Жұма, 29 Наурыз 2024
Үміт пен күдік 11098 0 пікір 29 Қыркүйек, 2015 сағат 07:59

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ: БҰҰ-ҒА ЖАЗЫЛҒАН ХАТ

Бүгінгі басты тақырып: БҰҰ-ның 70-ші ассамблеясы. Әрине, баршамыздың бағып-қаққанымыз - болашағымыз, бағыт-бағдарымыз.

Есіме, тағы да сол Алаң - 1986 жылғы "Желтоқсанның" түсіп отырғаны. 
Қолымда "Лениндік Ұлт саясаты жасасын!", "Қаз ССР Конституция қағидалары сақталуы тиіс !", - деген екі лозунгтен басқа, сол кездегі БҰҰ-ның Бас хатшысы - Хавьер Перес де Куэльярға арнап жазылған хатым бар еді. 
19 күні екі лозунгты жаздыртып, Алаңға бара жатқан жерімізден ұсталып, содан, көпке созбай-ақ 22 күні жауып та тастаған болатын. Сол екі лозунг, 7-8 қаңтар 1987 жылғы ҚазССР Жоғарғы Сотының Үкіміне әкеліп соқтырып, 7 жылды арқалап кете барған да едім. 
Иә, хат демекші, сол хатты, істің насырға шауып бара жатқанын байқасымен, курстас досым - Қайрат Сариевке табыстап кеткен едім. Босап шығып ауылда бір-екі ай өз өзіме келгеннен кейін, "Алматым қайдасың?" деп бірден ҚазМУ-дың 4-ші жатақханасына тарттым. Жігіттер мен қыздар уылдап-шуылдап қарсы алды. Қайраттың бөлмесінде кішігірім той да жасап жіберген едік. Шолпан есімді курстас қызымызбен жануя да құрыпты, тұңғыштары да дүниеге келген. 
Әңгіме дүкен бітер емес, бірі кіріп, бірі шығып жатқан студенттік өмір. Үшінші күн дегенде екеуара әңгімеміз сол хатқа келіп тірелді. 
Ол да студенттік жатақханадағы жастығы мен тысының ортасына жасырып екі жылдай сақтаған-ақ екен. Өкініші мен қысылғандығын білдіре отырып жеткізгені, байқамай, жастықтың тысымен бірге суға салып, жуып жібергені. Кеш байқапты.
Жастық жалын мен достық сезімнің күштілігі, әлде, болашаққа деген сезімнің мықтылығынан болар , "БҰҰ-ның Бас хатшысына жолданар - тарихи жәдігердің жолы болсын! Онымен ұсталғанымда, сенімен осындай дастархан басында отырмаста ма едім?... Жолы болсын!" деп қырлы стақанды қағыстыра, тартып кеп жіберген едік. 
Иә, жылдар жылжып, 26 жыл да өтіп кеткен екен. Досымның келместің кемесіне мініп кеткеніне де бірталай уақыт өтті.
Енді міне, бүгін болашағым мен келешегімді, дәл осы БҰҰ-ның 70-сессиясы шешіп беретіндей, мұхиттың арғы жағындағы "көкелердің көкігендеріне" қарап, көк жәшікке телміре қарап отырмын...

Құрманғасы Рахметов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594