Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 11268 0 пікір 28 Қаңтар, 2016 сағат 13:48

ҚАРЫЗҒА БАТҚАН ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ ДЕФОЛТҚА ҰШЫРАЙДЫ

Қазақстанның өзге мемлекеттерге қарызы өткен жылдың қорытынды есебі бойынша 197,1 миллиард долларды құрады. Бұл туралы «Абай-ақпарат» ҚазТАГ-қа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Аталмыш агенттіктің жолдаған сауалына ұйқысы тыныш Ұлттық банктің берген жауабының ауаны осыған сайған.

Бас банктің ресми деректеріне сүйеніп барып сөйлесек, еліміздің сыртқы активтері 2015 жылғы 30 қыркүйекке $167,2 млрд, ал сыртқы қарыздары $197,1 млрд болды. Рас. олардың басым бөлігі портфельдік инвестицияларға тиесілі екен. Мысалы, $68,8 млрд, немесе 41%.  Оның ішінде ҚР Ұлттық қор да бар. Қазақстанның сыртқы активтерінде тікелей инвестицияларға $32 млрд, немесе 19%, ҚР Ұлттық банк резервтік активтеріне - $28 млрд, немесе 17%, басқа инвестицияларға - $38,2 млрд, немесе 23% келеді. Ұлттық қор мен Ұлттық банктің резервтегі активтерінің құрылымындағы негізгі қаржылық тетік борышкерлік құнды қағаздар болып табылады, делінген ҰБ жауабында.

Ал көрелік, сонда Қазақстан қай мемлекеттерге қарыз?

Игерілген һәм игерілмеген, бірақ мөшегі миллиардтап есептелетін инвестициялардың ең көп сомасы США-қа - $58,5 млрд тесілі.  Нидерланды - $18,9 млрд, Ұлыбритания - $16,6 млрд, Ресей - $7,5 млрд, Жапония - $5,2 млрд, Германияға - $5 млрд. келеді екен. Сонда бұлардың барлығы 111,7 миллиард долларды құрайды.

Кейбір деректерде еліміз бақандай 110 елге қарыз делінеді. Олардың ішінде тіпті ұсақ-түйек аралдар да бар көрінеді. Иә, дөп солай. Мәселенки,  Джерси аралына 34 миллион, Сейшел аралдарына 335 миллион, Кайман аралдарына 447 миллион доллар берешек-мыс.

Е, сол сияқты Кипр аралындағы экономикалық дағдарыс кезінде аралдағы банкте Қазақстан есепшоттары болғаны мәлім болып еді ғой. Сонда ұсақ аралдардан қарыз алу, есепшот ашу Қазақстанға және оның азаматтарына тиімді ма?

Жалпы мемлекеттің сыртқы қарызы елдің экономикалық өмірінің бөлінбес бөлігі. Осы кейде, экономикалық саясаттағы сала-құлаштарды сынағанымыз үшін де сөз естіп жатамыз. Ал ендеше сауатты түрде сараптап көрелік.  Сыртқы қарыздың болуы экономиканың дұрыс жүргізілмегендігінен емес, керісінше макроэкономикалық саясат. Көп жағдайда мемлекет неғұрлым бай, әрі халықтың әлеуметтік ахуалы неғұрлым жоғары болған сайын мемлекеттік қарыз көлемі соғұрлым жоғары болмақ. Ендеше қарызды жергілікті мекендегі адам басына шағу қате ұғым. Өйткені оны халық төлемейді.

Неге десеңіз, біз тәуелсіздік алған жылдан бері жинақталып жатқан  197  миллиард доллардан асып жығылған шетелдік инвестиция тартудағы табысымызды жиі айтамыз, осы қаражаттың біраз бөлігін батыс пен шығыстың инвесторлары мұндағы еншілес компанияларына несие ретінде берді. Демек, әлдебір америкалық немесе ағылшындық фирманың еншілес компаниясы жоғарыдағы басшылыққа қомақты мөлшерде қарыз болса, мұны Қазақстан азаматтары қайтарып береді деген сөз емес. Олар қарызын өтемегеннің өзінде бұл қазақстандықтардың қалтасына салмақ салмайды. Десек те, бұл қарызды қайтару үшін экономикалық сарапшылардың пікірінше, өте ұзақ уақыт керек болады. Егер шикiзат көздері шетелдiк инвесторларға сатылмай, өз қолымызда болғанда, мемлекет сыртқы қарызын он жыл iшiнде өтей алады екен. Өкінішке қарай кезiнде шикiзат саласын шетелдiктерге арзан бағаға сатып жiберген. Қазiр таңда аталған байлықтың қызығын шетелдiк инвесторлар ғана көрiп отырғаны жасырын емес.Ал қазіргі таңда Қазақстандық шикізатқа қаржы құйып, кәсіп домалатып отырған ең ірі 140-тан астам инвесторлар тіркелген.

Жалпы, дәл қазір сыртқы қарыз мәселесі еліміздің экономикасына қауіп төндіріп тұр ма? Бұл да өз алдына доғал дерек, жалқы сұрақ.

Салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, 150 миллионнан астам халқы бар солтүстіктегі көршіміз Ресейдің сыртқа қарызы (бейресми деректер бойынша) 691,15 миллиардтың шегінде тұрақтапты.  Ал, 31 миллионнан асып жығылатын халқы бар Өзбекстанның қарызы  ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 16 пайызын ғана құрады. Сондай-ақ,  45 миллион халқы бар Украинаның сыртқы қарыздары 136, 28 миллиард долларды құраса, Кедендік одаққа кейін қосылған, бары 5 миллионан асатын халқы бар Қырғызстанның шетелдік қарызы – 6,32 миллиардқа жеткен.

Рас-ау, жер асы мен үсті кенге толы еліміздің етек-жеңі түзелгенше, түтерге жүн, күтерге күн қалмайтын уақытта терезенің сыртында тұрғандай, құдды.  Масқара болғанда, батыстық басылымдар Қазақстанның қазіргі әлеуметтік деңгейін Африканың Руандасы секілді елдерімен қарат салыстырған. Әрине, бұл шамбайымызға батса да, факт (http://rus.azattyq.org/content/mayna-kiai-astana-svododa-sobraniy/26815761.html). БҰҰ бекер айтпаса керек. Қарызға батқан Қазақстанның қазіргі жағдай солай боп тұр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір