Жұма, 19 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6249 0 пікір 4 Сәуір, 2016 сағат 13:09

ЖАҢА САЛЫҚ ТҮРІ – САТУДАН АЛЫНАТЫН САЛЫҚТЫ ЕНГІЗУ КІМГЕ ТИІМДІ?

Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік кіріс департаменті  Ұлттық кәсіпкерлер палатасында салық саласындағы өзгерістермен таныстырды. Жаңа салық түрі енгізілген жағдайда тауарлар 9-15%-ға қымбаттауы ықтимал. Бірақ, қоғам мен бизнес бұған дайын емес.


Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаменті тауарларды сатып өткізу кезінде сатудан салық алуды ұсынады. Салықтарды қайтару бұл сызбада болмайды. Сатудан алынатын салық (СаС) мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Мұндағы  жеңілдіктер тәртібі, қазіргі қосымша құн салығы (ҚҚС) шеңберінде қолданылатын тәртіпке негізделеді.

«СаС делдалдық сипатқа ие емес, ол әлеуметтік маңызды тауарлар мен жұмыстарды сатып өткізу жөніндегі айналымға салынбайды: білім беру, медициналық қызмет, халықаралық тасымал және т.б.», – деп мәлімдеді Департамент директоры Азамат Әмрин.

Алайда, қазіргі кейбір жеңілдіктер жойылады: ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған ҚҚС бойынша 70 пайыздық жеңілдік; есепке алу әдісімен төлеу; еркін экономикалық аймақ территориясындағы тауарларды сатып өткізу жөніндегі нөлдік мөлшерлеме; түсті және қара металл сынықтарын сатып өткізу жөніндегі айналымды, тұрғын үй қорын басқару, ұстау және пайдалану жөніндегі қызметтерді, еркін қоймалар территориясында өндірілген тауарларды, нотариалдық қызметтерді, адвокаттық  қызметті, лотерея билеттерін, тазартылған, асыл металдарды, тұрғын үй ғимараттарын және жер учаскелерін салықтан босату.

Министрлік өкілі сатудан алынатын салықты енгізу ел бюджетіне қосымша 800 млрд теңгеге жуық түсім әкелетінін атап айтты.

Реформаның оң пайдасы ретінде департамент директоры есептеудің және әкімшілендірудің қарапайымдығы, бюджетке қосымша кіріс, бақылаудың жақсаруы, сыбайлас жемқорлық құрамдасының болмауы, сондай-ақ, делдалдар санының қысқаруы іспетті қырларын санамалап берді.

«СаС енгізу үшін электронды шот-фактураларды қолдану, онлайн-берілімі бар бақылау-кассалық аппараттарды енгізу, ШОБ және агроөнеркәсіп кешені үшін арнаулы салықтық режімдердің жойылуы міндетті», – деп қосты Ұлттық экономика министрлігінің өкілі. 

Дөңгелек үстелдің модераторы, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов СаС-ты енгізу бизнеске қалай әсер ететінін білу үшін Ұлттық палата алты сала бойынша талдау жүргізгенін атап өтті.

 «Өнімнің өзіндік құны өсіп келе жатқаны түсінікті. СаС-тың 5%-дық  мөлшерлемесі тұсында тауарлар 9-15%-ға қымбаттайды. Біз ШОБ субъектілеріне елеулі қауіп төнетінін көріп тұрмыз. Біздің есептеуіміз бойынша, Қазақстанда кәсіпкерліктің 1,3 млн субъектісі бар, олардың 930  мыңы – жеке кәсіпкерлер. ЖК-нің 41%-ы сауда саласында істейді. Әлбетте, ұсынылатын новациялар бойынша сауда саласы патент салынатын субъектілер санына кірмейді, олар кірістері мен шығыстарын есепке алуға мәжбүр болады. Сәйкесінше, біз, дәл осы буындар қысқаруға түсетін тәуекел аймағында болады деп ойлаймыз. Олар - 200 мыңдай кәсіпкер», – деген Жүрсінов, реформа отандық экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге әкеп соғатынын айтты.

