Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 12697 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 09:41

БАЙТАЙЛАҚ БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында өз заманында Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған тағы бір тұлғаның есімі ұлықталып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында Қалба тауының етегінде Хан Абылайдың даңқты қолбасшыларының бірі, 12 рулы Керейдің шеруші руының ұраны болған Байтайлақ Бәйімбетұлының кесенесі ашылып, баба рухына тағзым етіліп, ас берілді. Батырдың рухына құран-хатым түсіріліп, бата қылу жоралғысымен басталған бұл шараға Қытай және Моңғолиядан арнайы делегация келіп қатысы.

Жергілікті халық арасында «Байтайлақ қорымы» деп аталатын төбе басында ұйымдастырылып жатқан аталмыш шараға Жарма ауданының әкімінің міндетін атқарушы Айдар Маратұлы, ақын-жазушы, Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі Шынай Рахметұлы, Байтайлақ батырдың тікелей ұрпағы ҚХР  Алтай қазақ аймағының бұрынғы әкімі, тарихшы Қадыс Жәнәбілұлы, Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей қазақ аймағының әкімі Дәрмен Құзкейұлы және белгілі ақын, қоғам қайраткері, «Көк тудың желбірегені» патриоттық әнінің сөзін жазған Алмасбек Ахметбекұлы секілді қонақтар қатысып өз қуаныштарымен бөлісті. 

Айтпақшы Байтайлақ батырдың кесенесі белгілі кәсіпкер Ділдәхан Дәлелұлы есімді азаматтың өз қаражатымен салыныпты. «Мені бұл қадамға күллі Алаш баласы болып тойлап жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының асқақ рухы алып келді. Әрбір ер азамат өзінің жайын ойлап қана қоймай ұлағатты істерге де күш салу керек. Ұрпаққа үлгі болатын іс қалдыруға тырысу керек. Осындай оймен «Ақтабан шұбырынды» заманында хан Абылай басшылығындағы қазақ батырларының бірі және ер Жәнібектің ақылшысы, сенімді серігі болған Байтайлақ батырдың есімін қайта жаңғырту мақсатын көздеп жұмыс бастап кеттік. Сәтін салып айналасы екі айдың ішінде тамаша кесене салынды. Бүгін міне, сол кесененің ашылу салтанатын жүргізіп, бабамыздың рухына арнап ас беріп жатырмыз», – дейді Ділдәхан Дәлелұлы. Мамандар сапасына 156 жылға кепілдік беріліп отырған кесененің өзіндік символикалық ерекшеліктері бар екен. Ділдәхан мырзаның айтуынша, кесененің жалпы биіктігі 17 метр 3 сантиметр. Бұл Байтайлақ батырдың 1703 жылы туғанын білдіреді. «Ұшар басында мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жарты ай орнатылған. Ай астындағы домалақ шар қиын-қыстау заманда жұдырықтай жұмыла білген қазақтың бірлігін білдіреді. Германиядан арнайы әкелген көк шынылы әйнек үш қырлы безендіріліп, қазақтың үш жүзін көрсетіп тұр. Оның астында аспанмен тілдескен қазақтың қара шаңырағы тұр. Кесененің ішіндегі бұл шаңырақ қазақ өмірінің көрінісі. Шаңырақтан 13 уық тарайды. Бұл 12 абақ керей мен ашамайлы керейдің саны. Кесененің өзі жеті тіреуден тұрады. Бұл 12 рулы керей елінің шеруші руының 7 ұрпағын білдіреді. Әрбір тіреу алты қырдан тұрады. Бұл Алты алаш деген ұғымды білдіреді», – дейді Ділдәхан Дәлелұлы.

«Жергілікті жұрт арасында «Байтайлақ қорымы» аталып кеткен бұл төбеде Байтайлақ бабамызбен қатар атақты батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының зираты жатыр. Сонымен қатар көптеген ғалымдар осы жерде Абылайдың тұсында ту ұстап қазақ жерінің тұтастығы үшін жанын пида еткен тағы отызға жуық батыр-қолбасшыларының денесі жатқанын айтып отыр. Бұл батырлардың есімдері анықталып дәріптелуі тиіс. Бұл жұмыстар әрине, басталып та кетті. Өткен жылы ғана Ер Жәнібек Бердәулетұлының ескерткіші тұрғызылып, батырдың 300 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілген болатын. Биыл міне тағы бір қуанышқа – Байтайлақ Бәйімбетұлының кесенесінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Батыр бабамыз Байтайлақ қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт азаттық күресте ерекше ерлік көрсетіп, аты аңызға айналған есімі тұтас бір рулы елдің ұраны болған айтулы тұлға. Шеруші руы негізінен Қытай мен Моңғолия жерін мекендеп қалғандықтан Байтайлақ батыр туралы тарихи мәліметтер Қазақстанда көп таралмаған. Әдетте оның ерлігі Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай секілді батырлармен бірге аталады. Бабамыздың ерлігін ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ресми танып отыр», – дейді шараның ұйымдастырушысы Қытайда тұратын белгілі ғалым, қоғам қайраткері Қадыс Жанәбілұлы.

