Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2790 0 пікір 2 Маусым, 2010 сағат 02:17

Саудаға салынған ғылымнан сауап бола ма?

"Докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар жазып беремін. Сапалы жазылуына, келісім-шарт бойынша барлық талаптарға сай жасалуына заңдық кепілдік беріледі". Осындай хабарландыруларды Астананың талай аялдамаларынан кездестіруге болады. Алғаш көргенде көзіміз шарасынан шыға жаздап таңданғанбыз. Кейін көз үйренді ме, етіміз өлді ме, оған тіпті мән бермейтін болыппыз. Негізі бұған немқұрайды қарамауымыз керек еді. Ғылымды саудаға салуға қалай төзуге болады?!

Құзырлы министрліктің ресми мәліметіне жүгінсек, тәуел­сіздік жылдарында ғылыми дәрежесі бар 17 000 оқымыстыға "инемен құдық қаздырып", арнайы диплом ұсынған екенбіз. Сан жағынан біршама. Алайда, соңғы бір жылдың дерегіне қарағанда, ғылыми кеңестерде қорғалған 2 666 диссертацияның 199-ы жарамсыз деп танылыпты. Осыны ой сарабына салған шығар, осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі ғы­лымдағы келеңсіздіктерді жою мақсатымен, "Антиплагиат" атты майдан ашып біраз шулатып еді. Кейін әдеттегі көп науқанның біріне айналды да, аяғы сиырқұмышықтанып кетті. Қазір тіпті үнсіз қалуы - жаңа заңның жобасы Парламентке түскендіктен соны күтуге бел байлағандықтан шығар. Жалпы біз салдармен күресуге бейім тұрамыз. Негізі  себептің қыр-сырына бір сәт неге үңіліп көрмеске.

"Докторлық, кандидаттық, магистрлік диссертациялар жазып беремін. Сапалы жазылуына, келісім-шарт бойынша барлық талаптарға сай жасалуына заңдық кепілдік беріледі". Осындай хабарландыруларды Астананың талай аялдамаларынан кездестіруге болады. Алғаш көргенде көзіміз шарасынан шыға жаздап таңданғанбыз. Кейін көз үйренді ме, етіміз өлді ме, оған тіпті мән бермейтін болыппыз. Негізі бұған немқұрайды қарамауымыз керек еді. Ғылымды саудаға салуға қалай төзуге болады?!

Құзырлы министрліктің ресми мәліметіне жүгінсек, тәуел­сіздік жылдарында ғылыми дәрежесі бар 17 000 оқымыстыға "инемен құдық қаздырып", арнайы диплом ұсынған екенбіз. Сан жағынан біршама. Алайда, соңғы бір жылдың дерегіне қарағанда, ғылыми кеңестерде қорғалған 2 666 диссертацияның 199-ы жарамсыз деп танылыпты. Осыны ой сарабына салған шығар, осыдан бірер жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі ғы­лымдағы келеңсіздіктерді жою мақсатымен, "Антиплагиат" атты майдан ашып біраз шулатып еді. Кейін әдеттегі көп науқанның біріне айналды да, аяғы сиырқұмышықтанып кетті. Қазір тіпті үнсіз қалуы - жаңа заңның жобасы Парламентке түскендіктен соны күтуге бел байлағандықтан шығар. Жалпы біз салдармен күресуге бейім тұрамыз. Негізі  себептің қыр-сырына бір сәт неге үңіліп көрмеске.

Бүгінгі таңда ғылым өз тарихында болмаған ірі жетістікке жеткендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұдан да биік шың­дарды бағындыратыны тағы шүбәсіз шындық. Алайда, ғылымда шешілмеген жұмбақ сырлар мен жан жетпеген биік асулар әлі де шаш-етектен. Осының өзі кейде ғылымды қолжаулық етуге себеп болатын жайы бар. Түсіндіруге мүлде келмейтін жайлар ғылымда баршылық. Себебі, ол обьективті нысанды ғана жан-жақты зерт­темек. Айталық, мораль, этика немесе адамның тууы мен өлуін процесс ретінде қарастырғаны болмаса оның түпкілікті сипаты жайында айтуы мүмкін емес. Мәселенің бұл жағын қарастыру философияның, діннің, өнердің, әдебиеттің еншісінде. Осы бір күрделі де қызықты шектеудің өзі ғылымды қолжаулық етушілерге "әдемі" сылтау болып отыр.

