Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Өз сөзі 7828 0 пікір 30 Желтоқсан, 2015 сағат 15:29

МЕНІҢ ЖАҢА ЖЫЛЫМ - 22 НАУРЫЗ

Негізі, менің жаңа жылым – 22 Наурыз! Адам пендесі үмітпен, арманмен жасайды ғой. Мен өзі оптимист адаммын. Ескі дағдымен айтсақ, Құдайға шүкір, өткен жыл біз үшін өте табысты болды. Ең бастысы, Ұлы еліміз аман, жұртымыз тыныш.

Елбасының Ұлт Жоспары – Бес институттық реформасы мен «100 нақты қадамды» жолға қойылды. Бұл – ұзақ мерзімге жасалған бағдарлама. Ұлы, Мәңгілік Ел болудың негізі! Іске асатынына менің зәредей күдігім жоқ! Еліміз Дүние жүзі Сауда ұйымына мүше болды! Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Бұл той тек Ұлы Дала елінде ғана емес, қазағы бар мемлекеттің бәрінде тойланды. Шеттегі қазақтар, ең кемінде, көрші-қолаңымен бас қосып, дастарқан басында тойлады... Айдын Айымбетов замандасым, Қазақтың үшінші ғарышкері атанды. Бұл – қазақ үшін биік абырой, зор мәртебе!

Ал, мен үшін аса маңызды бір мәселе – Ұлт Көшбасшысы дер кезінде жолға қойған көші-қон саясаты болатын. Құдайға тәубе, оның да түйіні шешіліп, жаңа Заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды. Жаңа жылдан бастап атқарыла бастайды.

Өмір болған соң, өкініш те қатар жүреді. Біраз марғасқа тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Алланың жазуына адамның жасар шарасы жоқ! Жатқан жерлері Жаннатта болсын! Сонымен бірге, 1935 жылы туғандар өнер иелері мен ақын-жазушылар үшін өткен жыл мереке, олар 80 жасқа келді. Көзі тірілері шама-шарқынша тойлады. Атаусыз қалғандары да болды. О дүниелік болғандарын туған халқы еске алу шараларын өткізіп, биік деңгейде атап өтті. Бұл шоғырдың қатары мол еді және шетінен классик болатын. Оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Дегемен, менің Тұмағамның – Тұманбай Молдағалиевтың 80 жылдығы өз деңгейінде аталып өтілмеді. Еңбекшіқазақ ауданының атын ақын атына берсе, Алматы қаласының ыңғайлы жеріне ескерткішін орнатса, туған ауданынан Мәдениет үйін тұрғызса, Қазатком ауылындағы өзі оқыған ескі мектебін жаңартып салса, Алматыдағы Масанчи көшесін ақын атымен атаса, керемет-ақ болар еді! Амал не, Қадыр, Жұмекен құрдастарының қасында ағамның мерейтойы жетім қыздың тойының күнін кешті. Ешкім ескермеді. Соған ішім уадай ашиды. Бүгінде бір жиналыс пен бір концертті әркім өткізе береді емес пе?!

Қайталап айтайын, өткен жылға өкпе жоқ! Армандар орындалған жыл болды. Ал, келесі жыл – той жылы, Ұлы тойда кездесейік, ағайын! 

Ауыт Мұқибек

Астана

Abai.kz

0 пікір