Кесененің ашылу салтанаты барысында белгілі зерттеуші ғалым, этнограф, т.ғ.д., профессор Ахмет Тоқтабай ғалым Байтайлақ батырдың Ресей Федерациясының Ор қаласында туғаны туралы тың дерек келтірді. «Ресей Федерациясының Ор қаласы кіндік қаны тамған жері – Ресей Федерациясының Ор қаласы. Осы қаланың маңындағы Керей жұрты деген жерде туған. Байтайлақ батыр алғашқы жорықтары осы Ор қаласына басталған. Жоңғарға қарсы атой салып, жеңістің туын тігіп, Керейдің елін Алтайға орналастыру бұл кемеңгер саясаткер Абылай ханның тікелей тапсырмасы болған. Бұрынғы ата-мекеніміз, түтінін түтетіп, даласын думанға бөлеткен ұлы бабаларымыздың қонысын қайтарып алу. Ер Жәнібек, Қодырақ, Байтайлақ бастағана батырлардың сіңірген еңбегі зор. Болашақта Батыр бабамыздың туған жері Ор қаласына бір белгі тас қою керек. Осы шаруаларды болашақта жүзеге асырамыз деп ойлаймыз», – деді А. Тоқтабай.

Бірнеше күнге жалғасқан Астана және Алматы қаласында жалғасын тауып жатыр. Елордамыз Астана қаласында «Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ақтабан шұбырынды» заманында Абылай хан басшылығындағы қазақ батырларының бірі және Ер Жәнібек батырдың ақылшысы, сенімді серігі болған Байтайлақ батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Тұрсынхан Зәкенұлы, Бүркіт Аяған, Мырзатай Жолдасбеков және Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл секілді ғалымдар, әдебиетшілер мен тарихшылар қатысқан жиында батыр бейнесі жан-жақты сөз болып, тың деректер айтылды. Үш күнге созылған шара Астанадағы Жастар сарайында өткен Байтайлақ батырдың рухына арналған үлкен концертпен қорытындыланды. Концертте шетелден келген қазақ өнерпаздар өнер көрсетті.

Тарихи деректерге жүгінсек, Байтайлақ Бәйімбетұлы 1703-1781 жылдары аралығында өмір сүрген. Небары 13 жасынан бастап жорықтарға қатысқан Байтайлақ қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы керейдің тұтас бiр Шеруші (негізінен қытай мен Моңғолияда тұрады. Ұраны – «Байтайлақ») елінің ұранына айналған айтулы тұлға. Оның есiмi өз заманында Қабанбай, Бөгенбай, ер Жәнiбек, Наурызбай сияқты батырлармен қатар аталып, атақты Хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған батырдың бірі болған.

Он екі рулы Абақ керейдің Шеруші руының қолбасшы батыры, ел билігін ұстаған көсемі бола білген батыр 1723 жылдан 1756 жылдары арылығында төрт мәрте айналып соғып қазақтың үштен бірін бостырып жіберген «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» деген атаумен тарихта қалған қалмақ қырғынына қарсы болған шайқастың барлығына қатысады. Осы жолда жүріп бүтіндей бір рулы елдің рухани жебеушісі, Абылайдың майдан даласындағы сенімді сарбазы,  артынан қол ерте білген қолбасшысы деңгейіне дейін көтеріледі.

