Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Мәйекті 5215 0 пікір 28 Сәуір, 2016 сағат 17:24

РФ: БІЗ БАЙҚОҢЫРДАН ҚАЗІР КЕТПЕЙМІЗ

Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында, ресейліктер Байқоңырдан қазір кетпейтінін айтыпты.


«Ресей  территориясындағы «Восточный» ғарыш айлағын қайта жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылса да, Байқоңыр әлі де Ресей үшін өз маңызын жоғалтпайды. Себебі, біздің жоспарымызда Байқоңыр айлағынан «Протондар» ұшыру көзделген. Біз бұл туралы осының алдында да айтқанымыздай, Байқоңыр бізге әлі ұзақ уақыт керек болады»,-дейді Иванов.

Сонымен қатар, Иванов пилоттық космонавтиканың бар екендігін айтты және "Байқоңырдан" "Протонның" ұшырылуы жалғасатынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін Астана уақытымен сағат 08:01-де  Ресейдің жаңа ашылған «Восточный» ғарыш айлағынан «Михайло Ломоносов», «Аист-2Д» және SamSat-218Д спутниктерін «Союз-2.1а» зымыран тасығышы әуеге көтерілді.

Негізі  «Восточный» ғарыш айлағындағы зымыран ұшыру рәсімі кеше жүзеге асуы тиіс болған. Алайда, 1,5 минут қалған сәтте техникалық ақау шығып, ұшыру 1 тәулікке кейін қалдырылған. Алайда, Ресей президенті Владимир Путин «Восточный» ғарыш айлағындағы бірінші ұшырылымды кейінге қалдырудың себебі зымыран-тасығыштағы кінәраттан емес, ғарыш айлағының өзінде проблема бар дейді. Путин бұдан нәтиже шығаруын бұйырып, жауапты ресейлік шенеунік Рогозинге сөгіс жариялапты.

Восточный ғарыш айлағының құрылысына 400 миллиард рубль бөлінген. Мұны Ресейдегі соңғы жылдардағы ең коррупциялық жоба деп атайды. Оның құрылысы 2012 жылы басталған, 2015 жылы аяқталуы тиіс болған. Бірақ жемқорлық кедергі келтірген. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, құрылыс кезінде 7,5 млрд рубль ұрланған.

Айта кетейік,  осыған дейін Ресей Қазақстаннан зымыран тасығыштардың қалдықтары құлайтын жер сұраған болатын. Қалдықтарды құлату үшін Ресейге Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстары керек бопты. Аталған құжат қазір Мәжілістің қарауында көрінеді.

«Ішінде Ақтөбе облысы болу керек. Жақсылап тұрып қараймыз. Ресейдің ұсынысын қарайық, бізге беріп жатқан қаржы көлемін, біздің экологияға әсерін қарайық», - дейді мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Дәл осы «Пратон» зымырантасығышы ғарышқа ұшырыларда  500 тонна гептил отыны толтырылады. Оның бөлініп, жерге құлайтын бөлшегінде 10-30 тонна отын жанбай қалады екен. Қазақстанда 47 аймаққа зымыран қалдықтары түсетін болса, соның 39-ы Қарағанды облысында. Ақтоғай ауданы жерінің 37%-ы, Шет ауданының 93%-ы, Жаңаарқаның 37%-ы, Ұлытау жерінің 74%-ы  гептилмен ластанған.

Былтырғы жылы қазақ даласында киіктердің жаппай қырылуына да дәл осы «Пратон» апаты себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтылады.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

0 пікір