Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 7410 0 пікір 5 Мамыр, 2016 сағат 14:19

28-ПАНФИЛОВШЫЛАР МОНУМЕНТІ ҚАШАН БҰЗЫЛАДЫ?

Белгілі журналист Марат Тоқашбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында "28 Панфиловшылар туралы аңыздың ақиқаты" деген жазба жариялады. Онда автор ойдан шығарылған қаһармандыққа табынудың ешқандай реті жоқ екенін айтады. 

"Өзіміз кішкентайымыздан ерлігін мектепте оқып өскен 28 панфиловшы туралы анықталған ақиқат бұрыннан қалыптасқан ұғыммен мүлде үйлеспейді. Ол ойдан шығарылған аңыз ғана болып шықты. Іс жүзінде ол "Красной звезда" газетінің әдеби хатшысы Ю.А.Кривицкийдің қиялынан туған дүние екен. Дақпырт осы журналистің 1942 жылы 22-қаңтарда «Красная звезда» газетінде жарияланған «28 панфиловшының өсиеті» деген материалынан бастау алған. 1942 жылы маусым айында Батыс майдан командованиесінің ұсынуымен 1942 жылы 21-шілдеде Кривицкийдің материалында аты-жөндері аталған 28 жауынгердің бәріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Кейін көп нәрсенің беті ашыла бастады. 

Алғашында түгел жер жастанды делініп жүрген 28 батырдың бесеуі: Васильев Илларион Романович, Шемякин Григорий Мелентьевич, Шадрин Иван Демидович, Добробабин Иван Евстафьевич пен Кужебергенов Даниил Александрович тірілердің қатарынан табылды. Масқара болғанда бұлардың ішінде «Кеңес Одағының Батыры» атанған Добробабин Иван Евстафьевич сатқын болып шықты. Харьков гарнизоны Әскери прокуратурасы жүргізген тергеу материалдары оның 1942 жылдың көктемінде немістерге өз еркімен беріліп, қызмет еткенін анықтаған. Немістер уақытша оккупациялаған Харьков облысы Вальков ауданы Перекоп селосында полиция бастығы болып істеген. 1947 жылы қараша айында Добобабин қамауға алынып, сотталды. 

1942 жылдың мамыр айында Батыс майданның айырықша бөлімі немістерге өз еркімен берілгені үшін 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы 1075 полкі 2-батальоны 4-ротасының жауынгері Кужебергенов Даниил Александровичті тұтқынға алды. Ол өзінің 1941 жылы Дубосеково түбіндегі шайқасқа қатыспағандығын, «қатысқан ерліктерін» газеттен оқып алғандығын айтып берген. Ресми түсініктемесінде Ю.А.Кривицкийдің өзі 28-панфиловшының ерлігі өзінің журналистік қиялынан туғандығын жасырмай айтып берген. 

1075 полктің бұрынғы командирі Капров Илья Васильевич те Дубосеково разьезді түбінде 1941 жылы 16-қарашада неміс танкілерімен ешқандай соғыс болмағандығын, бұл оқиғаның түгелімен ойдан шығарылғандығын көлденең тартқан. Аумағында Дубосково селосы бар Нелидов селолық советінің төрайымы Н. Смирнова 1942 жылдың ақпан айының басында үш жауынгердің денесін, қар ери бастаған соң наурыз айында тағы үш жауынгер денесін (оның бірі солдаттар таныған политрук Клочков денесі) тауып жерлеген. Басқа өлген совет жауынгерлерінің денесі болмаған. 
Клочков «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөзді айтпаған. Ол сөзді Клочковтың аузына журналист салған болып шықты. 

Осы келтірілген деректің бәрі 28 панфиловшылар ерлігі ойдан шығарылған аңыз екендігін көрсетіп тұр. Сонда Алматыдағы 28 панфиловшылар мемориалы ойдан шығарылған аңызға қойылған болып шығады. Бұл айтылғанның бәрі қазақстандықтардың Екінші жаһан соғысындағы ерліктерін кемсіту үшін емес ақиқаттың орын алуы үшін жазылып отыр.

Сондықтан «28 гвардиялық панфиловшылар атындағы парк атауы «Отан қорғаушылар паркі» болып өзгертілуге тиіс. Ал «28-панфиловшылар монументі» бұзылып, ол жерге «Отан қорғаушылар» монументі орын алса құба құп. «Отан қорғаушылар» монументіне Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Шапырашты Қарасай, Наурызбай, Қаңлы Сарбұқа, Райымбек, хан Кене және т.б. Отанымызды шынайы қорғаған батырларымыз бейнесі тұруы керек! Ойдан шығарылған қаһармандыққа табынудың ешқандай реті жоқ!"

Марат Тоқашбаев

Abai.kz

 

 

0 пікір