Ел ауызындағы аңыздарға қарағанда ол атақты батыр атасы Құтымбеттің жолын қуып 13 жасынан бастап ту ұстап әкесі Бәйімбетпен бірге жорықтарға қатыса бастайды. Алғаш рет 1723 жылғы (Ақтабан шұбырынды) шығыстан лап қойған Жоңғар шапқыншыларының бетін қайтару кезіндегі шайқаста ерен ерлігімен көзге түседі. Сондай-ақ 1728-1730 жылдары аралығындағы Аңырақай шайқасы (Қалмақ қырылған), Бұланты, Шідерті, Текелідегі, 1740-1750 жылдарын қамтыған Аягөз, Ақшәулі, Алатау шайқастарында Шеруші руының атынан қол бастап, ерлік көрсеткені туралы естеліктер  аз емес. Шешуші шайқастар алдындағы жекпе-жектердің барлығында да мерейі үстем болып оралып отырған. Аягөз шайқасында Шақабай, Жабай, Жобалай сынды қол бастап шыққан батырлар оққа ұшса да қазақтың туын құлатпай жаяу жүріп соғысады. Сол жолы жаудың елге танымал 3 батырының басын қанжығасына байлап, тұтқынға түсірмек болған жаудың 11 бірдей сарбазын жайратып салғаны туралы аңыз бар. 

Байтайлақ батырдың аты ел аузында сақталған жырларда да айтылады:

Батыр баба – Байтайлақ,

Қатулана айқайлап,

Атой сала шапқанда,

Жауы қашар сай-сайлап...

немесе

 «...Байтайлақтың мінгені

Бәйге басы қаракөк.

Тұяғымен тұлпардың

 Тас шашырап, жанады от.

Жәнекеңнің барады

Жау жағына қалқан боп,

Жел жағына пана боп...» деп келетін тіркестер осыған куә болса керек.

Кейбір деректерде Байтайлақтың сондай-ақ, хан ордасындағы елдің саяси бағыт бағдарын, соғыстың стратегиясы мен тактикасын талқылау, жүз, ру аралық мәселелерге де  араласып,  қытай-орыс елі арасындағы дипломатиялық істерге де қатынасып мәмiлегерлiк қызмет атқарғаны туралы айтылады. Енді осы батыр Байтайлақтың өмірі мен азаматтық, мәмілегерлік-қолбасшылық қырына қатысты зертте жұмыстарына қысқаша  тоқталсақ. Батыр бабамыздың өмірін алғашқылардың бірі болып зерттеуді қолға алушылардың бірі белгілі ақын, тарихшы Асқар Татанайұлы бабамызды «Ол кезде Ер Жәнібектің сенімді серігі Жәдік-Жантай мен Шеруші-Байтайлақ батыр екен. Бұл батырлардың Жәдік пен Шеруші руының ұраны болып кетуі де ел басын біріктіріп, жағаласып жау алғандығынан. Тарихта орны бар батырлар» дейді. Байтайлақ батыр ел аралық қарым қатнасқа да араласып, Жоңғар мен Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық келісім, кездесулерге де мұрындық болған.  Сонымен қатар ол Ер Жәнібектің ең сенімді серігі, ақылшы ағаларының бірі болған» деп суреттейді («Жәнібек батыр және Абақ елі» атты мақаласы).

Сәл кейінірек шыққан Байтайлақ батырдың өмiр жолы, ерлiк iстерi туралы егжей-тегжейлi баяндалған «Тарихи дерек, келелi кеңес» атты кiтабында Пекин қаласындағы № 1 мұрағатынан табылған деректерге сүйене отырып, «Абылайдың орда маңында Керейден Жәнібек бастаған, Байтайлақ, Шақабай, Жантай сынды 30 адам болды» деген қорытынды жасайды. Сондай-ақ бұл еңбекте Байтайлақтың Қытайдан бой тасалап жүрген жоңғар билеушісі Әмірсанаға қорған болып, Абылайдың Әмiрсананы жауға бермей, сол ұстанымы арқылы Қазақияның мемлекет екенiн Қытайға таныта бiлген үлкен саясатына қолдау білдіргені туралы құнды деректер бар. Ел ауызындағы Байтайлақтың Әмiрсанамен өте жақсы қарым-қатынаста болғанын, ата жауы болса жоңғарлар да батыр бабмызды «Айтқанында тұратын, Алысқанын жығатын, Досына да, жауына да ерлігі танылған ер азамат» деп мойындайды екен аңыз осыдан қалса керек.

Байтайлақ Бәйімбетұлының өзі ғана емес үлкен ұлы Шұбаш батыр да мәмілегерлік қызмет атқарған адам. 1790 жылы Көгедай төремен бірге Пекинге сапарында Шұбаш батыр да делегация құрамында болғанын көремiз. Бұл сапарда екі ел арасындағы елшілік қызметі үшін Көгедай гүң атағын алса, Байтайлақтың ұлы Шұбаш батыр амбы дәрежесiн алып қайтады.

