Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4639 0 пікір 29 Қаңтар, 2016 сағат 12:02

ДСҰ ЗИКА ВИРУСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ДАБЫЛ ҚАҒУДА

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) атқару кеңесі бүгін Женевада Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде тарала бастаған Зика вирусына қарсы жедел шаралар қабылдауға арналған шұғыл жиын өткізеді.

Жиын өткізу туралы шешім америкалық ғалымдар Зика безгегі індеті пайда болу қаупі бар деп ескерткен соң қабылданды. Маса арқылы таралатын Зика вирусы көбіне аяғы ауыр әйелдерге жұғып, іште жатқан шарананың басы мен ми көлемін кішірейтіп, ақыл-есінің кемдігіне әкеледі.

Зика вирусын жұқтырғандар АҚШ-та да тіркеле бастады. Нью-Йоркте төрт адам, Калифорния, Миннесота, Виргиния, Арканзас штаттарында бір-бір адамнан қатерлі вирусты жұқтырғаны анықталған. АҚШ ауруханаларына вирус таралған тропикалық елдерге барып келген адамдардан донорлық қан алуды уақытша тоқтату туралы тапсырма берілді. Кейбір әуе компаниялары Латын Америкасына ұшатын рейстерге билет алған аяғы ауыр әйелдерге ақшасын қайтарып беруді ұсынып жатыр.

Зика вирусының белгілері денге безгегіне ұқсайды. Бұл вирусқа қарсы әзірге ешқандай дәрі ойлап табылмаған. Көп жағдайда вирусқа дәрігерлер көмектесе алмайды. Вирус аяғы ауыр әйелдерге қатты қауіп төндіреді.

Abai.kz

 

0 пікір