше абыржытып, әуре-сарсаңға салғанын құжаттардан көреміз. Билік иелерінің секем алатын жөні бар, өйткені, оған қол қойғандар түгелге жуық ел билеуші қазақтар, былайша айтқанда Қыр елінің қаймағы еді. Ондаған жылдар бойы айтқанына көніп, айдағанына жүрген мо-мын, қараңғы, «бұратана» халықтың бұлайша оянуынан үкімет қатты сескенген.

Осы құжаттың жасалуына байланысты Семей облысының әскери губернаторы генерал-майор Галкин 1905 жылғы шілденің 19-ында Қыр өлкесінің генерал-губернаторына мынадай суыт хабар жіберген:

«Қарқаралының уезд бастығы биылғы 30-маусымда маған мынаны хабарлады: Тыңшылар арқылы алынған деректерге қарағанда Қоянды-Ботов жәрмеңкесінде бас қосқан Ақмола об-лысының және сол жақтағы Семей уезінің (Павлодар уезі де бар) қазақтары ортасынан өкіл сайлап, патша Ағзамның атына петиция дайындаған.

Менің қолымдағы құпия мәліметтерге қарағанда петиция-лардағы талаптар негізінен мыналар: салықты азайту, қарашек-пен бастықтарын тарату, діни сенімдерге толық мүмкіндік беру, қазақ арасынан ортақ мүфти сайлау, орталық үкіметтегі халық өкілдігіне депутаттар сайлау.

...Бұл арызға 16 мың адам қол қойған. (Қарқаралы оязында 33522 шаңырақ иесі бар. Бұл - оның тең жартысы)».

Уезд бастығы Қарқаралыдан арызды Омбыға екі сенімді адам алып баратынын хабарлаған. (Дәл осы жерге генерал-губернатор көк қарындашпен: к Букейханову? деп белгі соғыпты. - З.Т.) Омбыда Ақмола, Семей, Торғай облыстарының барлық уездерінен сайланған өкілдер жииналыс ашып, талқыламақ. Сөйтіп, Омбыда екі адам өкіл сайланып, Петербургке алып кет-пек.

Штабс-ротмистр Оссовский Қырдағы дүрлігу жағдайын хабарлайды. «Қазақтар Ресейде болып жатқан оқиғаларды мұқият қадағалап отырған көрінеді...»

Генерал-майор Галкин Қырдағы жағдайларды бақылауда ұстау мақсатында тыңшылық жұмыс жүргізу үшін генерал-губернатордан 600 сом қаражатты қоса сұрапты. Оған генерал-губернатор: «200 сом берілсін» деп бұрыштама соғыпты.

Тыңшылардың жеткізуіне қарағанда 1905 жылғы 3-тамыз-да осы петиция туралы Ресейдің «Сын Отечества» және «Русские ведомости» деп аталатын орыс газеттеріне жеделхат жіберілген көрінеді.

Міне, қанқұйлы отаршылдық саясаттың қазақты қандай амал-айламен билегені, қалай бұғаулап-тұңшықтырғаны осы бір ғана мысалдан көрініп тұр емес пе?

Генерал-губернатор бұл хатты алғаннан кейін Қарқаралыға қайта жеделхат соғып: «Осы петицияға қол қойғандардың ара-сынан ең болмаса бірнеше адамды тауып, аты-жөнін хабарлаңыз» деген нұсқау береді.

Қарқаралы оязының бастығы Оссовскийдің жауабы мынау: «Арыз Омбыға, Әлихан Бөкейхановтың атына кетті. Ол осы петицияны жазуды ұйымдастырушының өзі және жетекшісі. Кейбір деректерге қарағанда арыздың бастапқы текстін жазған Ақбаев. Сондықтан, Бөкейханов дем беруші, ынтагер деп есептелуі керек. Халық өкілі атынан петицияны жеткізуге сайланғандар Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақбаев».

Императордың атына жіберілген петицияға 42 адам қол қойғанын тыңшылар анықтаған және олардың тізімі губернаторға жолданған хатқа тіркелген. Тізімге қарап отырсақ, Қарқаралы оязына қарайтын 21 болыстың әрқайсысынан 1-3-тен ел ағалары қол қойған. Олар мыналар:

Ақсары болысынан - Балсейіт Матаев және Мұхаметәзи Төлеубаев.

Кент болысынан - Кәрібай Матаев және Тоқтарбай Жандыбаев.

Қу болысынан - Мұсатай Тәттімбетов және Мақат Ақаев (Мұсатай ұлы күйші Тәттімбеттің баласы, ал Мақат - атақты Ақаев Қасеннің ағасы, Ахмет Байтұрсыновтармен бастас болған қайраткер.-З.Т.).

Едірей болысынан - Омар Қондыбаев.

Темірші болысынан - Секербай Қанғожин және Оспан Жанқабылов.

Берікқара болысынан - Ақбай Жандеркин (заңгер Жақып Ақбаевтың әкесі), Сүйгенбай Мейіржанов және Өскенбай Бөгембаев.

Нұра болысынан - Арыстанбек Дәулетов.

Ақбота болысынан - Жүсіп Құлбатыров және Бектібай Ботабаев.

Дегелең болысынан - Керімхан Төлебаев және Тышқанбай Қашақов.

Дағандалы болысынан - Демесін Мейіржанов және Жолжан Байкөбин.

Балқаш болысынан - Нарманбет Орманбетов (атақты Нарманбет ақын) және Тұрсынбек Жантоқин.

Сарыбұлақ болсынан - Аралбай Сұлтанов және Жүсіп Нақыпов.

Сарытау болысынан Жүнісқали Аяғанов және Жүнісбек Жолдыөзеков.

Қотанбұлақ болысынан - Құдайберді Байбөрин және Игілік Жанқожин.

Қызылтау болысынан - Тоқбай Тоқсабаев.

Мойынты болысынан - Жұмабек Құлашев және Тасыбек Бақин.

Ақшатау болысынан, Жүсіп Бейсембин және Жуасбай Тасболатов.

Бөрілі болысынан - Төлмұхамет Алтынтөрин және Рақия Сәтбаев.

Тоқырауын болысынан- Ахмет Бекбергенов және Тоқымет Күреңшин.

Шұбартау болысынан - Мұса Құлбаев және Сүлеймен Қойсоймасов.

Бұларға қоса Едірей болсынан Қақабай Алшынбаев және Нұра болысынан Қалиолла Дүйсенбаев қол қойды деп жазылған.

Бұл арада мына бір жағдайдың басын ашып алу керек. Қар-қаралы мен Семейдің ұлығы болсын, тыңшысы болсын, Қоян-дыда дайындалған құжаттардың жалпы сарыны болмаса, мәтінін оқып, нақты білмеген. Сондықтан Семей губернаторының хатындағы; патша Ағзамның петицияға 16 мың адам қол қойды... Омбыда, Ақмолада, Семейде, Торғай облысының барлық уездерінде талқыламақ...» дегендері жалғыз бір петицияны ғана емес, басқа да петицияларды қамтитынын байқау қиын емес. Оған дәлел ретінде басқа петициялардың жазылу тәртібін көрсетсек те жетеді.

Мысалы, Ресей ішкі істер министрлігіне жолданған мына құжатқа Павлодар, Семей және Қарқаралы оязының өкілдері қол қойған. Мазмұны патшаға жолданған құжаттан өзгеше. Ал, Министрлер кеңесінің төрағасына жолданған петицияға 12767 адам қол қойған. Кейін, осы тақырыпқа қалам тартқандардың біреуі 16 мың, біреуі 14500 адам қол қойды дегендерін теріске шы-ғарып, нақты құжатпен осылай түзетеміз.

Ресей патшасының атына жолданған петициямен қоса Петербургке Әлихан Бөкейхан алып кеткен екінші хат Ішкі істер министріне жолданған. «Қарқаралы, Семей және Павлодар ояздарының қазақтарынан патша Ағзамның атына жіберіл-ген тілекке қоса, Сіздің қарап шешуіңізге мынадай нақты мәселелер қоямыз» деп басталатын құжатта Ішкі істер минис-трлігінің құзырындағы: мысалы, мешіт ашуға және оның Жаны-нан медресе ашуға рұқсат беру, баспа ісімен әркімнің айналысу құқын қамтамасыз ету, көшпелі қазақтар мен орыс шаруала-рының, казак-орыстардың құқын теңгеру сияқты мәселелер көр-сетілген.

Ал, Ресей Министрлер кеңесіне, атқарушы билік төрағасына қойылған талаптар кеңірек әрі мейлінше нақты. Жекелеген фактілер, мәселелердің шешілу жолдары тәтпіштеліп көрсетіл-ген. Патшаның атына жазылған тілек-арызда жалпы саяси тұрғыда, жоғарғы билік құрамына қазақтарды қатыстыру сияқты заңдық мәні бар мәселелердің болғанын көрдік.

Енді Ресей үкіметіне жазылған құжатқа тоқталайық. Алдымен қазақ жастарына білім беруде шешімін таппаған проб-лемалар санамалап көрсетіледі, олардың себептері мен салдарлары талданады:

2. 1902 жылдан бастап, Қыр өлкесінде қазақтың ұл балала-рына арналып ауыл мектептері дегендер ашылған. Оларда сабақ қазақша жүргізіледі, бірақ қазақ тілі оқытылмайды, бұл жөніндегі талабымыз орындалмады. Мұндай мектептерде қазақ сөз-дерін орыс әлібімен жазуға үйретеді, бірақ орыс әлібінің қазақ тілі фонетикасын толық бермейтіндігі, сондықтан,  түсінік мағы-насы бұзылатыны ескерілмейді.

Қазақ тілін оқытпауды және қазақша сөзді орыс әріпімен жазуды білім беру емес, басқа бір беймәлім, теріс мақсатты көздеу деп түсініп, қазақтар балаларын бұл мектептерге бермей қойды. Соның салдарынан алғашында мектепті толтыру үшін әкімшіліктің қысым жасауымен тек кедейлердің балалары мен жетім балалар ғана жиналды. Басқалар оларға ақша берді, яғни балаларды жалдап оқытып жатырмыз.

1880 жылдың басынан бері қарай Қыр өлкесінің барлық қалаларында қазақ балаларына арналған мектептер бар еді. Отыз орындық интернатта шіркеу шәкірттері мен қала оқушыларынан 300 бала жататын. 1890 жылдан бері қарай бұл интернаттар ауыл шаруашылық мектептеріне айналдырылды. Ал, олардың Қыр өлкесіне түкке де қажеті жоқ. Ауыл шаруашылық мектептерін бітіргендерден 15 жылдың ішінде бірдебір ауыл шаруашылығы маманы шыққан жоқ. Ауыл шаруашылығы мектебін бітіргендер де, бұрынғы интернаттарды бітіргендер де «Интеллигент» болып шықты, бірақ маман болып қалыптаспады, өйткені оларға кәсіби білім берілмеген еді.

1890 жылы Омбы гимназиясының жанындағы 25 орындық пансион жабылып қалды. Қазақтың жоғарғы білім алған азамат-тарының көпшілігі осы пансионда тәрбиеленіп еді. Ал, аталаған интернаттар мен ауыл шаруашылық мектептерін бітіргендер Омбыдағы орталық фельдшерлік және мал дәрігерлік мектептерден аспады.

Гимназия пансионы жабылып қалған соң, қазақ балалары гимназияларға түсе алмай, яғни одан әрі жоғары білім ала алмай қалды. Қолында билігі бар үкіметтердің  жергілікті әкімдері стипендияны қазақ балаларына емес, басқа ұлттардың балаларына береді. Ал, қазақ арасында білімге деген құштарлық үлкен, сондықтан да олар қалалық училищелерде балаларын өз қаржы-сына оқытуға мәжбүр болды. Мал баққан қазаққа бұл шығын өте ауыр тиеді.

Жоғарыдағыларды көрсете келіп, қазақ даласында білім беру ісін дұрыс жолға қою керек деп санаймыз. Ол үшін: ауыл мектептерінде қазақ әліппесін оқыту, қазақ тілінде сабақ беру, мемлекеттік тілді міндетті түрде үйрету, жабылып қалған интернаттар мен Омбы гимназиясының жанындағы пансионды қал-пына келтіру керек.

«Далалық Ереженің» 99 бабы бойынша медресе (мектеп-тер) ашуға және мешіт салуға Қыр өлкесі генерал-губернато-рының рұқсаты керек. Соған қарамастан, жаңадан мектептер ашуға және мешіт салуға рұқсат бермек түгілі, Семей мен Көк-шетау қалаларындағы мешіттердің жанындағы мектептерді жер-гілікті әкімдер жауып тастады.