Сонымен қатар, Қытайда тұратын қандасымыз мемлекет қайраткері, шежіреші Қадыс Жәнәбілұлы, Талғатбек Кәбиұлы, белгілі жиһангер Мұхаммед Құсман Зарқұмарұлы, қазақстандық этнограф, тарихшы доктор Ахмет Тоқтабай секілді зерттеушілер батыр бабамыздың күрескерлік жолында жан-жақты еңбектеніп келеді. Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романдарында батырдың көркем бейнесі қысқаша сипатталады.

Осыдан біраз уақыт бұрын Монғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Шынай Рахметұлы Шеруші жұртының ұраны болған батырға тиесілі жәдігерлер табылғанын сүйіншілегені бар. Батырдың бір мезетте 12 адамға ас әзірлейтін қазаны мен темір ошағы табылып отыр. Бұл жәдігерлер  Шынжанда тұратын  Байтайлақтың ұрпағы Зарқұмар Әбуғали ұлының қолында сақталыпты. Сонымен қатар, Шынай Рахметұлы «Байтайлақ батырдың туын көрдім.  «Сар жарғақтан жасап, шетін айналдыра кестелеп, құран аяттарын жазған батырдың туы ШҰАР-ны, Алтай аймағының азаматы Жәнәбілдің үйінде екенін көзіммен көргенмін. Шашағы тозып, көп жерін оқ тесіпті...»  деген бір әженің естелігін келтіретіні бар. Бұл туды кезінде Гоминдан армиясымен болған соғыстың бірінде қазақтар көтеріп шығайық деген ұсыныс айтылған екен.  Жоғалтып аламыз ба деген қауіппен ұрпақтары беруден бас тартқан.  Алайда бұл ту сол күйі жоғалып кетті. Әзір табылған жоқ. дегендерге бермепті. Ал Батырдың шоқпары оның қабірінің басына шаншылған деген деректер айтылады халық арасында.

Ел басына алмағайып заман туып қара да ханда әуре-сарсаң күйге түскен уақытта  қаһармандықтың үлгісін танытқан Байтайлақ батырдың өмір сүрген уақыты мен жерленген жеріне қатысты зерттеушілер нақты бір тоқтамға келе қойған жоқ. Р.Шынай 1691 жылы туып, 1780 жылы Ер Жәнібектен сәл бұрынырақ қайтыс болған десе Ал, Құсман Зарқұмарұлы1700-1780 жылдары , Әділ Семейханұлы атты зерттеуші 1703-1781 жылдары аралығында өмір сүрген деп жорамал жасап отыр. Бірақ зерттеушілердің басым бөлігі оның 1703 жылы дүниеге келгенін айтады.

Кейбір зерттеушілер Байтайлақ Бәйімбетұлының зираты бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданындаға «Байтайлақ қорымы» деп аталған төбеде жатыр десе кейбірі қазіргі Солтүстік Қазақстан обылысы Ақжар ауданының Талшық қалашығы мен Жаңа-ауыл ауылының арасындағы «Батыр төбе» деген қорымда жатыр деген дерек келтіреді. Бұл әрине, зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта жеке зерттеу материал жасайтын боламыз.

Бұл жерде әрине, «Қазақстанда Байтайлақ туралы аңыздар неге сақталмады деген сұрақ туындауы да мүмкін. Зерттеушілер мұның сырын Абақ керейдiң Шерушi руының негiзiнен Қытай мен Моңғолия елдерiн мекендеп тұрып қалуынан іздейді. Сонымен қатар Қызыл империяның кейінгі саясатын қоспағанда, 1929-1931 жылғы ашаршылықта халықтың жаппай қырылып, тарихи санасынан айырылып қалуы да себеп болуы әбден мүмкін.  Өз кіндігінен тараған ұрпақтары Қытай және Моңғолияда тұрып жатыр. Батырдың есімі ата жұртында сақтала қоймаса да шеттегі қазақтар арасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Оған қатысты аңыз әңгімелер мен жырлар да ұмытыла қойған жоқ  ғасырлар бойы ел жадында сақталып, ерлік өнегесі, ұлағатты сөздері, көне мұралары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Abai.kz

 

0 пікір