Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 6099 0 пікір 4 Сәуір, 2016 сағат 13:05

МИНИСТР МЫРЗАҒА ҮНДЕУ

Құрметті  министр мырза, сіз алғашқы  баспасөзде хабарлағаныңыз ;--«Қазақ мектептерінде  оқыған жастардың  әрі қарай  сапалы  білім  алуының шектеулі  екенін  көріп  отырмыз. Мысалы, біздің  ең  жоғары  ағылшын  тілінде  дәріс  беретін  Назарбаев Университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ, ІТ университеттеріне ауыл  жастарының түсуіне   біраз  қиыншылықтардың  бар  екенін өзім көрдім. Ол—бір.

      Екіншіден, бізде  орыс  тілінде  оқытатын  мектептер  де  бар. Онда көптеген  қазақ  жастары  оқиды. Шынын айтсақ, сол қазақ  жастарының  көбі қазақ  тілін  дұрыс білмейді, дұрыс  түсінбейді.  Осы  себептерге  байланысты   біздегі  білім  алу  жүйесінде  тепе—теңдік жоқ. Жастардың  бәрі  бір  деңгейде  сапалы  білім  алуына  жағдай  жасалмаған. Біздің  мақсатымыз—осындай қайшылықтарды  жойып, жастарға, әсіресе,  ауылда  жүрген  жастарға , бәріне  бірдей  сапалы,  заман  талабына  сай  білім  беру.

      Әлемдегі  ғылым  жаңалықтарын  қазақ  тіліне  аудару  керек  дейді  кейбір  ағайындар. Дұрыс—ақ  болар  еді. Бірақ әлемде  біздің  жастарға керек, күніне  мыңдап емес  миллиондап  шығып  жатқан  ғылым  мен  өмір  жаңалығын  дер  кезінде  қазақ  тіліне  аудару,  тіпті  мүмкін  емес. Оған қаражат   та, басқа  мүмкіндіктер  де  жоқ. Оның  қиындығын  француздар да  түсініп  отыр. Бұрын олардың  мектептерінде  ағылшын  тілі  оқытылмайтын. Қазір  оны  оқыту  заң  түрінде  барлық  мектептеріне  енгізілді. Бізге де  тиімді  жол осы  деп есептейміз. Қазақ  жастарына,  әсіресе,  ауыл  жастарына  өз  ана  тілімен  қатар  ағылшын  тілін  үйретсек,  сонда  ғана  олар  өздеріне  қажетті  білімді  әлем  кеңістігінде  дер  кезінде  және  еркін  таба  алады. Оларға  ең  тиімді  жоғары  оқу  орындарына  жол  ашылады. Ал  қазақ  тілі  туралы айтар  болсақ, бізде  ана  тілімізді  жан—жақты, жедел,  тиімді  үйрететін  әдістеме жоқ. Осындай  әдістеменің  жоқтығынан  біздер  мектепте  қазақ  тілін,  айлап,  жылдап  оқытсақ  та,  тиісті нәтиже  шығара  алмай  келеміз. Сондықтан  қазақ  тілін  жедел  меңгерудің  әдістемесін  жасауымыз  керек.

   Осы  мақсатқа  ғылым  бағдарламасының  маңызды  бөлімі  ретінде  тиісті  қаржы  бөлу  көзделіп  отыр. Бұл—өте  маңызды   бөлінген  сағаттармен  ғана  өлшеп  қоймай, берілетін  білімнің  сапасы  арқылы  бағалауға  жол  ашады. Сондықтан  қазақ  тілі  пәнінің  тәжірибелі  ұстаздарын  шетелдерге  жіберіп,  ондағы  тілді  үйретудің  тиімді  әдістемелерімен  таныстыру  көзделіп  отыр.  Осының  арқасында  тек  қазақтарға ғана емес, еліміздегі  басқа  ұлт  өкілдеріне  де  қазақ  тілін  кеңінен  тиімді  әдістеме  арқылы  оқыту  жүйесі  ұсынылады»--деп  хабарладыңыз.

      ---Біз тәуелсіздік  алғанда, біздің  орыстанған Үкімет  қазақтардың  саны  бар—жоғы  44 пайыз, 50  пайызға  жетейік, бұл  мемлекеттік  тіл  туралы  мәселені  қозғамай  тыныш  отырыңдар деді. Арадан  25—жыл  өтті, қазақтардың  саны елімізде  67 пайыздан  асты, белгілі  заңгер,  профессор С. Сартаев  қазақ  тілі тек  мемлекеттік  тіл  болуы  үшін, енді  біз  80-90  пайызға  жетуіміз  керек  деп жұбатуға  көшті.

      Мына  түрімізбен  жуық  арада  қазақ  тілінің    көсегесі  көгермейді  деген  сөз. Кезінде  Кеңес  одағы  тұсында  орыстардың  саны  43  пайызды  құраған, соған  қарамастар бүкіл  халық  орыс  тілінде  сөйледі. Қазіргі  таңда, Иран  елінде парсылардың  үлесі  40  пайыз  болғанына  қарамастан  өзге  ұлт  өкілдері  парсыша   сөйлейді. Келімсектердің  жергілікті  халықтың  тілінде  сөйлеуі—бұл  дүниежүзінде  қалыптасқан үрдіс  тәжірибе.