Сол себепті де Ереже бойынша туған баланы тіркейтін кітап ауылнайдың қолында, ал ауылнайлардың көпшілігі хат танымайды. Крестьян бастықтары шет елге шығатын паспорт беруді сол ауылдың немесе болыстың салық төлеуімен байла-нысты шешеді, қарызы болса -  паспорт   бермей қояды.

Жоғарыдағыларды айта келіп, мыналарды қажет санаймыз: Ождан бостандығы, діни сенім-наным бостандығы, Қыр өлке-сінің қазақтары үшін сайламышты ерекше діни басқарма, мектептер мен мешіттер салу үшін басқа мекемелерге жүгінуді тоқтату; қазақ, татар және араб тіліндегі діни әдебиеттерге цензура жасамау; туу туралы куәлік беруді діни басқарма орындарына беру; шетелге шығатын паспорт берудің заңды тәртібін белгілеу қажет.

Сондай-ақ, Семей гимназиясы жанынан қазақ балаларына арнап, пансион ашылсын, кәсіби мектептер мен жоғары оқу орындарында оқу үшін тағайындалатын стипендиялардың саны көбейтілсін.

Аталған оқу-ағарту шараларына қажет шығындар үшін Семей облысы қазақтарының капиталын жұмсау қажет. Қазір оның сомасы 80 мыңға жетті. Ол ақша жергілікті әкімшіліктің қарауында және процентсіз несие ретінде үшінші тұлғаларға беріліп отыр. Мысалы, Ақмола облысы әскери губернаторының үйін салуға 47 мың сом 23,5 жылға процентсіз несие ретінде берілген.

3. Қазақ халқының күнделікті қажетін көрсетіп отыру үшін қазақ тілінде газет шығарылсын, цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға ешбір бөгет жасалмасын.

4. Соңғы  15 жыл бойы Қыр өлкесін отарлаудың жалғасуы нәтижесінде, қазақтардың жері тарылып кетті. Мал шаруашылығы негізінен экстенсивті екені жалпыға мәлім, мал бағуға өте көп жайылымдық жер керек. Сырттан қоныс аударып келіп жат-қандарға ең тәуір жерлер, тұщы су көздері қазақтардан тартып алынып берілуде. Сондықтан, қазақтардың иелігіндегі жерлер өздерінің меншігі деп танылсын.

5. Қыр өлкесінің мемлекеттік меншік басқармасы қазақ-тарды ата-қонысынан ығыстырып, жерді қазынаға тартып алуда. Олай болса, қазынаға алынған жерлерден қазақтар қуылмасын, қазына жері мен қазақ жерінің арасына жіктеу шегарасы қал-дырылсын, оның аумағын белгілеуге қазақтар қатыстырылсын.

6. Қолданылып келе жатқан «Далалық ереже» қазақ тұр-мысының қазіргі жағдайына сай келмейді. Басқаны айтпағанның өзінде, «Далалық ереженің» 120-бабы бойынша қазақтардың жері қауымға ортақ саналады, ал қыстау мекендері иесінің не-месе бірнеше адамның меншігі, олар оны басқаға сыйға тартуға немесе сатуға құқылы. Сондықтан «Далалық ережені» қазақ депутаттарының қатысуымен өзгерту керек. Әйтпесе, ондай ере-же керек емес.

7. Болыс кеңселерінде іс қағаздары орысша жүргізіледі. Осының салдарынан жергілікті халық орысша тіл білмеген соң, оларды болыстың немесе ауылнайдың хатшылары қанап келеді. Қыр өлкесі генерал-губернаторының ерекше жарлығына сәйкес төтенше съездердің үкімдері мен шешімдері орыс тілінде жазы-лады. Сөйтіп, соттың немесе дауласушы екі жақтың бақылауынан тыс қалған хатшылар ойына келгенін істейді. «Далалық ереженің»  қазіргі штаты бойынша уездер мен облыстық басқар-мада қазақ тілінің аудармашылары болуға тиіс. Соған қарамас-тан, жергілікті әкімдер аудармашылық қызметке қазақша біл-мейтін орыс шенеуніктерін алады, олар болса, үшінші бір Адам-ның көмегіне жүгінеді. Кейбір крестьян бастықтары қазақ тілінде жазылған өтініштерді қабылдамайды, сондықтан қазақтар ешқандай көмегі тимесе де, қайдағы бір дүмше адвокаттарды жалдайды.

