Жексенбі, 17 Қараша 2019
Деп жатыр 5696 0 пікір 31 Желтоқсан, 2015 сағат 03:00

АЛЕКСЕЙ НИ "АBAI.KZ" ПОРТАЛЫНА МҰҢЫН ШАҚТЫ

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Қазақстанға 50 мың доллар көлемінде айыппұл салды. Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық ауыр атлеттер допинг қолданды деген күдікке ілінгендігі туралы айтылған болатын. Бұл туралы «abai.kz» порталы  Azerisport.com сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) айыппұлдардарды күдікті спортшылардың санына қатысты есептеген. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында жарыс ережесін бұзып, допинг қолданды деген айып әзірбайжандық 6 атлетке, ресейлік 4 атлетке, Қазақстан, Молдава және КХДР-дан 9 спортшыға тағылған болатын.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Әзірбайжанға 200 мың доллар, Ресейге 100 мың, Қазақстан, Молдова және КХДР-ға 50 мың доллардан айыппұл салған.

Федерация талаптары бойынша, аталған мемлекеттер жарыс ережесін өрескел бұзғаны үшін санылған айыппұлды төлемесе, 2016 жылы Рио-да өтетін Олимпиада ойындарына берілген олимпиадалық лицензиядан айырылады.

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) тарапынан қазақстандық үш спортшыға әлем чемпионатында жарыс ережесін бұзып, допинг қолданды деген айып тағылған. Олар:  Хьюстон чемпионатының күміс жүлдегері – Алмас Өтешов, қола жүлдегер – Жасұлан Қыдырбаев пен Ермек Өміртай.

Осыған байланысты біз қазақстандық спорт журналистерінің және мамандардың пікірін білген болатынбыз.

Руслан Меделбек, спорт журналисті:

- Допинг ізі табылды. Демек, Қазақстанға айыппұл салынады. Қазақстан допинг ережесін бұзды. Спортшының күдікке ілінуінің өзі допинг ережесін бұзу болып саналады. Ал Қазақстан алдағы уақытта қалайда спортшыларының таза екенін дәлелдеуі қажет. Бірақ бұл өте қиын жағдай. Қалай болғанда да Халықаралық ауыр атлетика федерациясы "Қазақстанның үш спортшысы допинг қолданды" деген күдіктілер тізіміне енгізді. Тізімге енудің өзіне айыппұл салынды. Допингтің екінші тексерісінің қорытындысын шығаруға шамамен 2-3 ай керек. Ол бірден шыға салмайды. Спортшылар мен Қазақстан ауыр атлетика федерациясы "біз тазамыз" дейді, ал Халықаралық ауыр атлетика федерациясы өз шешімінен таймайды. Нақты шешімді екінші тексерістен кейін аламыз. Ол шешім Қазақстан спортшыларының допинг қолданғанын дәлелдесе онда оған көнуге тура келеді. Ал таза шықса онда Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев Риода алтын мен күмісті ешкімге бермейді. Барлығы Қазақстан үшін сәтті аяқталады деп үміттенейік

Алексей Ни, Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Бұл жігіттер ауыр атлетикаға кеше ғана келе салған адамдар емес. Қыдырбаев әлем чемпионы болды. Өтешов жыл сайын күміс медаль алып келеді. Мысалы, Азия ойындары мен Әлем чемпионатында екі рет күміс алды. Бұлар жоғарғы класты спортшылар. Ақылға сыймайтын дүние. Хьюстонға спортшыларымызды допингпен дайындайтындай ақымақ емеспіз. Бұл жігіттер Рио Олимпиадасында Алтын мен күмісті өзара сарапқа салатын еді. Осылайша, қазақтан тұңғыш Олимпиада чемпионы шығатын еді. Бізге қарсы қасақана жасалып отыр. Сараптаманы чемпионат өткен АҚШ-та емес, Кельдегі зертханада жасауы тиіс. Біз де өз мүддемізді қорғаймыз. Әлі шешім шыққан жоқ. Ақырғы шешімді Федерация айтады. Мен қайталап айтамын. Бұл жерде Қадырбаев пен Өтешов жеуге болмайтын нәрсені жеп қойды деген ақылға сыйымсыз. Бұнда саясат жатыр. Біздің спортшылар Рио Олимпиадасының басты фавориттері. Олардың жолын кесу кімдерге тиімді? Бәріне. Хьюстондағы чемпионаттың алдында көп сөздер айтылды. Әлем чемпионатына Ресей мен Қазақстан спортшылары келмейді деді. Себебі, допинг зерттеуді АҚШ мамандары жасайды. Олардың саяси ұстанымдары сәйкес келмейді. Сондықтан Ресей мен Қазақстан чемпионаттан бас тартты деген сөздер көп айтылды. Менің пікірім – бұл қастандық. Біз қанша жылдан бері қазақ ұлтынан тұңғыш чемпион әзірлеу үшін тер төктік.  Қыдырбаев тұңғыш әлем чемпионы болды. Енді Олимпиада чемпионы болатын қос бірдей спортшымыз – Алмас пен Жасұланның жолын кесіп отыр. Біз әлі өз мүддемізді қорғаймыз. Бұл жігіттерге қиянат жасауға болмайды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір