Жексенбі, 20 Қазан 2019
Мәйекті 3061 0 пікір 29 Наурыз, 2016 сағат 10:35

ГЕПТИЛ ҺӘМ ӘЛӘУЛӘЙ...

Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр. «Ұлт боламыз ба, жоқ па?» деген ғасырдың сұрағы алқымнан алып, буындырып барады. Тәуелсіздікті сақтай аламыз ба, жоқ әлде құлдықтың қамытын сүйретеміз бе?» деген сауал да көмейге кептеліп тұр. Дәл осы кезде телеарнаңды қоссаң да – әләуләй, әлеуметтік желіге кірсең де – һәләуләй, көшеге шықсаң да – хай-хай, ахау айдай... Шиқ-шиқ, шатыр-бұтыр, діңкс-діңкс... 

Сайлау өтті, әншілердің атсалысуымен...

Қоғамдық пікірді туғызатын журналистер бар тізгінді тағы да «әләуләйлімдердің» қолдарына ұстата салды.

Мұны қойшы, айтыс деген «шындықтың мінбері» бар еді. Сол айтысты да «көркемдейміз»  деп «жұлдызсымақтарды» ақын жасап жібердік. Ұйымдастырушылар осындай «төте жолмен» жастардың айтысқа деген қызығушылығын оятпақшы екен. Айтыстың арбасын сүйреп келе жатқан Жүрсін ағам да осы өнерді масқаралайтындардың жағына шығыпты. Жуырда өткен «жұлдызды айтысқа» Жүрсін көкем де барды.

Өнердің аты – өнер. Өнерді былай қойып – айтыс қазақтың дәстүрі. Оны Қанат Әлжаппаровтарға мазақы қылатындай не басымызға күн туды?.

Айтыстың өз көрермені бар еді. Олар ішкен асын тастай салып, айтысқа тұра шабатын. Олар айтыскер ақындарды «қасиет дарыған талант» деп бағалайтын. Олар Балғынбек пен Айнұрды көргенде Біржан мен Сараны көргендей қуанатын.

Балғынбек  «Айтыс-молда», Айнұрымызды «Жұлдыз-леди» жасап жібердік. Балғынбекті қойшы, уағызын айтып жүре берсін, бүгінде Тұрсынбаеваның тұмсық тықпайтын жері қалмады. Өзі жүргізуші, өзі әнші, өзі жюри, қажет десең биіңді де өлтіреді...

Қылкөпірдің үстінде, тозақ (бодандық) пен жұмақтың (тәуелсіздік) арасында тұрған ұлтымызды оятатын қос тұлғамыз осылар емес пе еді? Ұлттың есесін жібермейтін осылардың артынан ерген айтыс өрендері емес пе еді?

Не болды, ақыры... Бәрі, бәрі, бәріміз қыңыр сөз бен қазақты масқаралаудан арыға аса алмайтын «көп мешіннің» біріне айналып барамыз.

Шырылдаған шындығым қайда, кешегі?...

Іргедегі Путиннің саясаты қашанғы қазақты тұсаулай береді?...

Жалаңаштанған мына қоғамның қожасы кім?

Халықты жұлдыздардың жарқылымен қашанғы ұстап тұрамыз?

Ата-бабамыздың жеріне, Отанымызға гептил жауып жатқан кезде мәз болып ән «айтуды» тыятын кез келе ме?

Мектептегі оқушының басым бөлігі шоу-бизнестің тізгінін ұстауды қиялдап жүр. Бұл қазақты қандай ұшпаққа шығарады?

Біздің телеарналардың басшылығында неге «Сайлаубек саналы» азаматтар отыр?

Бұл меніңше үлкен саясаттың, қазақты жою саясатының жүре бастағанын көрсетеді.

Ол саясатты қолдамайтын адам, ән тыңдауды, жұлдыздарды идеал тұтуды қою қажет.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz  

0 пікір