Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Мәйекті 5801 0 пікір 27 Желтоқсан, 2015 сағат 12:31

ЖАНУАРЛАРҒА АРНАЛҒАН ДӘРІДЕН ЖАТЫРЫ ШІРІГЕНДЕР

Иман мен ибаға салсақ, біздің халық әлемді тербеген ананың құрсағын, негізі, атымен атай бермейді. Амал нешік, осы мақаланы қолға алғанда, оны да ойланғанбыз. Бірақ мұндай мәселенің бар екені де, бойына біткен басқа өмірден құтылу үшін ақылға сыймайтын әрекеттердің болып жатқаны да рас. Ақиқатын айтқанда, өз бетімізше зерттеп жүрген тым шікәмшіл тақырыпты ұмыта бастаған кездеріміз де болыпты. Өкінішке қарай, оның бар екенін таяуда ғана болған тағы бір оқиға есімізге салды. Енді оны жаба-бүркемелей берудің жөні жоқ. Онсыз да адасқақ өмір адамдардың иманы сыналар шақтарда шалыс қадамдар мен күнәларға жетелей бермек.

Жуырда ғой, иә жуырда ғана ол өлім мен өмірдің арасында жатыпты.

Құрсағына керек емес кезде біткен шаранадан құтыламын деп жануарлардың жүктілігін үзетін дәріні қабылдаған. Ең сорақасы, оған осы «ең оңай жолды» гинеколог дәрігердің өзі ұсынған… Сондықтан ұмыт қалып бара жатқан мәселеге қайта оралуға мәжбүрміз.

Әйтпесе, есі дұрыс мамандар ара-тұра болса да жануарларға арналған қытай препараттары оқушылар мен студенттер, тіпті дап-дардай қыз-келіншектердің арасында кәдімгідей таралып, салдары қиын жағдайларға душар етіп жатқаны жайлы ара-тұра айтып жүр.

Бұл жайлы әріптестеріміз де әлсін-әлсін болса да жазып келеді. Бірақ, одан әлі де басына тимей, ол қасірет өзін жанамай сабақ алып жатқандар аз. Есесіне кез келген құпиясымен барлық кезде бөлісуге әзір әйел болмысы құрсаққа біткен қажетсіз баладан құтылудың «оңай жолын» құрбысына айтпай тұра алмайды. Қысқасы, соңы кейде тым қайғылы аяқталатын оқиғалардың сценарийі төмендегідей.

Баршаны бірден жазғырудан да аулақпыз. Түрлі-түрлі тағдыр бар. Ересек адамдарды былай қойғанда, бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерді де азғырып, алдап, тіпті, күш көрсетіп жыныстық қатынасқа итермелейтін жайттар орын алып жатады. Бұл жерде заманды да ғайбаттаудың жөні жоқ шығар. Қорқау ниетті адамдар барлық кезде болған.

Сонымен бір бойжеткен байқамай шоқ басып алды делік, яки дәл қазір бөпелі болудан үзілді-кесілді бас тартқан адам осындай «бәрін білетіндердің» кеңесімен мысықтарға… түсік тастатқызатын дәріні сатып алады. Әрине, оны қайдан алуға және кімнен сатып алуға болатынын да сол «құрбылары» біледі. Сырты түсініксіз иероглифтерге толы алақанға сыятындай қорап іштегі керексіз шаранадан мүмкін бір шермендені құтқарған шығар, көмектесіп те қалар, бірақ табиғатты алдау мүмкін емес және ол таблеткаларды жасаған маман­дар да оны адам ағзасына арнамаған. Қыс­қасы, суға кеткен тал қармайдының кері.

Жалпы, бұл жағдаят қалай жүзеге асады? Мысалы, дәрігерлердің бақылауымен жүктілікті үзу кәдімгідей қаражат пен (ай-күніне қарай 25-40 мың) түрлі медициналық үдерістерді қажет ететін болса, қытай дәрісімен бар болғаны бес мың теңгеге одан құтылуға болатыны және ешкім де білмей қалатыны ілуде біреуге ғана көмектеспек. Онда да оның кесірі мен зиянды әсерлері кейін біліне бастайды. Ал көп жағдайда жануарлардың жүктілігін үзетін дәрі ішіп далбасалағандардың барлығы дерлік қан кетіп, жедел жәрдеммен ауруханадан шығады немесе ауыр жағдайда баласымен бірге жатырынан айырылады. Іштегі баланы іріткен дәрі құрсақты да шірітеді. Бұл жерде мәселенің бір ұшығы әлеуметтік жағдайға барып тіреледі десек те, адамның өмірі ешнәрседен қымбат еместігін айтып жатудың өзі де артық.

