Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 7630 0 пікір 27 Қыркүйек, 2015 сағат 22:48

"НКВД" АДАМДЫ ҚАЛАЙ АЗАПТАЙДЫ?

НКВД ойлап тапқан «кінәсін мойындату» тәсілдері де әртүрлі еді. Мысалы, «конвейер» деп аталған азаптау тәсілі – ұрып-соғу, қорқытып-үркіту, тамақ түгіл, су да бермей, айыпкерден дамылсыз тәуліктеп жауап алу. Яғни ас-тұз бермей, бейбақ жандардан күндіз тергеушілер жауап алса, түнде сержанттардан құрылған арнайы топтар оларды ұйықтатпай, ұрып-соғып отырған. Ал «стойка» деген тәсіл – айыпталушыны тәуліктеп орындыққа отырғызбай, түрегелтіп қою. Соның салдарынан аяқ ісіп, шалбардың балағына сыймай кететін көрінеді. «Карцер» деген азаптау түріне сәйкес, кішкентай ғана, сап-салқын, еденінде су шылқып тұрған не отыратын, не жататын жері жоқ қапас бөлмеде ұзақ уақыт бойы тік тұру керек. 

Қорлаудың тағы бір түрі – айып­талушыны «лимузинге» мін­­­гізу. Аяқтарының ұзын­ды­ғы әр­түрлі, бірінің үстіне бірі қо­йылған үш-төрт орындық­тың үстіне аузы шүберекпен кеп­те­тілген, аяқ-қолы бай­лан­ған айыпкерді отырғызады екен. Егер қажып, қалжырап, те­пе-теңдікті ұстай алмай қал­са, үс­ті-үстіне қойылған орын­дық­тар теңселіп, ол биік­тіктен бе­тонды еденге құ­лайды. Бұл тә­сілден кейін аяқ-қолдары сы­нып, мүгедек болып қалған­дар, миы­на зақым келіп жүйке ау­­руына душар бол­­ғандар, тіп­ті мерт болған­дар да бар­шы­­лық екен. Осын­дай азап­тан ке­йін көр соқыр болып қал­ған қа­зақ жі­гітін тергеу­шілер бо­сат­­па­ған­дықтан, сер­жанттар жау­ап­қа жетектеп апа­рып жү­ріп­ті. 

Осындай сорақылық­тар­дан кейін көптеген кісілер атылып, асылып қалғандығын тілге тиек еткен зейнеткер заң­гер Ғалихан Нұржанұлы – 60-жылдардан бастап жа­зық­сыз жапа шеккендердің өмі­рін зерттеп, оларды ақтау­ға атсалысқан азаматтардың бірі. Және әрбір істі ерекше ықы­ласпен зерделеген ол зо­балаң жылдардың зардабы жө­нінде айтқанда, жанарына ерік­сіз жас алады.

Ғалихан МӘУЛЕТОВ, Ме­м­­лекеттік қауіпсіздік ко­ми­т­етінің ардагері, заңгер:

– Кеңес үкіметінің өз хал­қына деген сұмдық геноцидінің басы өткен ғасырдың 20 жы­лынан басталып, 1950 жыл­дардың ор­тасына дейін созыл­ды. Халықты жоспарлы түрде қырып-жою шыңы 1937-38 жылдарға келеді. Жазықсыз жазаланған­дар­дың саны мыңдап саналады. Бұл мәсе­лені зерттеушілер олар­дың саны Отан соғысында қаза тап­қан боздақтар­дан ар­тық бол­маса, кем емес дегенді ай­тып жүр. Бұған күмәндануға бол­майды.

Мен 1963 жылдан бастап МҚК-ге қызметке орналасып, арнайы комиссия құрамында осы ойранды жылдары жа­зық­сыз жазым болғандардың құжаттарын зерттеумен айна­лыстым. Және әр іске үңілген сайын үлкен тебіреніске түсіп, шара­сыз­дықтан еріксіз ба­сыңды шайқайсың... Көптеген іспен та­нысып отырғаным­да бір қылмыстық іс материа­лының ішінен НКВД басқар­м­асының бастығына жазыл­ған, авторының аты-жөні көр­­сетілмеген бір жапырақ қағазды оқыдым. Онда: «Сен, сенің жендеттерің, кінәсіз адам­дардың қанын жүктеуді қа­шан тоқ­татасыңдар, сен­дер­ден де сұрау болатынына сенемін», – деген ызалы жа­найқай жазылыпты...

Alashainasy.kz

0 пікір