Сенбі, 20 Сәуір 2024
Аласапыран 7469 0 пікір 12 Мамыр, 2016 сағат 15:16

ЖЕР КОМИССИЯСЫ ҚҰРАМЫНА 75 АДАМ КІРЕТІН БОЛДЫ

Президенттiң тапсырмасымен елiмiзде Жер реформасы жөнiндегi комиссия құрылды. Оның алғашқы отырысы 14 мамырға жоспарланған. Комиссияға ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етпекші. Бұл жөнінде bnews.kz сайты хабарлады.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына 75 адам кіреді, олардың iшiнде Сенат және Мәжiлiс депутаттары, Үкiмет мүшелерi, мемлекеттiк органдардың, саяси партиялардың, агробизнес өкiлдерi, ғалымдар, қоғам белсендiлерi бар. Комиссияда барлық өңiрлердiң өкiлдерi қамтылған. Бiз елiмiзді, оның бейбiт болашағы үшiн алаңдайтын азаматтарды ынтымақтасуға шақырдық», - дейді комиссия төрағасы Б.Сағынтаев.

Оның айтуынша, халықты барынша қамту үшiн облыстық әкiмдiктiң жанынан құрылған қоғамдық кеңестер де осы жұмысқа жұмылдырылмақшы.

«Комиссия бiздiң азаматтарымыздың пiкiрталастарының барысы туралы барынша шынайы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық түрде алуы үшiн жұмыс iстейді», - дейдi Б.Сағынтаев.

Бұдан бөлек, арнайы «Jerturaly.kz» порталы iске қосылып отыр. Порталда комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады.

«Бұл сайтта адамдар көкейтестi сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Қосымша арнайы Call-center жұмыс істейді», - дейдi комиссия төрағасы.

Жер реформасы жөнiндегi комиссияның алғашқы отырысы 14 мамыр күні Астанада өтедi. Сондай-ақ комиссия мүшелерi өңiрлерге баруды жоспарлап отыр.

Abai.kz

0 пікір