Біз жазудың маманы болсақ та дәрігер емеспіз. Сондықтан сөзіміз құр ақыл мен жалпылама фактілерге құрылмауы үшін біраз уақыт бойы Алматыдағы денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, одан әрі жедел жәрдеммен жұмыс істейтін барлық ауруханалардың гинекология бөлімдерімен байланысып, түсініктемелер, қажетті деректер мен кеңес­тер жинауға ұмтылғанбыз. Бірақ, бұл әрекетімізден түк шықпады десек те болады. Өйткені, осы мәселеге байланысты нақты аты-жөнімен комментарий беруден дәрігерлеріміз көп жағдайда бас тартты.

Дәрігерлер бөлім меңгерушілеріне, бөлім меңгерушілері департаментке сілтеп, нақты дәйек ала алмайтынымызға көз жеткізген соң, өз бетімізше осы мәселені қаузай бердік. Және бұл жаппай оқиғаға жатпаса да, орын алып тұратын салдары қасіретті өзекті жайттар ретінде, оны жылы жауып қоя салуға тағы болмайтыны анық.

Осы жерде мына жайды айту керек. Неге медициналық мекемелер мен құзіретті органдар мұндай мәселеге келгенде тү­сініктеме беруден бас тартады? Өйткені, дәл осындай жағдайда түсік тастап немесе қан кетіп ауруханаға жедел жәрдеммен түскен адам мұндай дәрі қабылдағанын жасырады. Әйел өз ағзасының әлсіздігінен түсік тастады ма, әлде бұл жағдайға жоға­рыдағыдай әрекеттердің салдарынан душар болды ма, ол арасын айтпайды. Белгілісі – «белгісіз у мен уланған». Сондықтан бұл мәсе­леде дәл статистика жоқ және оны жасау да мүмкін емес.

Ал енді бізге құдайға қараған бір акушер-гинеколог қана осы жағдай басынан өткен пациентінің ұялы нөмірін берді. Әрине, аты-жөнін жария етуден бас тартқан келіншек сценарий бойынша қытай дәрісін біреулерден біліп, қаладағы неше түрлі қытай дәрілерін сататын қара базардан оп-оңай тауып алғанын, бұрын бағасы төрт-бес мың деп естісе, бес мыңға алғанын айтады.

– Ондай дәріні қаладағы дәріханалар да жасырын түрде сататынын естігенмін. Бірақ, мен «Барахолкадан» таптым. Маған оны бірден сата қойған жоқ. Ұзақ қиналып іздедім деп те айта алмаймын. Ақшамыздың жоқ екенін, түсік жасатқызсам, күйеуім біліп қойса жағдайымыз жаман болатынын айтып, жалынып сұрап едім, сатты. Мен де ешкімге айтпаймын, көмектессе болды дегенмін. Алдымен менен кімнен келгенімді, бұл адресті қайдан алғанымды сұрастырды. Сосын маған ішің бұрап ауы­рады, сосын шарана түсіп қалады деген. Толғақ сияқты ішім бүріп ауырды, қан кетті, түсті деп ойлағам. Бірақ, ертесіне, тіпті оның ертесіне де жеріктігім бұрынғыдан жаман үдеп кетті. Токсикоз деп ойладым. Тіпті, бірнеше күн мас адам сияқты жата бердім. Әлсіреп, аздап қызуым көтеріле бастағанда жолдасым жедел жәрдем шақырды. УЗИ-ге түсірген кезде менің ішімде бала өліп жатқанын және жатырымда іріңдеу процесі басталғанын білдім. Сол сәтте дәрігерлер бірден хирургиялық операция үстеліне жатқызды. Бірақ, неден болғанын ешкімге айтқан жоқпын. Дәрігерлер тағы бір тәулікке кешіккенімде сепсиске айналып, құрсағымды да алып тастауы мүмкін екенін айтты. Ұзақ ем­делдім, одан кейін де әлсін-әлсін неше түрлі гинекологиялық ауруларға ұшырай беретін болдым,– дейді ол.

