Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 9338 1 пікір 1 Сәуір, 2016 сағат 09:57

"КҮЛКІ КҮНІ" ХАРАМ БА?

Қазақстанда тойланатын мереке көп. Содан болар, сол мерекелердің түп-тарихы қайдан шыққанын айтып, дәлелдеп неше түрлі мақалалар жазылып жүр. "Жаңа жылды" харам еттік, сосын "Валентин күні" мен "8-наурызды" біраз жерге апарып тастадық. Енді міне, кезек 1-сәуір күлкі күніне жетті.

Бүгін белгілі журналиист Жәнібек Қожық ағамыз Facebook әлеуметтік желісінде Имам Мұхаммедрасул Қажы Садуевтің жазбасын жариялады.

"1-ші сәуір жайлы...

«15-ші ғасырдың соңында, христиандар мұсылмандардың Андалусиядағы ең соңғы қамалын қоршап алады. Соғыс қыстың суық ызғар себебінен ұзаққа созылды, және мұсылмандар ерлікпен қайтпастан шайқасты. Християндардың қолбасшысы, өзінің қиын жағдайға түскенін көріп, қулық істеуге көшеді.

31-ші наурыз күні қамалдың алдына, бір қолында Құран, бір қолында Інжілді ұстап алып, егер осы түні мұсылмандар берілетін болса, онда ешкiмге тиіспейміз деп ант ішеді. Жиналыстан соң, мұсылмандар өз өмірлерін сақтап қалу үшін, қамалды християндарға босатып береді.

Таңертең, яғни 1-ші сәуір күні, християн қолбасшысы барлық мұсылмандарды өлтіруге бұйырады. Уәде бергенін ескерткен адамдарға, "мен тек қана сендерді кеше түнде өлтірмеймін деген едім, бүгін емес!"

Содан бері 1-сәуір християндар үшін : "Қулық пен алдау, өтірік айту" күні болып аталып келеді. Өкінішке орай, біз християндардың барлық жеркенішті мейрамдарының арасынан, бұл "мейрамын" да ұмытқан жоқпыз. . .

Егер бұл мейрамның түбін зерттесек, мұсылмандардың қанының иісі келгеніне байқауға болады"!

Қош! Енді басқа деректерге кезек берейік.

Массагет сайтының жазуынша, көптеген христиан дінін ұстанатын елдер 1 сәуірде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесін атап өткен. Мереке күні күллі жамағат ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.

Күлкі күнінің шығу тарихы туралы келесі әңгіме 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген григориан күнтізбесіне көшумен тығыз байланысты. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекелік апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Жаңа Жылды тойламаса да, әзілге жақын жамағат ойын-сауықты жалғастыруды тоқтатпады.

Кейбір деректерде күлкі күні Ежелгі Үнді елінен шыққан делінеді. Үндістанда 31 наурызда әзіл-оспақ күні атап өтіледі.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Рим күлкі күнінің шығуына себеп болды. Ақпан айының ортасында "Зердесіздер мерекесі" тойлана бастады. Күлкіге толы мереке сәуір айына дейін жалғасатын. Бұл мереке Күлкі құдайының құрметіне орай атап өтілетін.

18 ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Еуропадан бастау алған бұл шара уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таралды.

1 сәуір күні әзілге толы іс-әрекеттер мен ойындарға жол беру керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір алдап қоюды ұмытпаңыз.

Бұл мейрамға деген Сіздің пікіріңіз қандай?

Abai.kz

1 пікір