Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 8608 0 пікір 27 Желтоқсан, 2015 сағат 13:11

ҚАЙРАТЫ ЖОҚ "ҚАЙРАТКЕРЛЕР" ҚАПТАП КЕТТІ

...Жылдағыдай Тәуелсіздік күнінде 200-ден астам адамға әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттар таратылды. Тіпті, экономикасы етпетінен құлап, есінен танып  жатқан елімізде «экономикадағы жаңалықтар ашқаны» үшін ақсақал академик те кеудесіне орден тақты...


Тек, әл-ауқатымызды ойсыратқан Кәрім МӘСІМОВ-пен теңгемізді тентіретіп жіберген Қайрат КЕЛІМБЕТОВДанияр АҚЫШЕВ-тарға мемлекеттік сыйлық «жетпей қалып», абырой болды. Бірақ, жаңа жылдан бастап нанды қымбаттатуға бел шешіп, жеңін түріп жүрген Ауылшаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ-тің марапатшылардың арасында жымиып жүргенін көзіміз шалып қалғандай...

Бір шоғыр өнер өлкесінің адамдары «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына қол жеткізді. Бірақ, бір «Нұр-Мұқасан» тобының әншісі Мұқасан ШАХЗАДАЕВ-қа бұйырған атақтың, оның өмірдегі һәм өнердегі «егізі» Нұрлан ҚОНЫСБАЕВ-қа қолжетімсіз болып қалғанына қайран қалдық?!. Әлде, ән шырқағанда, Мұқасан қаттырақ қышқыра ма екен?!.

Менің жерлес інім Тұрсынбек ҚАБАТОВ өз театрын құрған 5 жылда «еңбек сіңіріп» үлгерген болса; 20 жылдан бері қазақ сахнасының отымен кіріп, күлімен шыққан «Шаншардағы» Уәлибек ӘБДІРАЙЫМ­ОВ пен Жүсіп АҚШОРАЕВ­-тың әлі күнге дейін «еңбек сіңіре» алмағаны қалай?!.

Қазақ әніне әлемдік музыканың бояуларын асқан шеберлікпен үйлестіріп, қазақтың эстрада жұлдызы Роза РЫМБАЕВА мен қосылып ән шырқаған талантты компoзитор, әнші, аты әлемге танымал қазақ балуаны Қажымұқан МҰҢАЙТ­ПАСОВ-тың туған немересі Бақытжан ҚАЖЫ­МҰҚАНОВ-тың ерен еңбегінен - «Түрківижен» халықаралық байқауында жалғыз ән шырқап, бас бәйге алған жас әнші Жанар ДҰҒАЛОВА-ның еңбегі артық немесе басым болып па?!. Егер «Түрківижен» халықаралық байқауына Бақытжан Қажымұқановтың табаны тисе, өзінен басқа ешкімге жүлде де тимей қалар еді... Қазақтың эстрада өнерінің деңгейі түркі дүниесіндегі бір дүркін жеңіспен өлшенбеуге тиіс.

Біз қазақтың ешбір өнерін еуропалық өлшеммен де, түркілік дәрежемен де өлшеп-екшеп, дамыта алмаймыз. Бізге керегі - табиғи таланты семсердей жарқылдаған шынайы саңлақтар...

Бүгінгідей түйсікпен алалап-қаралай берсек, қаптаған қайраты жоқ «қайраткерлерден» көшеде аяқ алып жүре алмайтын боламыз...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Abai.kz

0 пікір