Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 10429 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 20:06

"АЙГӨЛЕК" ПЕН "АЙБӨБЕК" БАЛАБАҚШАСЫ АШЫЛДЫ

Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені балақайлар – болаша­ғымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең, - деп жазады Алматы облыстық "Жетісу" газеті.

Міне, сондай балғындар шат­тыққа бөленген бейсенбі кү­ні Талдықорған қаласында қос бірдей «Айгөлек» және «Ай­бөбек» балабақшасы жет­кін­­шектер үшін есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына об­лыс әкімі Амандық Баталов, «Нұр Отан» пар­тия­сы облыс­тық филиалы төрағасының орын­басары Серік Мұқанов, мәс­лихат хатшысы Ермек Келем­сейіт, білім басқарма­сының басшысы Ләззат Базар­құлова, Талдықорған қала­сының әкімі Ермек Алпысов, қалалық білім бөлімінің бас­шысы Болат Тұрысбеков қаты­сып, бөбек­тердің ортасынын табылды.

Алғашқы кезекте №15 «Ай­гөлек» балабақшасында болған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы балабақша ұжымы мен ата-аналарды құттықтады.

– Елбасының қолдауы мен бүгін­де елімізде жемісті жұ­мыс істеп жатқан «Балапан» бағдар­ламасы аясында бүлдір­шіндерімізді балабақшамен қамтуға мүмкіндік алып отыр­мыз. Осы жылы алды­мызға үлкен мақсат қойып, жеткін­шектерді балабақшамен қамту деңгейін жыл соңына дейін 77 пайызға жеткізсек деген ойы­мыз бар. Өткен жылды 64 пайызбен тамамдадық, қазіргі таңда 6 жасқа дейінгі бүлдір­шіндерді бақшамен қамту деңгейі 72 пайызды құрап отыр. Биылдың өзінде 98 мек­тепке дейінгі білім беру меке­месін ашуды жоспарласақ, оның 68-і жекеменшік үлгідегі балабақша. Бүгінгі таңда облы­сымызда 769 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді.

Жаңадан бой көтерген «Айгөлек» балабақшасының ашылуымен баршаңызды құт­тық­таймын. Аспанымыз ашық, еліміз аман, балаларымыз бақытты болсын! – деді.

Ата-аналар атынан Ырыс­ты Мустафина сөз алып, сол­түстік-батыс шағын ауда­ны­ның балалары үшін еңселі бала­бақша салуға мүмкіндік жасаған ел ағаларына алғысын жеткізді.

Бұдан соң облыс әкімі Амандық Баталов пен ақса­қал­дар алқасының мүшесі Мереке Серғазин балабақша лентасын қиды.

Жиналған көпшілік бала­бақ­ша ішін аралап көрді. Құры­лыс жұмысын «СурМак» ЖШС жүргізген 280 орынды екі қабат­ты ғимарат барлық талапқа сай жабдықталып, жасалған. Тіпті кіреберіс дәліз­ге көлік тұрағы орнатылып, онда балалар ойнай­тын машина, велосипедтер қойыл­ған. Жеткін­шектерді жол ере­жесін үйретуге баулитын бағдаршамдар да әр тұстан мен­мұндалайды.

Баспалдақпен көтерілер тұс­тағы қабырғаға да әсем табиғат көрінісін бейнелейтін сурет салынған. Топ бөлмелері де сән­ді жабдықталған. Балалардың қолеңбегін қояр кішігірім қабыр­ғалар да қарастырылған.

Облыс әкімі Амандық Бата­лов балабақшаны аралап көріп, ән-күй залында бала­лар­дың өнерін, дене шынықтыру бөлме­сінде спорттық ойындарды тамашалап, балабақша бүлдір­шіндеріне жұмсақ ойыншық- т­арды тарту етті.

Бұдан соң облыс әкімі «Шығыс» шағын ауданындағы №14 «Айбөбек» бала­бақша­сының ашылу салтана­тына қа­ты­сып, тұрғындарды қуаны­шымен құттықтады. Об­лыс бас­шысы мен ақсақалдар алқасы­ның мүшесі Амантай Бөстекбаев балабақша лентасын қиды. «Балапан», «Жұлдыз», «Гүлдер» тобында ашық сабақ­тарды кө­ріп, музыка залын­да бүлдіршін­дердің дайындаған концерттік бағдарламасын, спортзалда бала­лардың таэк­вандо ойын­дарын тамашалады. Бүлдір­шіндерге сыйлығын тарту етті.

Балалар үшін барлық жағдай жасалып, жатын, ойын бөлме­лері қарастырылған 320 орынды ба­лабақша құрылысын «Гакку-Құ­рылыс» ЖШС жүр­гіз­ген. Ба­ла­бақша ғимараты да алыс­тан менмұндалап, шағын ауданның сәнін ашып тұр. Ең бастысы, балабақшаға зәру болып отыр­ған ата-аналардың сұранысы өтелді.

Қуанышты бөлісуге келген ша­ғын аудан тұрғыны, көп­балалы ана Тұрар Бостанова:

– Бүгін шағын аудан тұр­ғындары үшін үлкен қуаныш. Мем­лекет, облыс басшыла­ры­ның ана мен баланың жағдайын ойлап, осындай әсем балабақша салып беріп жатқанына мың да бір рахмет. Осында балалардың күміс күлкісі ғана естіліп, болаша­ғына нұрлы баспалдақ қалана берсін, – деген тілегін жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Abai.kz

0 пікір