Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 6841 0 пікір 28 Желтоқсан, 2015 сағат 10:39

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ: ЖІГІТТЕРІ — КҮЗЕТШІ, ҚЫЗДАРЫ — ДАЯШЫ ҚАЗАҚ ЕНДІ ҚАЙТПЕК?

Қоғамдағы өзекті мәселелердің ақ-қарасын анықтау үшін, кейбір тақырыптың тігісін жатқызу үшін көп жағдайда айтары бар, аузы дуалы ақсақалдарға жүгінеміз. Бұл жолы да сол дәстүрмен жазушы-драматург Дулат Исабековке хабарластық. Қаламгер біраз тақырыптың басын қайырды. Жан-дүниесін мазалайтын жәйттерді көбірек қозғады. Кесек-кесек ойларының бір парасын оқырманға ұсынамыз.

Алаяқты өзіміз өсірдік

Абай заманынан бергі қазақ өзгерді ме? Маған осы сауал жиі қойылады. Бәрі өзгерді. Киген киіміміз, тұратын үйіміз жаңарды. Бірақ жан-дүниеміз, рухымыз құлдырап кетті. Ақша бірінші орынға шықты. Қарапайым халықтың өзі кісіліктен, ұят-намыстан бірте-бірте айырылып жатқан сияқты. Алдап-арбау көп. Базардан бірдеме сатып алсаңыз да, алданып қаласыз. Күн көрудің жолында жастарымыз алаяқ болып алған. Қазақтың оқу қуған емес, күзетші жігіттері қаптап кетті. Кейде ойлаймын, қазақтың жанын күзетшілік сақтап отыр ма деп. Жұмыссыз жігіттеріміздің бәрі – күзетші. Қыздарымыз асхана-мейрамхананың еденін жуып, даяшы болып жүр. Вокзалға бара қалсаң, жігіттер көлігіңнің астына түсе жаздайды. Қолыңдағы жүгіңді тартып алып кетеді. Енді қайтеді, ақша керек? Күні кеше ғана жол жүріп келдім. Көлігім вокзалдың алдына тоқтағанда-ақ бірнеше жігіт қолымдағы жүкке жабысты. Пойызға жеткізіп берген соң «Қанша аласың?» деймін ғой. Беті бүлк етпей 5000 теңге сұрап тұр. «Айналайындар-ау, сендер бір тиын болса да ақша тапсын» – десем, мына сұрап тұрғаның артық қой» – дедім. Әлгі жігіт «Енді қайтеміз, ақша табу керек? Мұндағы өмір талас-тартыс. Тұрған орнымызға, көтерген жүгімізге қарай «жоғары» жаққа ақша беріп отырамыз. Қарап тұрып өлеміз бе, ақша табу керек» – дейді. Уәжі орынды. Қисынсыз дей алмайсыз… Қысқасы, адамдарды алдап-арбауға, безбүйректікке, ауыздағыны тартып алатын жауыздыққа ортаның өзі итермелеп, мәжбүрлі түрде үйретіп отыр.Біз соғыс жылдарының ұрпағымыз. Бірақ сол қиын-қыстау, аш-жалаңаш жылдардың өзінде адамдар бүгінгідей емес еді. Бәрі жоққа қанағат, барға сабырмен қарап, ар-ұятты биік қоятын, кісі ақысын жемейтін-ді. Халық бойындағы осындай мінезді көргенде кейде біз «бостандықты осы үшін алған ба едік» – деп кейимін. Тіпті қазір қазақты тәрбиелеп отырған ақсақалдар да жоқ.

Кадрдың қадірі

Кеңес үкіметінің кезінде бәрін кадр шешетін. Мен сол кездегі жүйені аңсай бастадым. Бұдан «Исабеков кеңес үкіметін аңсап отыр» деген ой тумауы керек. Ол кезде кадр тағайындау мәселесі бір ізге түскен, жүйелі еді. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрі болатын адам ауылдан бастап қаншама сатыдан өтетін еді. Қазір олай емес. Математик теміржолды басқарады. Ол есебін шығарып, бала оқытып, ғылым қуып жүрмей ме? Журналист-сценарист мемлекеттік үлкен қызмет атқарады. Ол жұмыс істей ала ма, жоқ па, ол жағына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Елді жемқорлық жайлады. Сол жемқорларға таңқаламын. Бүгін түрмеге отырса, ертең темір тордан шығып, қайтадан жіліктің майлы басына жайғасады. Ұрлық пен қылмысқа жаза қолданбау – сол ұрлық пен қылмысқа жол беру деген сөз.

Құнсыз ақша

Теңгеміз сабан ақшаға айналып барады. Доллар халықаралық валюта. Теңгемізді басқа мемлекет танымайды. Олар бізбен доллармен есептеседі. Шетел теңге түгілі, рубльдің өзін «деревянный ақша» дейді. Доллармен бірге барлық заттың бағасы көтеріліп жатыр. Азық-түлік, жанармай, жылу, су – күн сайын қымбаттауда. Мұның зардабын қала жұртынан бұрын ауыл халқы тартып отыр. Кеше ғана ауылдан келдім. 27-30 мың теңгеге жұмыс істейді. Бүгінгідей қымбатшылық кезде, ол ақша жыртыққа жамау бола ма? Бірақ амал жоқ. Жұмыссыз қалмау үшін азға көнеді.