    «Жуас  түйе  жүндеуге  жақсы» демекші, тәуелсіздік  алғанымызға 25 жыл өтседағы, әлі  күні  Елбасы, министрлер, әкім-қаралар бір—бірімен  тек  қана  орыс  тілінде  сөйлеседі. Қазақты  менсінбейтін  шенеуніктер  Қазақстанды  техникасы мен электроникасы дамыған  Америка, Франция мен Жапониямен  салыстырады. Дамыған  Сингапур  болғысы  келеді.

     Ол  үшін  қазақтың  білімін  көтерсін, жағдайын  жасасын, заманауи   өнеркәсіп  құрсын. Олай  етіп жатқан  ешкім  жоқ. Есіл—дерті  мемлекет  қазынасынан бөлінген  қаржыға  шетелге  барып тәжірибе  жинаймыз  деген  желеумен  қыдырып  қайтады. Қолдарынан  келетіні  өзгелерге  еліктеу.

       Кең байтақ  даласы бар Қазақстан  бір  ғана  қаладан  тұратын  Сингапурдың  экономикалық  моделін  өзіне  үлгі  етіп  алды. «Самұрық-Қазына» Сингапурдың  моделі. Бұл  үлгі  Сингапур  үшін  дұрыс, ол  дүниежүзілік  банк  жүйесі дамыған, әлемдік  саудамен өмір  сүріп  тұрған  ел. Ал  біз  мал  шаруашылығы, егін  шаруашылығы  басым   елміз. Әр  халық  өз  техникалық  деңгейінде  жұмыс  істеу  арқылы  дамуы  керек.  Біз түйме, шеге, балға да  шығармаймыз,  аяқ  киім, қол орамал, іш киім мен  шұлыққа  дейін  сырттан  таситын  тәуелді  елміз. Ал,  бесіктен  белі  шықпай  жатқан  қазақ  өз  сәбиіне  үш  қайнаса  қосылмайтын  ағылшын  тілін  үйретпекші, бұлай істейтін қазақтан басқа  әлемде  ешқандай  халық  жоқ  шығар  сірә  министр  мырза. 

    Ағылшын  тілін  жетік  үйренсе,  әлемдік  білім—ғылымнан  хабары  болады,  жұмаққа  апарады  деген,  барып  тұрған  сауатсыздық. Ағылшындар  жаулап  алған  Африканың  20—ға жуық мемлекетті, Үндістан, Индонезия, Филлипин, Камбодже, Бангладеш т.б елдер дамып  кетер  еді. Әлі  күні  аш—жалаңаш  жүр  ғой  көкем—ау. Осындайда  ғұлама  Бенедик  Спинозаның   айтып  кеткен сөзі  «Только  рабы  разговоривают  на  языке  своего  хозаяина»--деген  сөзі  еріксіз  ойға  оралады. Ахмет  Байтұрсынұлы  «Сөзі  жоғалған  жұрттың  өзі  де  жоғалады»--дегені  қаны  шығып  тұрған  шындық.

      Айтпаса  сөздің  атасы  өледі. «Бас  кеспек  болса да тіл  кеспек  жоқ»--дегендей  айтарымды  айтып  кетейік. Әрине, өзге  елден  үлгі  алма, үйренбе  демеймін.  Бірақ, үйренудің  де  жөн—жобасына  қарау  керек. Хакім Абай «Жиырма бесінші» сөзінде «Орысша  оқу  керек, тек  хикмет  те, мал да, өнер де,  ғылым  да—бәрі  орыста  тұр. Бірақ  зарарынан  қашық  болу  керек»,--деді. Жақсысын  ал, жаманына  жолама дегені. Сол  сияқты  бізге  Еуропаның  ғылым  мен  технологиясын, өндірісін  үйренуге  болады, алайда  бір  жынысты неке,  тыр  жалаңаштанып  шеруге  шығатын  демократиясы, алтынға,  долларға  табыну, свингерлік  бізге  жат.  Біз Азиялықпыз, түркі  халықпыз, қазақпыз  және  мұсылманбыз. Осы негізгі  қағиданы  ұстансақ  қателеспейміз.

     Біздің  халықтың  сан  ғасырлар  ұстанған  әдет-ғұрпы мен  салт-дәстүрі, тілі мен  діні,  сайрап  жатқан  тарихы,  әдебиет пен  мәдениеті  қалыптасқан елміз, сондықтан да  біз  ешқашан  «Еуропаланбаймыз»...  Егер сіз  Қазақстан Республикасының  Білім және  ғылым  министрі  болғаныңыз  рас  болса,  бір  ауыз  қазақша  неге  білмейсіз?  Тым  болмаса, бір  жылдың  ішінде  намысқа  тырысып  қағазға  қарамай, қазақ  тілінде  баяндама  жасауыңызды  сұраймын  министр  мырза... 

Жұмамұрат   Шәмші

тарих  ғылымдарының  кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565