Қазақтардың мүддесі үшін мыналар қажет: болыс кеңселері мен халық соттарында іс қағаздары қазақша жүргізілсін; аудармашылыққа қазақ тілін білетін және қазақша сауатты адам-дар алынсын; қазақтар өз құқықтарына нұсқан келсе, арызды ана тілінде бере алатын болсын.

8. Сот әділ болуы үшін судьялар өзі қызмет ететін халық-тың тілін білетін болсын. Соған қарамастан, судьялық және тергеушілік қызметтерге қазақтың тілін білмейтін орыстар тағайын-далып келеді. Неге екені белгісіз, қазағы қалың уездерге қазақ заңгерлері тағайындалмайды, соның салдарынан Қыр өлкесінде сот әділдігіне нұқсан келуде.

Демек, судьялар қазақ тілін білуі шарт және де қазақ дала-сына алқалы сот жүйесі енгізілсін.

9. 1902 жылдан бастап Қыр өлкесінде крестьян началь-никтері лауазымы енгізді. Олар ешқандай пайда әкелген жоқ, қайта атқамінерлердің санын көбейтті. Уезд бастығы біреу еді, енді төртеу болды, сөйтіп халыққа әкімшілік қысымы көбейді. 1905 жылдан бастап урядник лауазымы енгізілетін болды. Олар-дың Қырға керегі болған емес, болмайды да. Сондықтан кресс-тьян бастықтары мен урядник қызметі жойылсын.

10. «Далалық ереженің» 17-бабына сәйкес Қыр өлкесінің генерал-губернаторына қазақтарды әкімшілік жолымен басқа жаққа жер аудару құқы берілген. Осы баптың кесірінен талай адам жазықсыз, заңсыз жапа шекті. Демек, заңдылық пен аза-маттардың құқық мүддесі үшін бұл бапты жойып, қылмыс жаса-ғандар тек сот алдында ғана жауап беретіндей тәртіп орнату қажет.

11. Патша биылғы ақпанның 18-де шығарған Мәртебелі жарлығымен орыстың заң шығару жиналысына халық сеніміне ие болған лайықты адамдарды шақыратынын жария етті. Қазақ халқының мүдделері мен құқықтарын қолдау үшін осы заң шығару жиналысына біздің де депутаттарымыздың қатысуы қа-жет.

 

1905 жылғы 26- маусым,

Қоянды жәрмеңкесі.

12. 767 адам қол қойды.

 

Осынау тарихи құжаттардағы кейбір мәселелерді түсіндіре кеткен де артық болмас.

«Тарих дамытушы да, жасаушы да халық» деген маркстік-лениндік ілімге сүйенген бұрынғы тарихи концептуалдық жүйе-лер енді сахнадан біртіндеп кете бастаған сияқты. Әрине, та-рихқа арқау, ғылымға өзек болып келе жатқан басты фактор - бұқара екеніне дау жоқ. Алайда осы тарихи құбылыстарды бел-гілі бір кеңістікте, географиялық ортада, мерзімде бірде құйын соққандай тездететін, бірде су сепкендей баяулататын мемлекет қайраткерлері, азаттық туын желбіреткен айбынды батырлар, даналық пен ұстамдылықтың арқау - атақты билеріміз» (Ж.Қасымбаевтың сөзі.-З.Т.) екендігін осы оқиғалардан көріп отыр-мыз.

Қазақтың азаттық жолындағы күресінің тарихында ерекше орыны бар Әлихан Бөкейханов бастаған үркердей жанкешті топ-тың ақыл-ойынан шыққан құжаттар бүгінгі ұрпаққа көп жағдай-ларын мағлұмат береді.

