Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ханталапай 6837 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 13:22

ҚОЙ ЖЫЛЫНЫҢ «ҚАҺАРМАНДАРЫ» КІМДЕР?

Тәуелсіз Қазақ елі бірер күннен кейін Қой жылына қол бұлғайды. Қош айтысқалы отырған Қой жылы заң шығаратын «үлкен үйде» де одағай оқиғаға толы болды. Осы жерде жылдағы әдетімізбен ең айшықты оқиғаны еске алайық. Заң шығарудан 2015 жыл «рекордтық жыл» ретінде Парламенттің 20 жылдық тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Осы күзде 1,5 ай бойы ұйқы-күлкі көрмей, терлеп-тепшіген қалаулылар 55 (!) заң жобасын қарап, тез мақұлдап, Сенатқа жолдады. Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов депутаттар сенбі, жексенбіде демалмай, күніне 30 рет жиналған кезі болғанын айтты. Заң жобасына депутаттар енгізген 11 мың түзетудің жартысы қабылданды. Әрине бұл бұрын-соңды болмаған рекорд!..

Қой жылы несімен есте қалды? Оның «қаһармандары» кімдер? Енді осыған келейік. Заң демекші, үкіметтен шикі күйінде келіп, депутаттың «батасын» алып, елге жемісін бермегені де бар. Оның қатарына «Жол жүру ережесі туралы» заңды жатқызуға болады. Әуелгі заң қоғамның қарсылығына ұшыраған соң, депутаттар «Жол жүрісі туралы» тағы бір заң жобасын әзірледі. Сөйтіп, автокөлікті тоқтатқан кезде полицейдің рұқсатынсыз жүргізуші мен жолаушыға көліктен шығуға тыйым салатын талапты алып тастады. Айтпақшы, рекордтық жағдайда қабылданған 55 заңның ішінде халықтың наразылығын туғызған заң жобасы болғанын неге ұмытайық?!. Ол Еңбек пен Жер кодексі жобасы, жеке тұлғаның табысы мен мүлкін заңдастыру, оңалту және банкроттық туралы заң жобасы. Түптеп келгенде, қоғам талқысынан өтпесе де, бұл заңдар қабылданып кетті.

Енді Қой жылының «қаһармандарына» тоқталайық. Жасырары жоқ, биыл түрлі ұсыныс, жанжал, айтыс-тартыс аз болған жоқ. Біз пайымдағандай, үкімет мүшелерін батыл сынап, игерілмеген 322 млрд. теңгеге 400 балабақша салуды ұсынған Зағипа Балиева «Халықшыл депутат» атанды. Бірақ депутат-ханымның ұтқыр ұсынысын ескеріп, үкімет 100 мың бүлдіршінге балабақша салған-салмағанынан хабарсызбыз. Жылдың «от ауызды, орақ тілді депутаты» аталымында Нұртай Сәбилянов жеңімпаз атанды. Ол индустриялық бағдарламадағы 770 жобаның 458-і толық қуатымен жұмыс істемейтінін шенеуніктің бетіне басты. Депутат кейбір жобаны қол шапалақтап ашылып-жабылатын театр қойылымына теңеді.

Жылдың «ең жанжалшыл депутаты» деген аталымда Светлана Романовская оқ бойы озып шықты. Түркияға демалуға барып, қаңғып қалған қалаулы турфирманы жабуды былай қойып, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке қызметінен кетуді талап етті. Ақжолдық депутат Азат Перуашев пен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің сөзсүзісі «Жыл жанжалы» деуге әбден лайық. Азекеңнің «министрді ауыстырайық» дегеніне, Асекең: «Перуашев лоббиші» деп «соққы» берді. Айтпақшы, текетірес екі тұлғаны прокуратуға жауап беруге дейін жетелегенімен, екі жақ кейін татуласты.

«Жылдың айтқышы» деген атаққа сұранғандар жетерлік-ақ. Бұған «Көктемдегі су тасқынына жаһандық жылыну кінәлі» деген Ішкі істер вице-министрі Владимир Божконы, «1 бөлке нанды 300 теңгеге дейін қытбаттатайық» деген коммунист-депутат Айқын Қоңыровты, «теңгенің 40 пайыз құнсыздануына қарамай, елімізде азық-түлік бағасы қымбаттаған жоқ» деген Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті жатқызуға болады. «Ең айғайшыл депутат» атағын Мұхтар Тінікеев иеленді. Ол үнемі бір жиында бірнеше өткір мәлімдеме жасап, ақжағалыны сөзбен «сойып салудан» алдына жан салмай келеді. Түнеукүні Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа: «Айыппұлды арзандат!» деп қатқыл ұсыныс жасады. Жуырда ғана Мәжілістің жиынында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға: «Министр-ханым көктен жерге түсіңіз. Сіз қандай деңгейді айтып тұрсыз. Әуелі жұртқа жұмыс тауып беріңіз!» деп дүрсе қоя сөйледі. Қалай десек те, биылғы жыл табысты болғаны анық. Олай болса, табалдырығымыздан аттайтын мешін жылынан да көп жақсылық күтейік!

Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана.

Abai.kz

0 пікір