Жалпы бұл мәселе жалғыз бізде ғана орын алып жатқан жоқ. Ресей журналистері де сөре астынан сатылатын дәрілердің бала көтеруге қабілетті жастағы қыз-келіншектердің денсаулығын құртып, ұлттық демографияға сұмдық кесірін тигізіп жатқанын қайта-қайта қаузап жүр.

«Сарафанное радио» дегенің жақсы жұмыс істейді. Соның салдарынан мүлде өзіне түсініксіз тілде жазылған, қайда және қалай жасалғаны белгісіз дәріні ішкендер қатты қан кетіп ауруханаларға гемморрагиялық шокпен, тіпті асқынған сепсиспен түсіп жатады. Өйткені, ол препараттар мысықтарға арналған, адам ағзасына дозасы да есептелмеген», дейді ресейлік акушер-гинекологтар да .

Сол сияқты өткен жылы 31-ші теле­арнадағы әріптестеріміз осы мәселені көтергенде ветеринар Александр Зелинский: «Барлық ветеринарлық пре­параттардың да аннотациясы екі тілде болуы керек: мемлекеттік тілде және орыс тілінде. Яғни дәріханаларда сатылатын медикаменттердің аты, көр­сетілімдері мен жарамдылық мерзімдері барлығында қазақша, орыс­ша міндетті түрде көрсетілуі тиіс» деген.

Өкінішке қарай, қаншама жерден тыйым салынса да, қара базарларда, кәдімгі сауда орындарында көршімізден ағылып келіп жатқан сөре астынан сатылатын дәрі-дәрмектің түр-түрі табылады. Оның ішінде қандай дәрмек жоқ дейсіз, сүйел кетіретін, буын ауруларын жазатын, бүйрекке, бауырға дейсіз бе, тіпті ер-азаматтардың күш-қуатын арттыратын дегендері де бар. Артық қыламын деп, тыртық қылмаса… Бірақ, оны қай фармацевтикалық компания шығарған? Қалай ішу керек, қай кезде ішу керек, сапасы мен жарамдылық мерзіміне кім кепілдік береді? Қысқасы, қара базарларда бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Түсініксіз тілде жазылған түсініксіз дәрілерді сатып жүрген адамдардың арнайы медициналық білімі жоқ екені де бесенеден белгілі.

Алайда, сол дүдәмал препараттарды жас қыздар ғана емес, оңы мен солын таныды дейтін жоғары білімді бикештердің де қолданып жатқаны өтірік емес. Кейбір ресми емес деректерге сүйенсек, мы­сықтарға арналған дәрі ішіп, аса ауыр жағдайда ауруханадан бір-ақ шығатын пациенттердің жасы көбінесе 15-30 жас аралығында болып келмек. Ал олардың барлығы дерлік медициналық мекемелерден тыс жерде жасалатын түсіктің қыл­мыстық аборт екен­дігін өте жақсы бі­леді. Мұндайда олар­дың алға тарта­тын басты уәжі – меди­циналық мекемелерде түсік жасатқызу қымбат. Бірақ, фармкомпаниялар да кездейсоқ жүкті болып қалудан сақтандыратын контрацептивтер мен неше түрлі дәрі-дәрмектердің жүз түрін жарнамалап жатқан жоқ па?! Бұлардың денсаулыққа да зияны жоқ әрі өте арзан.

Әрине, осы жолдарды жазып отырып та, мақалаға дерек іздеп жүрген кезімізде де бұл жерде мәселенің тағы бір қыры бар екендігін еш қаперден шығарған емеспіз. Ақыл айту оңай және оқырмандардың алуан-алуан түсініктері мен тәрбиесі бар. Біреулер үшін сұмдық күнә мен қылмыс болып көрінетін жайттар, екіншілері үшін қалыпты жағдай ғана. Әйтпесе, адамдық жолымен алып қарағанда да, мұсылмандыққа салып қарағанда да түсік жасатқызу, өз атымен айтқанда іштегі баланы өз қолыңмен өлтіру – күнәнің ішіндегі үлкені, қылмыстың – атасы!