Петицияларда қайталанып келіп отыратын ождан бостандығы діни мәселелері мен жер мәселесі бүгінгі ұрпаққа түсініксіз болуы мүмкін екендігін де ескерейік. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Ресейдің отарлау саясаты мүлде қиынсыз әрі қорқау сипат алды. «Қазақ өлкесінің мәдени өркендеуіне орыстандыру саясатының залалы қаншалық болса, қазақтарды жерден айыру саясатының халықтың әл-ауқатына тигізген зала-лы соншалық болды», деген қағиданы Жақып Ақбаев петицияға тегін жазбаған.

Сондай-ақ, соңғы құжаттағы «...1903 жылы Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Соның барысында тартып алынған кітап-ханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр. Ол-ол ма, Көкше-тау уезінің беделді қазақтары Наурызбай Таласов пен Шәймер-ден Қосшығұлов өздерінің діни сенім-нанымы үшін алғашқысы Енисей губерниясына, соңғысы Якут облысына жер аударыл-ды», деген жолдарға зер салып көрейік.

Атап айтқанда, Семей уезінде 1903 жылғы сәуірдің 25 күні ИбраҺим Құнанбайұлының (Абайдың) үйі тінтілген болатын. Сол жерде уезд бастығы Навроцкий акты жасап, Абайдың бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетті. Кейін «Қағаздар араб әрпімен жазылған қолжазбалар, газеттер мен журналдар, кітап-тар екенін және олардан үкіметке қарсы ештеңе табылмағанын» көрсеткен Омбыдағы чиновниктер сол сандықты қайтармады. Осылайша, ұлы ойшыл әрі ақынның бай мұрасы, қолжазбалары жоғалып кетті. Қазақтың даналық ақыл-ойына, өнері мен әде-биетіне орны толмас нұқсан келді. Абайдың бір сандық қағазы бүгінге дейін табылған жоқ.

Бұл сандық Кеңес заманында да ізделмеді. Оның басты себебі - кезінде орыс отаршылары Абайға күдікпен қарап, панисламист, пантүркист деген жала жапқанына байланысты деп ойлаймыз. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ зиялылары Абайдың қағазын іздемек, түгілі, өз жанымен қайғы болды. Ал большевик қазақ қайраткерлер үшін Абай әуелде керек болмағаны мәлім.

Абай атамыз болса, өз қағаздарының соңына түскен жоқ, оған шамасы да келмеді. Отбасының қайғысымен, ауыр дертке душар болды. Өзі содан кейін жылға жетпей қайтыс болып кетті.

Абайға жабылған жаланы, оның үйінің тінтілуін, сандық-тың Омбыға әкетілгенін заңгер Жақып Ақбаев жақсы білген. Оған толық дәлеліміз бар.

1904 жылғы 8-маусымда Ж.Ақбаев Семей округтік сотына қызметке барған еді. Өзінің жерлесі саналатын Абайды бұрын-нан білетін, қасиетті ел ағасы тұтып, сыйлайтын азамат ұлы ақынның тағдырына әкімшілік органдарының заңсыз аралас-қанын неге білмесін! Білгендіктен, дәл жоғарыдағыдай сөздерді петицияға енгізген. Жақып Ақбаев Абайдың досы Н.Коншинмен өте жақын, пікірлес тілектестік қатынаста болған. 1906 жылы Омбы округтік сотының көшпелі алқасы Қарқаралыға келіп, өзінің ісін қарағанда қорғаушылыққа Жақып Ақбаев сол Кон-шинді шақырғаны мәлім.

Екіншіден, петициядағы Наурызбай Таласов деп аталған адам - Көкшетаудағы әйгілі ғұлама Науан хазірет еді. Кезінде хазіреттің тұтқындалуына байланысты Әлихан Бөкейханов діни, саяси көзқарасы үшін адамдарды Ресейдің қуғындау саясатын сынап, баспасөз бетінде наразылық білдірген болатын. «Орыс үкіметі қарауындағы қазақ халқын бауырына жақынырақ тарту үшін Науан хазіретті жер аударғаннан басқа ештеңе ойлап таба алмады-ау», деген уытты мысқыл Әлекеңдікі.

