Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мың бір мысал 8028 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 13:17

100 ҚАДАМ АЛҒА БАСАМЫЗ ДЕП, 100 ШАҚЫРЫМ КЕРІ КЕТКЕН ЖЫЛ БОЛДЫ

Біздің жаңа жыл 22-наурыз деп қанша далисақ та желтоқсанның соңғы күні жылды қортындылап, артта қалған уақытты ой елегінен өткізіп, өзімізше есеп беріп, жылды қорытындылап жатамыз.

Егер, өткен 2015-жылды қорытындылап, осы жыл несімен есте қалды десек, жеке мен үшін есте қалар жағдайлар мен оқиғалар аз болмаған сияқты.

Сонымен, 2015-жыл мен үшін несімен есте қалды?

Бұл жылдың  басы түрлі кризистердің алғашқы қарлығаштарының келуімен басталды деуге болады. Оның бір көрінісі, сәуірдің басында 100-120 несие алған борышкерлер Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу үшін Астананың қақ төрінде, Парламент пен Үкімет үйінің алдында күннің суығына, жауын-шашын, боран-бұрқасынға қарамай 17 күн алаңда тұрған еді. Оларды астаналық белсенділер соңына дейін қолдап, ыстық тамақ ұйымдастырып, үн қосып бақты. Бірақ, өкінішке қарай «үміткер» өзінің сайлаушыларымен кездесуді қажет деп таппады.

Әдеттегідей айбынды полиция алаңға шыққан халыққа қысым көрсетіп, тамақ ішкізбеуге, әжетханаға барғызбауға тырысып бақты. Бір дорба пирожкиді алаңда тұрғандарға жеткізу біз үшін үлкен қиындық туғызды. Сол сәтті әлеуметтік желіде «10 пирожки» операциясы деп белгілеппін. 

Одан кейін астаналықтардың Президенттікке үміткер Уәлихан Қайсаров пен Жарылқап Қалыбайдың кандидатурасын қолдауын еске түсірмей болмайды. Себебі, Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысымент кезекті кезектен тыс Президент сайлауында өз үміткерімізді ұсынып, қолдап, бәйгеге қосу біз үшін әрі үлкен сын, әрі тәжрибе болды. Бірақ, демократиялық Қазақстанның сайлау заңындағы түрлі құйтырқылар билік қаламаған үміткердің атының озуы мүлде мүмкін емес екенін көрсетті. Нәтижесінде, сәуірдің соңында кезектен тыс сайлауда 97,75 % халықтың даусын жинап, Нұрсұлтан Әбішұлы кезекті жеңісіне жетті.   

Мамыр айы қазақ даласын қан сасытқан 200 мыңнан аса киік пен 90 мыңнан аса малдың қырылуымен есте қалды. Киік, мал, балық, құс тағы басқа тірі жан иелері жаппай қырылып жатқанда алғашында билік оған мән де бере қойған жоқ. Артынан шығын саны 100 мыңнан асқанда барып қимылдай бастады. Ол кезде жергілікті әкімдер мал шығынын жасырып, елдің аузын жауып, өлген киікті жаппай жерлеп жатыр еді.

Биліктің, министрлер мен әкімдердің, тіпті Премьер-министрдің орынбасарының аузынан шындықтың шынашақтай бөлігін ести алмаған соң «Антигептил» азаматтық қозғалысы  «Шындық экспедициясын» жасақтап, оның 5 мүшесі киіктер жаппай қырылған Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарын аралап, киіктің, малдың жаппай қырылу себебін анықтап қайтқан-ды. Олар киіктің, малдың жаппай қырылуына гептилдің тікелей қатысы бар деп мәлімдеді. Алайда билік қырылған киік пен малдың өлу себебін гептилден іздеуден мүлде бас тартты. Ақыры, киік пен малдың қырылу себебі сол күйінше жұмбақ күйінде қалды. Улы гептилді тонналап көгіп жатқан «Протон» зымыраны одан әрі ұшып жатыр, Ресейдің 7 әскери-жаттығу полигондары одан әрі зымырандарын гүрсілдетіп жарып жатыр.

Тамыз айында тұңғыш рет 17 мемлекеттік емес ұйым халықты әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік шиеленісті бірлесе  шешуге уағдаласты және ол туралы меморандумға қол қойды. Осы шарадан кейін қоғам белсенділеріне билік тарапынан қысым күшейді.

Одан әрі есте қалған нәрселер биліктің теңге құнсызданбайды деп халықты алдауы мен айтып үлгермей теңге құнының құлдырауы, әлемде мұнай бағасы құрдымға құлдырап, бірақ Қазақстанда бензиннің бағасының өсуі, тағысын-тағылар елдің есінде көпке дейін сақталары анық.

Сонымен бірге Ермек Нарымбаев, Серікжан Мәмбеталин, Болатбек Бләловтың қамалуы мен сот отырыстары бұл жылдың үлкен сорақы оқиғасы ретінде ғана емес, тарихта қара таңба болып қалатын жағдай деп білемін. Бұған басқа да белсенділер мен журналистердің жасанды айыптаумен қудалануын қоса айтпасқа болмайды.

Бүкіл жылды бір сөзбен қорытындыласақ, бұл жыл биліктің 100 қадам алға басамыз деген жоспар жасап, 100 шақырым кері кеткен жылы болды.

Мақсат Ілиясұлы, қоғам қайраткері

Abai.kz 

0 пікір