Қымбатшылық қыспағы

Әдейі салыстырып көрдім, Қырғызстандағы бензин бізден арзан. Нан да екі есе арзан. Бұған не уәж айту керек? Қырғыз бидайды да, мұнайды да шетелден алады. Ал біз астық пен мұнайды Ресейден алып жатқан жоқпыз ғой. Керісінше, шетелге сатып жатырмыз. Үйдің бағасы да удай қымбат. Біздің үш бөлмелі пәтердің бағасына шетелден бес бөлмелі үй алуға болады. Ал олардың жағдайы бізден көш ілгері. «Отандық өнім» дейміз. Бірақ қымбат. Не шығарсақ та, біздікінің бағасы қымбат. Трактор шығардық. Шетелдікінен қымбат. Көлік құрастырдық. Шетелден келген машинадан сапасы төмен, бағасы артық. Киім-кешегіміз де солай. Тіпті әуе билеттің бағасы миға сыймайды. Шетелге шығатындар Тәшкент, Бішкек, Ыстамбұл арқылы ұшады.

Теледидар – ортақол әншілердің құлы

Бұрын Алматыда мәдени орта қалыптасып, кемеліне келген болатын. Халықтың талғамы биік еді. Қазір керісінше. Мәселен, Қайрат Нұртас деген жас әнші шықты. Егер ол шақыру берсе, концертіне барам ба, бармаймын ба, ойланатын едім. Өйткені, қазақта одан да мықты, кәсіби әнші, жақсы дауыс иелері бар. Кешегі Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтар қандай еді, шіркін?! Ал қазір ортақол әншілердің дәурені жүріп-ақ тұр. Неге? Оның себебі жарнамадан. Жарнама ақшасы бар, ортақол өнерпаздарды жаппай көрсетеді. Соларды әспеттейді. Ауылдағы елдің әңгімесі де солар. «Анау әншінің екі әйелі бар екен». «Анау бір әнші бәленшенің тоқалы екен» деп отыратын болыпты. Бұрынғы ел мен жердің шежіресін шертетін ақсақалдардың әңгімесі жоқ. Ел – теледидардың құлы, теледидар – ортақол әншілердің құлы боп кетті.

Мәдени талғам төмендеді

Халық театрға талғамсыз барады. Арзан қойылымға үйір. Театрға тазарайын, рухани толайын деп емес, қыдыру үшін баратындай. Адамды ойландыратын, салмақты, сүйекті спектакльді ешкім тамашаламайды. Барғысы да, ойланғысы да келмейді. Бұрынғы көрермендер театрға барарда үш нәрсені біліп баратын. Бірінші – авторға, екінші – режиссерге, үшінші – әртіске бола баратын еді. Қазіргі көрерменге бәрібір. Бүгінгі көрермен жеңіл әзілге, ойсыз күлкіге, арзан сатираға құмар. Мәдени талғам деңгейі өте төмен. Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, «Беттерінде миы жоқ адамдарды» көремін. Үлкен театрлардың өзінде жеңіл, арзан спектакль жиі қойылады. Мысалы, «Таңсұлу», «Империядағы кеш» сияқты. Оны тіпті драматургия деп айтуға да болмайды. Өмірі театрға бармағандар пьеса жазатын заман болды ғой.

69 мың теңге қаламақы

Мен шығармашылық сапармен шетелде көп боламын. Бәрі – ғылымы мен білімі техникасы мен технологиясы дамыған елдер. Солай бола тұра, олар кітапты жақсы оқиды. Ғаламторға қарағанда, қағаз әдебиеттің адамға берері мол екенін Еуропа да, шығыстағы дамыған елдер де түсінген. Сондықтан кітапқұмар. Ал бізде оқырман түгілі әдебиетті нәсихаттау жоқ. Путин «Әдебиетті қолдау жылын» жариялап жатыр. Ресейден бәрін көшіріп алушы едік, осыған келгенде кежеміз кері тартып қалыпты… Биыл әңгімелер жинағым шықты. Қаламақыңыз деп 69 мың теңге берді. Алмайын дегем, тастап кетіпті. Адамды бұдан артық қорлауға бола ма? Кеңес үкіметі кезінде кітап түгілі, газет-журналға шыққан әңгімеңе, радио-телеарнадан берген сұхбатыңа қаламақы берілетін. Қазір оның бірі де жоқ. Бұрын қаламгерге жылына үш-төрт рет жолдама берілетін. Ақын-жазушыға арналған демалыс орындарына барып, кітабымызды жазып қайтатынбыз. Қазір оның бірі де жоқ. «Қайтсең де жаз. Бірақ қаламақы бермейміз» деген қасаң пиғыл. Одан кейін қалай жазасың?..

Жазып алған
Жарас Кемелжан

 «Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584