Мәжіліс барысында Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников те өз пікірін айтты.  «Бүгінгі айтылған ұсыныстар бизнеспен мүлде пысықталмаған тәрізді. Біз өзімізге қарасты барлық кәсіпорындардың пікірлерін сұрап білдік, олардың бір де біреуі осы өзгерістер жайында оң пікір айтқан жоқ. Егер бұл жүйені енгізетін болсақ, көптеген кәсіпорындар банкротқа тап болады», – деп мәлімдеді ол.

Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов та өз әріптестерінің Қазақстанда әзірге СаС-қа көшудің қажеті жоқ екендігі туралы ұстанымын қолдады: «Сатудан алынатын салықты енгізудің жағымды қырларының арасында сіздер бизнес құрылымын делдалдар санын азайту және ірілендіру жолымен оңтайландыру дейсіздер. Бұның орнына сіздер мұны  шағын және орта бизнесті жою деп тура айтуларыңыз керек еді. Өйткені, ірі кәсіпорындардың айналасындағы бүкіл қызметті көрсететін –  ШОБ. Менің көзқарасым бойынша, ҚҚС-тың мүмкіндігі әлі сарқылған жоқ», – деді ол.

Алматы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті  Виктор Ямбаев сатудан алынатын салықты талқылау тақырыбын күн тәртібінен алып тастау қажет деп тура мәлімдеді. «Қаржы министрлігі қоғам, бизнес пен салықтық құрылымдар жаңа салықты енгізуге дайын емес екендігін батыл түрде айтуы тиіс, ол қоғамды біржола шиеленістіруі әбден мүмкін», – деп атап көрсетті ол. 

«Еуразиялық топ» ЖШС өкілі Марина Бачурина  «сатудан алынатын салық деп шартты түрде аталған салықты айналымнан түсетін салық қағидасы бойынша енгізу ұсынылады» деді. «Кез келген айналымдық салықтар салық төлеушінің айналымдағы қаражатын жуып-шаюға қызмет ететіні белгілі. Егер сізде айналымдық қаражат жуып-шайылатын болса, онда бұл, біздің рентабельділігіміздің төмендеуі, түсімнің азаюы деген сөз, оның өзі инвестициялардың, жалақы төлеудің көзі болып табылады», – деді ол.

Сондай-ақ, мемлекеттік орган, сатудан алынатын салықты енгізудің әдістемесін ұсына отырып, ұзақ мерзімдік перспективаға тигізетін мультипликативтік әсерін есептеуі қажет. Айталық, бизнесті ірілендіру нәтижесінде, физикалық тұлғалар мен өзін-өзі қамтығандар кіріс көзінен айрылады, импорттың ішкі өндіріспен салыстырғанда ұлғаюы ішкі өндірушінің қысқартылуына, сәйкесінше, ішкі салықтық базаның қысқаруына әкеп соғады.

Сонымен, кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтар дағдарыс кезеңінде қандай да бір түбегейлі өзгертулерді енгізуден аулақ болған дұрыс деген ортақ пікірге келді. Экономикалық күрделі кезеңде жаңа салықты енгізу кәсіпкерлерге теріс салдарын тигізуі ықтимал, соған байланысты ҚҚС-ты сақтау мәселесін қарастыру қажет.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері сатудан алынатын салықты енгізудің тетіктерін пысықтау жөніндегі жұмыс енді ғана басталды деп сендірді. Яғни, сатудан алынатын салықты енгізу қажеттігі туралы соңғы шешім қабылданған жоқ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы мынадай: сатудан алынатын салықты енгізу мәселесін егжей-тегжейлі қарастыру», – деп баяндады Әмрин.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі бизнес-қоғамдастықтан ҚҚС-ны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды күтеді.  

Abai.kz

0 пікір