Үшіншіден, аты аталып отырған Шәймерден Қосшығұлов кейін Ресей Думасына депутат болып сайланған үлкен қайрат-кер, саясаткер деңгейіне дейін жеткен. Ресей империясының Петербург аталатын қақ жүрегінде Әбдірашит Ибрагимов екеуі қаражат қосып, Думаның мұсылман фракциясының атынан 1907 жылы-ақ оппозициялық «Серке» газетін шығарысқан осы Шәйкен молла (ел ішінде әлі солай аталады). Газеттің бірінші санын шығаруға Міржақып Дулатов пен үлкен оқымысты, журналист Дінмұхамет Сұлтанғазин қатысқан. «Серкенің» екінші санын жандармдар тұтқындап, жауып тастаған. Сол жалғыз газеттің өзінде-ақ, «Жастарға» деген өлең, «Біздің мақсаттарымыз» деген бас мақала бастырған Міржақып Дулатов Ресей империясының отаршыл саясатын өлтіре әшкерелеген болатын.

Шәймерден Қосшығұлов 1903 жылдың қысы мен көкте-мінде Семей сыртында жатқан Абайға, Баянауылдағы Шорманұлы Сәдуақасқа тағы басқа ел ағалары, игі жақсыларға хат жазған. Ақыл-кеңес сұраған. «Орыстар жерімізді алды, тілімізді алды, енді дінімізге қол салды. Өлгеннен басқа неміз қалды, Ибраһим мырза! Бас қосайық, бүкіл қазақ съезіне жиналып, ақылдасайық», деп жазған, съездің қаражат мәселесі туралы хабарлаған осы Шәймерден еді. Бірақ, оның екінші хаты Абайдың қолына тимеген, жандармдар Арқаттағы поштаға Абайдың өзін алып барып, қол қойдырып, хатты тартып алған.

Отаршыл үкіметтен зорлықты көп көрген күрескер Ш.Қосшығұлов Кеңес үкіметінің де қорлығына ұшырады, айдалды, түрмеде отырды.

Міне, петицияны мұқият оқыған адам осындай тағдырларға байланысты ой түйсе екен дейміз. Пролетариаты болмаған халық өз азаттыға үшін күресе алмайды, деген сандырақты жоққа шығаратын әңгімелер осындай.

Осы оқиғаларға қатысты зерттеу еңбектерінде, мақаларда Петициялардың авторлары туралы ештеңе айтылмайды. Ал, мұндай құжатты қалың бұқара немесе қол қойғандар жазбай-тыны мәлім. Ондай шаруа аса білімді, заңға жетік, ел жағдайын, мемлекет жүйесін жақсы білетін мамандардың қолынан ғана келеді. Петицияларды жазған Жақып Ақбаев деп отырғанда біз архивтегі бір сөзді ғана («...бастапқы тексті Ақбаев жазған» де-ген) тірек етіп отырғанымыз жоқ. Ж.Ақбаевтың қолтаңбасын кө-ріп, текстегі мағлұматтарды автордың ойдан шығармағанын бі-реуден естіп жазбағанын дәлелдеу ниетіндеміз.

Олай болса, үшінші петицияда «1890 жылы Омбы гимназиясы жанындағы пансион жабылып қалды» дегенге назар ауда-райық. Бұл да Жақыптың өз басынан кешкені. Ж.Ақбаев 1886 жылы Қарқаралыдағы интернатты бітіріп, 1889 жылы Омбы гимназиясына түседі. 1890 жылы ол жабылып қалғаннан кейін басқалар оқуын тастап кетсе де, Жақаң Том гимназиясына ауы-сып, оны 1898 жылы бітіріп шыққаны мәлім.

Ал, Қарқаралыдағы Ж.Ақбаев оқыған интернат 1890 жылы жабылып, ауыл шаруашылығы мектебіне айналған. Үкіметтің мұндағы мақсаты «бұратана» халықтың жастарына жалпы білім бермей, олардың әрі қарай оқуға жолын тосып, тар өрісті қол-өнер мектебімен шектеу болатын. Міне, үкіметтің осы қысас-тығын Жақаң өз басынан кешкен соң жазып отыр.