Ғылыми зерттеудің өзіндік негізгі тәсілдері бар, топтастыру, тоқайластыру, болжау, есептеу, эксперимент, модель жасау, қисындамалық тұжырым, т.с.с. Бірақ, оған тағы нақты шек қоя алмайсың, мысалы, мына жерден ана тұсқа дейін ғылым, қалғаны ғылым емес дегендей. Сөйте тұра екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Түрлері көп, зерттеу тәсілдері сан қилы, нақты бел­гіленген шекара мен шектеудің жоқтығы жалған ғалым­сымақ­тар­дың, пысықайлардың ғылымды қолжаулық етулеріне есік ашып береді.

Елімізге қазіргі заман ғылымы ХХ ғасырда енген сәтте мар­ксис­тік  идеология қосарланып бірге, біте қайнады. Марксизм ғылым­ды, соның ішінде гуманитарлық саланы "ашса алақанында, жұмса жұдырығында" ұстады. Тіпті генетика, кибернетика секілді іргелі ғылымдардың өзін идео­логияландырып, дегеніне көнбесе жоққа шығарып, тіпті одан зорына да барды. Осылайша, марксизм өзін күні кешеге дейін ғылымның кешені санады. Карл Поппердің өлшемі бойынша ғылым сынақтан өтіп, мойын­далады немесе жоққа шығары­лады, қалыптасқан жағ­дайға сәйкестірілмейді, механи­калық тәсілмен жөнделмейді, т.с.с.

Марксизм сол тұста билеуші топтың қолшоқпары болып  табылғандықтан ғылымды өз мақсатына жаратып келгені бүгінде тарихқа айналып барады. Ең алдымен тарих, философия, социология, экономика, әдебиет­тану ғылымы толықтай, педаго­гика, тіл білімі, психология жар­тылай идеологияның құрсауында тұншығуы кезінде аталмыш салалардың ғылыми мәнін жойып, шындықтың ауылынан тым алыстатып жіберген болатын. Зерттеу нысанның мазмұны, әдістемесі, тұжырымы алдын ала пайда болып қояды, зерттеушілер жоғарыдан белгілеп берген даяр жауапты ғана ешбір мән-мағынасыз процеске сәйкестіріп түсіндіреді. Осы себептен де аталмыш салалардың шынайы ғылыми мазмұны кеңестік дәуір тұсында біршама бұрмаланды деуге бо­лады. Бүгінге дейін экономистер елдің экономикалық өмірінде көрініс тауып жатқан пробле­маларды зерттеп, себеп-салдарын ашудың орнына оның алдына кесе-көлденең тұрып алып, ненің қалай болуы жайында құрғақ уағыз айтып келді. Тілтанушылар адамдардың өзара тілдік қарым-қатынасы қалай дамып отыр­ғанын зерттеуді ысырып қойып, не істеу керектігін алдын ала ескертіп сәуегейсіді. Тарихшы­лардың жайы белгілі, жоғарыдан нұсқап берілген даяр рецептіні көне заманда ұмыт болған үр­діске сәй­­­кестіріп тықпалаумен титық­тады.

Марксизм күйреген соң да шекеміздің қызғаны шамалы. Гуманитарлық ғылым саласында неше түрлі күлкілі жайттар орын алды. Ғалымдардың бұрын ұстанып келген қағидасынан шұғыл түрде айнығандығына немесе мүлде оған қайшы әрекетке барғандығына заман солай болды деп түсініс­тікпен қарауға болар еді. Ең сорақысы, ғылыми ізденушінің ашқан жаңалығынан гөрі оның жеке басының қасиеті, қарым-қатынасы, қаншалықты "жөн-жосықты" білетіндігі алдыңғы орынға шыға жаздағаны. Жазған диссертация мен ашқан жаңалығы кейбір ғылыми кеңестерді аса қызықтырмайтын да сияқты. Есесіне дисскеңестің төрағасы мен ғалым хатшысына сенің жомарттығың қаншалықты көрініс табады. Бәрі соған келіп тірелетін халге жеткен. Төл мамандығың мал дәрігері ме, зоотехник пе, агроном ба бәрібір. Төраға қаласа болды, әдебиеттен, саясаттанудан докторлық қорғай бересің. Ең бастысы, ақша аяма, ғылым жолында шаш, алса қолына бер, алмаса жолына таста! Бұл жерде сенің университет дәріс­ханасында әдебиет немесе саясаттану пәнінен сабақ беріп көрмегенінен, базалық білімінің гуманитарлық салаға жанаспайтындығынан гөрі жөн білетіндігің алдыңғы орынға шығады. Мейлі делік. Адам баласында ғылымнан тыс қа­жеттілік болатын да шығар. Сол қажеттілік идеологияның шыр­мауынан босаған соң бетімен кетіп, ақиқат пен жалған мидай араласып жүре бере ме? Жазған диссертациясын өзге тұрмақ өзі де түсінбейтіндерге ғылым докторының дипломын бергеннен ол ақылды бола қала ма?!