Бойға біткен баладан кейде сәтсіз, кейде сәтті, тіпті жан баласына білдірмей құтылуға болатын шығар. Бірақ, табиғаттың біз білмейтін заңдылықтары мен құбылыстары бар. Оның күнәсынан арылу қиын, тіпті түсік жасата беретін әйелдердің жолы жабылады. Бақ құтаймайды, болмаса басқа балаларына да кесірі тиеді. Бұл мәселенің үшінші қыры. Бұл туралы да адам тағдырын зерттейтін оқымыстылар талай томдар жазған. Ал түсік жасау, қысқасы ажалмен, анасымен қарсыласуға шамасы жоқ шарананы алып тастау процесін көру адам жүйкесі шыдайтын дүние емес…

Бірақ, заманына қарай адамы. Әйтпесе, қазіргідей қаптаған жекеменшік газеттерде жекеменшік емханалардың «Түсік жасаймыз» деген жарнамалары өріп жүрмеген болар еді. Бұл да қоғамның дерті.

Мәселен, биыл Қарағанды қаласының қақ ортасында «жүктілікті үземіз» деген жарнамалар пайда болып, жаға ұстатарлық жарнаманы көрген тұрғындардың тіксініп қалғаны жөнінде де жазылды.

«Алайда қағаздарды ілген емхана өкілдері істеген істерін мақтан тұтатын секілді. Олар «осының арқасында кәсі­біміз қарқынды дамып келеді» деген пікірде. Жасанды жолмен түсік жасауды жарнамалаған бір бет парақтар Қара­ғандының әр жерінде ілулі тұр. Аялдамалардан да, қаладағы кез келген көшелерден де табу қиын емес. Қыз-келіншектерді қауіпті қадамға итер­мелейтін іске билік тарапынан тыйым салынса да, Қарағанды емханасы қызметін қалай болса да көрсетуді көздегенге көп­шілік те наразы.

Ал түсік жасайтын емхана директоры Виктор Цешковский: «Мұнда тұрған ештене жоқ. Біз үшін ол бизнес. Адам жасанды түсікті қай жерде жасату керектігін білуі керек. Адамдардың шағымын мен түсінбеймін. Ол дұрыс емес. Қазір ХХІ ғасыр ғой» деп отыр» деп жазды қараған­дылық тілшілер.

Демек, мұндай клиникаларды қанша сөксек те, «клиенттері» жеткілікті. Бірақ, бұл жерде тәрбиеден де бөлек көкейкесті мәселенің тағы бір қыры ашы­латындығын ұмытпаған жөн. Мәселен, Маңғыстауда жыл басынан бері кәмелетке толмаған 11 қыздың балалы болғаны туралы Ақтаудағы тілшіміз Гүлайым Шынтемірқызы жазды да.

2015 жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сүйенсек, еліміз бойынша 15-18 жас аралығында 2420 қыз баланың жүкті екені анықталған. Ал Қазақстандағы ең жас ана 13-те екен. Осындай мәліметтерден кейін тағы да өзіміз білетін акушер-гинеколог маман­дарға хабарласып, мәселені әрі қарай қаузағанбыз.

– Әйел деген қызық, өлемін деп ойламайды. Абайсызда екіқабат болып қалған қыздар тура денесіне тікен кіріп кеткеннен бетер безектеп, бойындағы баладан құтылудың барлық қадамдарына барады. Тек қана дәрігерлердің бақылауымен қабылдануға тиісті препараттарды өз бетінше қабылдайды, тығылып ішеді. Салдары – сорақы. Медициналық тәжі­рибемізде үй жануарларының жүктілігін үзетін таблеткаларды былай қойғанда, ішіне кір тасын қойып баласын түсірмек болғандарды да кездестіресің. Неше түрлі шөптердің атын естіп алып ішіп, ыстық ваннаға жатады, ішіндегі адаммен қосып өзін де өлімге байлайды. Бірде біздің дәрігерлер дезинфекциялық мақсатта қолданылатын «Деохлор» таблеткаларын ішіп, қан кеткен әйелді ажалдан әрең арашалап алды. Мысалы, адамдардың жүктілігін үзетін медикаменттердің өзі де кез келген адамға сәйкес келе бермейді. Егер пациенттерде сол дәріге қарсы көрсетілімдері мен денсаулықтарында кінәраттары болса, оны да қабылдауға болмайды. Түсікті қандай мер­зімде жасау керек екендігін және оны хирургиялық жолмен әлде медикаментоздық тәсілмен үзуге болатынын дәрігерлер ғана шешеді, – дейді біздің мамандар.