Соңғы петицияның 6-бөлігінде «Далалық ереженің» қазақ қоғамының тіршілік-тұрмысына сай келмейтіндігі де тегін жазылмаған. Оның ішінде 120-бап ерекше көрсетілген. 1891 жы-лы күшіне кірген бұл заң бойынша «бүкіл қазақ жері қазынанікі, құны кесусіз, қазақ пайдалана тұрады. Егер қазынаға бір жер керек бола қалса, мемлекет сол жерді ештеңе төлеместен өзі ала береді». Бұдан артық зорлық бола ма? Тіпті «Дала уалаяты» газетінің 1895 жылғы 38-санында жарияланған осы ереженің түсіндірмесінде былай жазылған: «126-статья бойынша жерді жалға беру жеке бір кісіге бұйырған жоқ, көп қауымға бұйыр-ған. Және жерді жалға алатын кісісі орыс болсын...». Яғни қазақ өзі қыстап-жайлап отырған жерді басқа қазаққа жалға да бере алмай-ды, тек орысқа бере алатыны болған ғой.

Ал енді, бұл петициялардан қандай нәтиже шықты дегеннге келер болсақ, қанша бұратана санағанымен, импенрияның өзі 6,5 миллион қазақпен санасуға мәжбүр болған. Құжаттар, маңызды мәселе ретінде Дала генерал-губернаторының құзырына жіберіліп, губернатор алқасында арнайы қаралған. Бюрократтық тілмен айтқанда, тиісті шаралар жоспары жасалған, ол жөнінде өтініш иелеріне хабарланған». Қазақтардың петицияларын талқылаған мәжілістің құжаттары қазір қолымызда, кейінірек ұсыну ойда бар...

 

Ежелден ұлттың белгісі - жер тұтастығы, тілі, діні десек, соның бәрі аяққа басылғанда, отаршыл қандай «мейірімді әрі адал» болса да, халық бас көтермей отыра алмайды екен. Соған көз жеткіздік.

1905 жылы жазда Ұлы Қазақ даласының қақ төсінде бас көтеріп, тілі шыққан ардагер көсемдеріміз азаттық жолында күрестің құрбаны болып кетті. Бірақ, олардың ісі қалды. Зор нәтижесі ретінде Еліміздің шаңырағында көкбайрақ желбірейді. Соған шүкіршілік...

Қорыта келгенде, Қарқаралы-Қояндыда жазылып, 6,5 миллион қазақ халқының еркін саяси құжат ретінде таратылған бұл Петициялардың тарихи маңызы ерекше екені тағы да атап көрсету қажет. Және сол құжаттардың 95 жылдығында, тіпті, орайы келіп тұрған сияқты.

Бұлар, сайып келгенде, болашақ саяси партияның бағдар-ламалық негіздері болып табылады. Демек, «...1917 жылғы ақ-пан революциясынан кейін құрылған Алаш партиясының идея-лық бастау көздерін бірінші орыс революциясы кезінен іздеген жөн», деген тарихшы К.Нұрпейісовтің батыл айтылған пікірі көңілге қонымды.

Бұл тұжырымды нақтылай түсетін болсақ, 1905 жылдың аяғындағы емес, ортасындағы, сөз болып отырған петицияларды саяси партияның қайнар көзі деп алуға болады. Кейін осы талап-арыздарда жазылғандардың бәрі Алаш партиясы күресінің негізгі арнасы, Алашорда үкіметі іс-қимылдарының нақты бағдарлары ретінде көптеген құжаттарға арқау болды. Заң ғылымдарының докторы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Алаш қайрат-керлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы және Жақып Ақбаев», З.Тайшыбайдың «Жақып Ақбаев. Күрескерлік өмірбаяны» деген монографияларында бұл мәселелер жан-жақты айтылған.

 

 

Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

"Абай-ақпарат"



[1] Рыскулов Т. Избранные труды, Алма-Ата, 1984. С.150

[2] Хасен Оралтай. Алаш - Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны. // «Азат» 1991, №8

[3] Букейханов А. «Киргизы» (Формы национального движения в современных государствах). Под. ред. А.И.Костлянского, Петербург, 1910, С.577-600; Букейханов А. Казахи о русских до 1917 года. Оксфорд, 1985. С.54

[4]Брайнин С., Шафиро С., Очерки по истории Алаш-орды. Под.ред. Н.К.Ванаг. Алама-Ата, 1935, С.17

[5] Әуезов М. Шығ. Елу томдық жинағы. ІІ том, А.,1998.,67-бет.

[6] Қойгелдиев М. Оянған сана үні. // «Ана тілі» 1990., 12-сәуір.

 

0 пікір