Ғылымның да өзіндік тарихы мен хикаясы бар. Тірідей өртелген Бруно, азапталған Галилей, ақы­рында жындыханадан бір-ақ шыққан Лобачевскийді мысалға ала отырып, кейбір ғалымдар бізге түсініксіз, өзіне ғана мәлім сыр­ларын ақтап алғылары келеді. Ұлы ғалымдарды айналасының дер ке­зінде түсінбеуі, надандықтың сал­дарынан оларға өз орталарынан орын бермеуі - өткен тарихтың еншісіндегі дүние әрі сонысымен де ол бүгінде аңызға айналып отыр. Ал қазіргі ақпараттың тасқыны дәуірлеп тұрған электрондық ғасырда адам түсінбейтін әңгіме айту данышпандықтың белгісі болмаса керек. Гогольдың "Реви­зорында" айтқандай, "Ескендір Зұлқарнайдың ержүрек қолбасшы болғаны шындық. Бірақ, сол үшін орындық сындырудың не қажеті бар?".

Біз қаласақ та, қаламасақ та баршаға мойындалған бүкіл әлемнің өз еңбек бөлісі бар. Айталық, іргелі зерттеулер өте көп ақша, қаражат, технология, техника, тәжірибе мен машықтануды, біліктілікті, күш - жігерді, еңбекті талап етеді. Сөйте тұра экономикалық тиімділігі мен пайдасын тым кеш береді. Осыған байланысты іргелі ғылымға ақша бөлмей, пайданың соңына түсіп отыр деп жоғары дамыған өрке­ниетті елдер Жапонияны жатып келіп сөгетіндері бар. Жалпы, көп­теген елдердің тұтыну бағытындағы ғылымдарға ерекше назар аудара­тындығы кездейсоқтық емес. Компьютерлендіру саласына біз аса көп қаржы шашпасақ та, оны қолдан жасаймыз деп тер төкпесек те мықты тұтынушының деңгейіне жетіп алдық. Экономикада дивер­генция деген ұғым барын білеміз. Сол тұрғыдан келгенде, жаңадан пайда болып жатқан техноло­гиялардың стандарттарын түсі­нетін, оған тез ауыса алатын, пайдалы тұстарын өзіндік етіп бейімдеп ала қоятын қасиет өте қажет. Қазіргі таңда әлемде биотехнология өндірісінің 80 пайызы АҚШ-қа, 10 пайызы Жа­понияға, тағы он пайызы Еуропа елдеріне тиесілі көрінеді. Олай болса, ғылымдағы озық жетістік­тердің бәрі дерлік алдымен жоғары дамыған елдерге тиесілі екендігі, ал, қалғанымызға мықты тұтынушы, елгезек пайда­ланушы болу пешенемізге жазыл­ғанын өкініш­пен мойындамасқа лажымыз жоқ.

Ғылымдағы мешеулікті маман­дар көбінесе техника, техноло­гияның жеткіліксіздігімен түсін­діріп жатады. Шын мәнінде, мүлде олай емес. Мысалы, хай-тек деген озық техника-технологияның бол­ғаны жақсы. Ал, онымен жұмыс істейтін өте мықты даярланған маман болмаса ше? Онда жаңағы қымбат машинаңыз түкке керексіз қоқысқа айналып шыға келеді. Науқасқа ауруының себеп-салдарын ашып, диагнозын дәл қойып беретін аппаратты толық меңгерген, оның тілін жетік білетін маман болғанда ғана ол пайдалы. Маман шала сауатты немесе біліксіз болса сау адамды науқасқа айналдырып жібермесіне кім кепіл. Сондықтан, мешеулік техникада немесе технологияда емес, адамда болып тұр. Ғылымды бүлдіретін де, оның беделін түсіретін де сол баяғы жазған диссертациясын өзі де түсінбейтін әуес­қойлар болып отыр. Қазіргі таңда ғылымның саласы сан қилы әрі мыңдап саналатын жағдайға жетті. Сондықтан белгілі бір жаңалық ашудың өзі жүздеген ғалымд­ар­дың ынтымақтасуымен, ұжым­дасуымен өмірге келетін ахуал қалыптасты. Олай болса, ендігі жерде Архимедке ұқсап суға шомылып жатып аяқ астынан "Эврика!" деп айғайды салып жүгіруге себеп табыла қоймайды. Ломоносов секілді басты он ғылымның саласы бойынша шұғылданып, бірнеше жаңалық ашатын әмбебаптыққа да мүм­кіндік жоқ. Қысқасы, әуесқой ғалымдар үшін кіріп кетуге ыңғайлы иненің көзіндей тесік қалмады. Қазіргі ғылым қыруар ақша, қаражат, технологиялық прогресті, күрделі әдістемені, жоғары біліктілікті талап ете­тіндігімен ерекшеленеді.