Сондықтан біз қаладағы ор­талық емханалардың біріне ор­наласқан дәріхананың байырғы провизоры Шәрипа Ұлықбековаға хабарласып, осы мәселеге қатысты анық түсініктеме беруді өтінгенімізде:

– Жасанды түсік тастатқызатын дәрі-дәрмектерді өте жас қыздар сұрап келеді. Тіпті мұндай медикаменттерді сол қыздардың жігіттері де сұрап жүреді. Кейде қосылып іздейді. Ал қолында рецептісі барлар – денсаулықтың қадірін білетін жастағылар. Негізінде бұл таблеткалар қатаң түрде рецепт бойынша сатылады. Ал түсік тастатқызатын Қытайда жасалған препараттардың бізде қазір сатылуға лицензиясы бар. Бірақ, бұл тек дәрігердің рұқсатымен және акушер-гинекологтардың бақылауында жүзеге асуы тиіс. Мәселе қайдан туады? Бәрі ақшаға тіреліп тұр. Арнайы медициналық мекемелерде түсік жасатқызу қымбат болған соң, көбінесе жастар 5-6 мың теңгеге осы препараттарды қолға түсіріп, іштегі баладан оңай құтылуға тырысады.

Бұл айтып отырған мәселеңіз отба­сылық, қоғамдық тәрбиеге де қатысы бар. Қазір бәрі де қолжетімді. Ерте бастан, некесіз, болмаса бей-берекетсіз жыныстық қарым-қатынасқа түсу бұрынғыдай масқа­рашылық саналмай қалды. Бірақ, адам денсаулығы – бәрінен қымбат екенін күнде көріп отырмыз. Осында бір шыбын жаны үшін шырылдап, алтынға да денсаулық таба алмай жүргендер қаншама?! – дейді.

Зерттеп қарап отырсақ, француздар жасаған, бала біткен соң белгілі бір мерзімде әйелге түсік тастатқызатын осы (атауларын әдейі жазбай отырмыз) препараттарды шығаруға Ресейде тек «МирФарм» фармацевтикалық компаниясы ғана патент алған. Бұл препараттар Қытайда да шығарылады. Бірақ, көршілеріміз Қытай препараттары Ресейде сертификация жасалынбағанын, оның құрамы мен сапасы жеткілікті түрде зерттелінбегендігін жазыпты. Ал бізде сатылып жүрген осы дәрілер болса керек. Демек, делдалдар оны Қазақстанда сатуға қол жеткізген…

Қысқасы, ЖШС-лар бұл препараттарды елімізде ресми түрде дәріханаларда сатуға қол жеткізгенге дейін оны алыпсатарлар тасып келді. Ресми емес дерек көздеріне сенсек, әйелдер «бэби капут» деп қойған дәрі-дәрмектер болсын, жануарлардың жүктілігін үзетін таблеткалар болсын әлі де тасылып жүр. Ал кедендік бекеттерден мұндай дәрі-дәрмектердің заңсыз өтіп жатқанын арнаулы білімі бар кеден қызметкерлері ғана анықтай алмақ.

Мәселен, өткен жылдары ресейлік мамандар Буратия мен Байкалда, Сібір аймақтарында бұл дәріні жасырын қолдану белең алып тұрғаны, әйелдерді өте ауыр гинекологиялық науқастарға шалдықтырып жатқаны жайлы дабыл қағыпты. Қазір бала табатын жастағы қыз-келіншектердің көбісінің денсаулығы онсыз да мәз емес.

Қорыта айтқанда, адам өміріне қатысты осынау өзекті мәселенің қай қыры да – келеңсіз, салдары – сорақы. Басқасын айтпағанда, әркімнен естіп алып ішілген бұл дәрілер қыз-келіншектерді сәби сүю мүмкіндігінен мүлде айырып, қасіретті бедеулердің қасына қосатыны айдай ақиқат. Сақтаныңыз!

Айнаш ЕСАЛИ,

Дерек көзі: «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

0 пікір