Физика, математика немесе химия саласына қойып кетуге әуесқойлардың жүректері дауалай қоймайды. Сондықтан, гумани­тарлық саланы қолайлы көретін секілді. Алайда, қоғамдық өмірдің күрделі тұстары, аса көп қырлары үнемі өзгеріс үстіндегі құбылыстар да оңайлықпен шағыла қоятын жаңғақ емес. Иә, гуманитарлық саланың өз зерттеу нысаны, пәні, әдістемесі, қисындамасы бар ғылым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Оның нақты ғылымнан да ауыр қиындықтары жетерлік. Алайда, әуесқойлар оны сезіне де, көре де алмайды. Олар тек ғылыми атақ алуды ғана мақсат тұтады. Сол мақсатқа жету үшін еш нәрседен тайынбайтыны тағы белгілі. Міне, ғылымды тұралатып бара жатқан да осы.

Бір қызығы, сол қаптаған ғылым кандидаттары мен док­торлары қажет жеріне жетпей қалатын тұстар бар. ЖОО-ға ғылыми дәрежесі бар­лардың бәрі келе бермейді. Олар­ға жайлы, жалақысы қомақты орынтақ керек. Осы арада Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ресми жиында лауазымды тұл­ғалар мен әкімдердің аяқ астынан ғылым докторлары мен кан­дидаттары болып шыға келе­тіндігіне қатты таңданғаны еріксіз еске түседі. Расында, мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін арқалап жүргендер қашан, қалай "инемен құдық қаза" қойды екен?! Ғылымды құтқару дегенмен өз басым толықтай келісемін. Әсіресе, ең алдымен ғылымды жоғары шенді шенеу­ніктерден, әкімдерден қорғаудың қажеттілігі Қазақстан үшін бүгінде аса маңызды болып тұрғандай сезіледі.

Менің осы салада тағы бір түсінбейтін нәрсем бар. Ғылыми ізденушілер өздері жазған мақа­лаларын министрлік бекіткен ғы­лыми журналдар мен хабаршы­ларға бастыру үшін ақша төлейді. Оның бағасы да әртүрлі. Бір журнал екі-үш мың сұраса, келесі бірі алты-жеті мың теңге әкел дейді. Оған ешкім ешқандай уәж айтпайды, төлей салады. Жарай­ды, төлейік. Бірақ, ол ақшаның қайда, не үшін жұмсалатыны түсініксіз. Ғылыми басылым­дар­дың барлығын Үкімет қаржы­ландырып отыр. Мен бірнеше шетелдік ғылыми журналдарда мақалаларымды жария­латқан­мын. Бірақ, олардың ешқайсысы ақша сұраған жоқ. Сонда қалай? Әлгі шенеуніктер ақша төлесе, мақа­лалары жарық көре береді, ал ақшасы аз біреудің ғы­лым­дағы жа­ңалығы қанша маңызды болға­нымен оған ғылыми жур­налдан орын тимейді. Осы арада біз ғылымды қайда апара жатырмыз деген сұрақ еріксіз туындайды.

Қоғамдық формация алма­сып, тәуелсіздік алғанымызға жиырмадай жылдың жүзі болды. Білім-ғылым саласы реформадан көз ашпады. Ба­тыстың үлгілерін қа­былдап көрдік, оны қазақылан­дырып құртып тындық. Сөйте тұра әмбебап адам даярлайтын мар­к­систік жүйеден арыла алмай-ақ қойдық. Жаңа қоғамда ескі тәсілмен жүре алмай жатырмыз. Диплом болса тамақ табылады деген ұғымнан құтылмаған қоғам енді жаппай ғалым (кандидат, доктор, PhD) болуға көшті. Ал, өнім жасайтын, қызмет көрсететін кәсіп иесін өзімізден таппай, шет елден әкелетін жағдайға жеттік. Ғылымды мазақ етуден қысылмау қоғамды жайлап барады. Осының бәріне болмаса да біршама бөлігіне білім беру жүйесі кінәлі. Ғалым­сымақтарды плагиатқа апаратын тетік ең алдымен арсыздық болса керек. Ал салалық министрліктің кезінде шулатып қолға "Антиплагиаты" көшірілген диссертацияны ұстап бергенімен, арсыз ғалымға, қалталы шенеу­нікке тосқауыл бола алмағандықтан бүгінде үні өшіп, басталған ісі аяқсыз қалды.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

халықаралық журналист.

 

0 пікір